«Тіл-Қазына» орталығында «Бекітілген терминдерге мониторинг» жобасының қорытынды онлайн семинары өтті

17.10.2025

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырып отырған «Бекітілген терминдерге мониторинг» жобасы аясында 2025 жылы 8019 терминге кешенді мониторинг жүргізілді.

Мониторинг барысында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 2020-2024 жылдары, жаратылыстану-техникалық бағыт бойынша 2017-2021 жылдары бекітілген терминдер сараланып, олардың бекітілген уақыты, қолданылу саласы, шығу тегі және құрылымдық ерекшеліктеріне талдау жасалды.

Аталған зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде 2025 жылғы 16 қазанда жоба бойынша қорытынды онлайн семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов ашып, мемлекеттік тілдің терминологиялық жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан ғылыми жобалардың маңызына тоқталды. Семинарға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай модератор болды.

Жоба жетекшісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек өз баяндамасында биылғы зерттеу жұмыстарының ерекшеліктерін атап өтті. Оның айтуынша, жаратылыстану-техникалық бағыттағы терминдерге мониторинг жүргізу кезінде ең өзекті мәселенің бірі терминдердің дефинициясын нақтылау және метабелгісін айқындау болған. Бұл бағытта сала мамандарының тәжірибесі мен кәсіби пікірі ескеріліп, бірқатар ғылыми қорытындылар жасалғанын және оның негізінде Скопус базасына енетін журналда мақала жарияланғанын жеткізді. (Мақаланың сілтемесі: https://ejal.info/menuscript/index.php/ejal/article/view/1124/428)

Сонымен қатар жобада жұмыс тобына жетекшілік еткен ф.ғ.к. Бауыржан Сейсенбекұлы Жөнкешов және жоба үйлестірушісі қызметін атқарған ф.ғ.к. Бақытгүл Дәуітбекқызы Ысқақ жобаны ұйымдастыру және әдістемелік тұрғыдан жүзеге асыру барысындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Семинар барысында «Тіл-Қазына» ҰҒПО атқарушы директоры Есбосын Лиза Қожаққызы, Терминология бөлімінің ғалымдары және т.б. қатысушылар мониторингтің ғылыми және практикалық маңызына тоқталып, жобаның келешекте жалғасын табуы төл тіліміздің терминология саласын біріздендіруге айтарлықтай үлес қосады деген қорытынды жасады.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру