«Қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдары» атты онлайн біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды

15.05.2026

«Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ Абай институтының ұйымдастыруымен 12-14 мамыр аралығында «Қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдары» атты онлайн біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды.

Жалпы курсқа елімізде және шетелде қазақ тілін насихаттап, тіл оқытып жүрген 100-ден астам маман тіркелді. Бұл шара Абай институтының шетелдегі сыныптарын жүргізетін әдіскерлерді тіл оқытудың жаңа мүмкіндіктерімен таныстыруға және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға бағытталған.

Іс-шараның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, сондай-ақ Орталықтың басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай қатысты.

Бағдарламаға сәйкес біліктілікті арттыру курсы үш күнге жоспарланып, әр күн мазмұндық тұрғыдан жүйеленген тақырыптық бағыттармен ерекшеленді. Курстың жұмысы барысында қатысушыларға пайдалы, жүйелі және тәжірибеге бағытталған материалдар ұсынылды.

Курстың бірінші күнінде Назарбаев университетінің оқытушысы, әдіскер Айдар Балабеков дәріс оқыды. Ол «Шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретудің ерекшеліктері» тақырыбында сөз қозғап, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар деңгейлеп оқыту мен тіл меңгертудің ғылыми негіздерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, шараның бірінші күні Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары, тіл оқыту әдістемесі бойынша сарапшы Орал Жанатов спикер ретінде қатысып, қазақ тілін табиғи жолмен меңгерту әдістерімен таныстырды.

Екінші күні қатысушылар қазақ тілін оқытудың кезеңдік жүйесі, бағдарламадан еркін сөйлеуге дейінгі үдерістермен танысты. Аталған тақырып бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілін оқыту әдістемесінің тәжірибелі маманы Гүлбағиза Мұсаева дәріс оқыдыДәрістен кейін қатысушылар белсенділік танытып, тіл үйретуге қатысты сұрақтарын қойды.

Іс-шараның соңғы күні тіл үйретудегі қатысымдық жаттығуларды қолдану әдістемесіне арналды. Спикер ретінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD, тілдік коммуникация әдістемесі бойынша тренер Айнаш Құрманова тәжірибесімен бөлісті. Пікір алмасу алаңында оқытушылар мен әдіскерлер өз пікірлерін ортаға салып, өзекті әдістемелік мәселелерді талқылады.

Үш күндік шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, баяндамашыларға алғысхаттар берілді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру