Астанада ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды
16.05.2026
Таңдаулыларға
2026 жылғы 15 мамырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» жобасы аясында республикалық семинар өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін бағалау, мониторинг жүргізу тәсілдері мен бағалау өлшемшарттарын таныстыру, сондай-ақ ақпараттық кеңістіктегі мемлекеттік тілдің сапасын арттыру мәселелерін талқылау болды.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлсара Кокина жүргізіп, ресми интернет-ресурстардың қоғам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтар мемлекеттік қызметтер мен ресми ақпараттарды көбіне интернет-платформалар арқылы алатындықтан, сайттардағы мемлекеттік тілдегі ақпараттың толық әрі сапалы берілуі аса өзекті.
Семинар барысында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасалды. Биыл мониторингке 100 ұйымның ресми интернет-ресурсы енгізілген. Олардың қатарында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты департаменттер, ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты ұйымдар, Астана және Алматы қалаларындағы мәдени ұйымдар, ұлттық компаниялар, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер мен жекеменшік медициналық ұйымдар бар.
Әдістемелік семинарда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Жазира Ысқақова ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысын таныстырып, бағалау өлшемшарттарына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, интернет-ресурстарда мемлекеттік тілдегі парақшаның болуы, негізгі беттің қазақ тілінде ашылуы, ресми құжаттар мен нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тілде сауатты әрі сапалы жариялануы маңызды талаптардың бірі болып саналады.
Сонымен қатар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 16-бабына сәйкес мемлекеттік мекемелердің интернет-ресурстарында ресми құжаттар, қаулылар, бұйрықтар, ресми жаңалықтар, баспасөз хабарламалары, инфографикалар, жарнамалық баннерлер, сондай-ақ мекеме қызметі туралы жалпы ақпарат пен байланыс деректері толық орналастырылуы қажеттігі айтылды.
Тіл саясатын іске асыру және тіл заңнамасының сақталуын бақылау басқармасының бас сарапшысы Ернияз Сұлтан ресми интернет-ресурстарда жиі кездесетін кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, кейбір сайттарда ақпараттың басым бөлігі орыс тілінде жарияланып, нормативтік-құқықтық құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқалары толық орналастырылмаған. Мониторинг нәтижелері бойынша мұндай кемшіліктерді жоюға бағытталған ұсынымдар жолданады.
Республикалық семинарға мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, баспасөз қызметінің мамандары, сайт әкімшілері, аудармашылар және ресми интернет-ресурстарды жүргізуге жауапты қызметкерлер қатысты. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ресми сайттарды жетілдіру, мемлекеттік тілдегі контент сапасын арттыру және мониторинг жүргізудің тиімді тетіктері жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстардағы қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, қатысушыларға белсенді атсалысқандары үшін алғыс білдірді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру