Ақтөбелік тіл мамандары ілеспе аударма жасауды үйренуде
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында ағымдағы жылғы 28 мамыр - 1 маусым аралығында қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жасауды үйретуде ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру курсының 2-кезеңі басталды.
Қазақ тілінің аясын кеңейтетін өзекті мәселенің бірі – аударма саласын дамыту. Аударма – кең ұғым. Соның ішіндегі ең күрделісі – ілеспе аударма. Ілеспе аударма теория мен тәжірибені қажет ететін ерекше саланың бірі десек қателеспейміз. Өйткені елімізде қазіргі таңда енді қолға алынып келе жатқан ілеспе аударма саласын дамыту, мамандарды даярлау мемлекеттік тілдің дамуына серпін берері анық. Осы орайда, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда, мемлекеттік тілдің көкжиегін одан әрі кеңейтуде Ақтөбе облысында дәстүрге айналып келетін ауқымды шара - «Қазақша – орысша және орысша – қазақша ілеспе аударма жасауды үйрету және тұлғалық өсу» біліктілікті арттыру курсы жүріп жатыр.
Курстың екінші кезіңіне Ақтөбе қаласы және аудандардан мемлекеттік органдар мен компаниялардың, мекемелер мен кәсіпорындардың аудармашылары, ілеспе аударма жасауға бейім, екі немесе одан да көп тіл білетін мамандары және ЖОО-ның оқытушылары шақырылды. Қатысушылар бес күн бойы арнайы техникалық құралдардың көмегімен түрлі тақырыптағы сұхбаттарды ілеспе аудару арқылы практикалық дағдыларын жетілдіруде. Оқыту курсын ілеспе аударма саласының кәсіби маманы, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ-орыс-араб тілдерінен ілеспе аудармашы Есенжан Дина Әнесқызы қатысушыларға ілеспе аударма жасаудың қыр-сыры туралы дәріс беріп, жаттығулар жүргізуде.
Қатысушылар курс барысында көптеген жайттардан шеберліктерін жетілдіріп, пікір алмасып, облысымызда ілеспе аударманың дамуына жасалып жатқан игі бастаманың бір жүйеге қойылып жатқанына алғастарын білдіруде. Жалпы аталған курспен облыстың 50-ден астам маманы қамтылып отыр.
Өңірдегі қарқынды экономикалық даму, мәдениет, білім беру, әлемдік озық тәжірибелермен алмасу аясында мемлекеттік мәні бар мәселелер қаралатын ірі жиындардың, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың, көп тарапты кездесулердің маңызды, әрі кәсіби жоғары деңгейде өткізілуіне ілеспе аударма — тілдік және мәдениетаралық қарым — қатынас құралы ретінде ерекше қызмет етеді. Бұл тұрғыдан ілеспе аудармашылардың біліктілігін уақыт талабына сай дамытып, жетілдіру нұр үстіне нұр болатыны анық.