«Рухани жаңғыру» бағдарламасы 5 тілге аударылды

05.06.2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы 5 тілге аударылды. Мазмұны терең мақаланы Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдеріне тәржімалау міндетін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері өз мойындарына алған.

АҚБОТА ЖОЛДАСБЕКОВА, Л.ГУМИЛЁВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

 - Олар қазақ пен орыс тілдеріне қоса, қытай, араб, француз, ағылшын және испан тілдеріне аударуға бас салды. Бұларға шетелден келген профессорларымыз да қол ұшын тигізді. Бұл бастаманы 2-3 аптаның ішінде тәмамдады.

АНДРЕЙ ШЕНИН, ПРОФЕССОР /РЕСЕЙ/:  

- «Рухани жаңғыру» мақаласы батыс баспасөздерінде де, Ресей газет-журналдарында да қызу талқыланып жатыр. Біздің елде жастар мәселесі екінші кезекке өтіп, кеңінен көтеріле бермейді. Керісінше, саяси оқиғаларға көбірек ден қойылады. Ал Қазақстанда жастарға көп мән беріледі. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тек қазақстандық жастармен ғана емес, сонымен қатар шетелдік оқушылармен де бірігіп жұмыс атқарып, халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туып отыр.

Еуразия Ұлттық университетінде халықаралық қатынастар кафедрасында білім алып жүрген Жереми Конверт Францияда «1001 қадам» атты жобаны іске қосқан. Оның аясында шетелдік студенттер Қазақстан туралы ақпараттық науқан бастайды. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1 жылға созылып, одан кейін газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып, конференцияларда баяндамалар жасалмақ. Бүгінде Жереми еліміздің тарихын зерттеп, қазақ тілін үйрену үстінде. Қазақстанға келгеннен кейін жарты жылда домбырада ойнауға машықтанып алған.

ЖЕРЕМИ КОНВЕРТ, СТУДЕНТ /ФРАНЦИЯ/:  

- Қазақ еліне келген соң, мемлекеттік тіл – қазақ тілінен бөлек, халықтың мәдениетімен де жақын танысқым келді. Сөйтіп, домбырада ойнауды үйренуді жөн деп санадым. Енді Францияға оралғаннан кейін Қазақстанда білген-түйгенімді, мәдениетімен, ән өнерімен достарыммен қуана бөлісетін боламын.

Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мақалада көтерілген мәселелерді насихаттаумен бірге, іске асырумен де айналысады. «Рухани жаңғырудың» аясында студенттер «Біз латынша жазамыз – Латынды қолдаймыз» атты жобаны да қолға алды. Осыған сәйкес жастар әлеуметтік желілерде аптасына кемінде 1 рет латын қарпіндегі жазбаларымен бөлісуге келісті.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру