Жаңа қазақ әліпбиінің тұжырымдамасы талқыланды
Бүгін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ЕҰУ-да «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференция өтті.
Конференцияға еліміздің жетекші лингвист ғалымдары, Парламент депутаттары, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия және жұмыс топтарының мүшелері қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли қазақ орфографиясының мәселесі жайлы қоғамдық пікірлер айтылып жатқанын айтып өтті.
«Әліпби әйтеуір қабылданады. Бірақ, оның ең қиыны - емле ережелерінің түзілуі. Ең негізгі принцип - қабылданатын әліпби ең алдымен соны пайдаланатын халықтың мүддесінен шыға білуі керек», - деп республикалық конференцияға жолдаған видеожолдауында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықова пікір білдірді.
Секциялық мәжілісте жаңа емле ережелерді апробациялау мәселелері, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісіндегі терминологиялық және ономастикалық мәселелер пысықталып, жаңа әліпбиге көшудегі техникалық-ақпараттық даярлық барысы талқыланды.
Жұмыс барысында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс топтарының лингвистикалық ортақ мәселелері қаралып, жаңа міндеттер анықталды.