Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде

24.09.2018

   Қарағанды, Саран қалаларында, Осакаров және Абай аудандарында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» атты республикалық семинар өтті.  

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  атқарушы директоры Ербол Тілешов, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асаңғазы, Терминология және ономастика бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев, Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қантарбекова және жергілікті билік өкілдері және тіл жанашырлары , жастар, ардагерлер қатысты.

   Республикалық семинарда тіл жанашырлары қазақ тілінің мәртебесін көтерумен қатар, қолданыс аясын кеңейтудің  жаңаша жолдарын жан-жақты зерделеді. Олар ұлттық код  тамыры терең тарихтан нәр алу керектігін де тілге негіз етті. Қарағанды, Саран қалаларында, Осакаров және Абай аудандарында жиынға 730-дан астам адам жиналды. «Ал ана тілі ұлттың тірегі, рухани мәдениетімізді дамытудың негізі», - дейді  Шайсұлтан  Шаяхметов атындағы  «Тіл –Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас  директорының  кеңесшісі Оразкүл  Асанғазы.

 

   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілген латын графикасына көшудің маңыздылығына баса тоқталды. Бір ғана мысал бүгінде әлемнің бәсекеге  қабілетті 30 елінің  22 мемлекеті латын тілін қолданысқа енгізген. Біле білсек, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары әдебиетіміздің басым көпшілігі латын тілінде шығарылған көрінеді. Әліпбиіміз жаңару арқылы шетелдердің мәдениетін кеңінен тануға, жас буындар білімін шыңдауға мүмкіндік молая түсетіні анық.    

«Латын графикасына көшу дұрыс, әрі дер кезінде қабылданған шешім.  Үлкен комиссия құрылды. Біздің жұмысымыздың қорытындыларын, латын әліпбиіне көшудегі емле ережелерін министрлік пен орталық үкіметтің қарауына шығарады», – дейді саясаттану ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышов.

     «Мәселені нақты шешу жолдары, оның тәсіл­дері тым аз. Бұл – сол жолдарды білмеу ме, әлде сол тәсілдердің іске асуына сенбеу ме, ол жағын білмеймін, бірақ қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істейтін дәрежеге жеткізудің тағы бір жолын – халықаралық тәжірибе­де өзінің тиімділігін дәлелдеген жолын көрсету артық болмас деп ойлаймын. Прибалтиканың          жергі­лікті тұрғындары: «Орыс тілінде сөйлеген адамға ешқандай ренішіміз жоқ. Себебі, әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз. Сондықтан орыс тілінде сөйлеген адамға «Аузыңды жап, бұл мемлекеттің тілі – латыш тілі. Сен сол тілде сөйлеуге тиіссің» деген сөз айтпаймыз. Бірақ олар да біздің қай тілде сөйлеу, таңдау құқығымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз. Оған ренжімейтін шығар» деп жауап берді.

       Жергілікті ұлт­тың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілдерін, мемлекеттің тілін құрметтеуі ғана. Ал сіздердің «менің білетін тілімде жауап беріңдер» деп талап етулерің – барып тұрған бассыздық, адам құқығын сыйламаушылық деген тұжырым айтыпты. Ұзын сөздің қысқасы, осы «Прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін – мемлекеттік тілді тірілтіп алды.

     Біздің қазақтілділер, оның ішінде қазақ азаматтарының өздері осы әрекетке қарсы шығып (біреулері – біліп, енді біреулері – ақы­мақтықтан), аяқтан тартуы ғажап емес. Бірақ, тағы да қайталаймын, көпшілігіміз­дің іс-әрекетіміз бір жерден шықса, қазақ тіліне деген қажеттілік табиғи түрде өмір­ге келетіндігінде талас жоқ», – деп ой бөлісті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім.

    Қазақ тілінің бірбеткейлі халықтар достығының тамырына айналуы оның өміршеңдігіне байланысты. Айтылған нәрсенің барлығы ісімізден көрінсе мақсатқа жетеміз. Қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақтілді азамат­тардың өздері жасайды.

«Бүгін ерекше күн болып тұр. Көрген-түйгендерімізді келешекте  студенттерге жеткіземіз деген ойдамын. Әсіресе Саран халқы мен жиналған қауым үшін аса маңызды», – дейді семинарға қатысушы Анар Баймолдина.

    Кездесу барысында ономастика тақырыбы да талқыға салынды. Семинарға қатысушылар идеологиялық тұрғыдан ескірген  елді мекендер мен  көшелердің тарихи атауларын қайтару жөнінде мәселе қозғады. Келелі  кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Қарағанды облысындағы шара үлкен баспасөз маслихатымен аяқталды.

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру