Немістер экономика мен тілдің берік байланысын дәлелдеді

28.09.2018

Латын. Қазақ әліпбиіне негізделген жаңа латын әліпбиі. Расында, қазақ қоғамы дәл осы тақырып төңірегінде ерекше белсенділік танытып, латын әліпбиіне көшуді қолдау тұрмақ, өзіміз небір әліпбидің нұсқаларын жасап та үлгердік. Дегенмен, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар емес пе? Латын әліпбиіне көшудің ғылыми негіздері қандай? Біз бүгін осы саланың маманы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжановамен тілдескен едік.

Анар Мұратқызы, бір сұхбатыңызда «…егер қазіргі кирилл әріптерін әрі қарай қолдана берер болсақ, қазақ тіліне қауіп төнеді» деген екенсіз. Қандай қауіп екенін тереңінен талдап берсеңіз.

Кирил графикасындағы қазақ әліпбиінде 42 әріп бар. Оның 28-і қазақтың төл дыбыстарын таңбалауға арналған әріптер. Сонда қалған 14 әріп қазақтың төл дыбыстарынан бөлек дыбыстарды таңбалайды. Сол 14 әріптің ішіндегі ф, в, х әріптері қазақ тіліне бұдан бірнеше ғасыр бұрын енген араб-парсы, сол сияқты орыс тілінен енген сөздерді таңбалауға арналған. Қалғандары еш өзгеріссіз орыс орфографиясымен жазылған сөздерді таңбалауға жұмсалды. Сонда 11 әріпті орыстың әрпі деуге әбден болады. Демек, біздің кирилл графикасы негізіндегі әліпбиіміз қазақтың төл сөздерімен қатар, орыстың да сөздерін орыс ережелері, орыс орфографиясы бойынша жазуға арналған таңбалар болған. Осы бір ғана олқылығы болмаса, жалпы алғанда қазақтың кирилнегізді әліпбиі жүйелі әрі өте сауатты құрылған. Бұған рухани көсеміміз, алғашқы қазақ тілтанушы ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық әліпби (төте жазу) жасау тәжірибесінің болуы, соған сүйеніп және әлемдік озық тәжірибені ескере отырып, профессор Құдайберген Жұбановтан бастап, академик Ісмет Кеңесбаев, профессорлар Сәрсен Аманжолов, Нығмет Сауранбаев, академик Рабиға Сыздықовалардың қазақ жазба сөзін нормалауға ерекше еңбек сіңіруі себеп болды. Соның арқасында кириллмен жазып-сызған қазақтарда сауатсыздық болған жоқ. Өйткені, әліпби жүйелі болды. Алайда, оның бір кемшілігі – жуандық, жіңішкелік белгілері сияқты орыс сөздерін игермей жазу үшін жұмсалған таңбалардың болуы. Бұл шет тілінен енген сөздерді жазуда игеру механизмін тоқтатып тастады. Шет тілінің сөзін жазуда игеру механизмі тоқтайтын болса, онда ол ауызша сөзде де өзінің айтылу нормасын сақтайды. Олардың саны артқан сайын тілдің, тілдік сананың ұлттық сипатта дамып, жүйеленуіне кедергі жасайды. Кирилл жазуы біздің тілге дендеп енгенге дейін қазақ мәтіндерінің ішіндегі орыс сөздері қазақтың айтылу нормасына сәйкес айтылатын және қазақ тілінің емле-ережесіне сай жазылатын. Мәселен, бәтіңке, резеңке, бөкебай, бекет деген сөздерді қарасаңыз, бұлардың барлығы қазақтың сөздері сияқты, анығында олар орыстан енген сөздер. Кеңес өкіметі тұсында «орыс сөздерін орыс орфографиясы арқылы жазу керек» деген қатаң заң қабылданды. Сөйтіп, біздің әліпби жүйемізге орыс тілінде бар дыбыстарды таңбалайтын әріптер күштеп енгізілді. Ал кирилл жазуының өзіне жалпы лингвистикалық объект ретінде қарасақ, бұл латын жазуынан әлдеқайда жетілген, тарихи тұрғыдан кейіннен пайда болған әріптер жүйесі. Мәселе кирилл жазуындағы барлық шет тілінен енген сөздер, орыс тілі арқылы енген соң сол тілдің орфографиясымен жазылатынында жатыр. Міне, оның жалғыз «кінәсі» – шет тілден енген сөздерді қазақшалай алмайтындығымызда. «Қазақшалама, орысша жаз» деген кирилл әріптері қалыптастырған қатаң стереотиптердің санамызға орнығып алғандығындығы сонша, осы стереотипті жеңу үшін ешқандай стереотиппен былғанбаған жаңа әліпби керек болды. Қазіргі қазақ қоғамының санасында сондай әліпбиге – латын әріптері жатады. Латын графикасы жаһаният санасында оң концептілермен байланған. Ең алдымен – сапа концептісі. Әлемдік брендтер өз атауларын ұлттық этимологиясына қарамай, латын әріптерімен береді. Мәселен, Жапонияда шыққан брендтер жапон графикасы емес, латын әліпбиімен таңбаланады. Сол себепті, біздің тілтанушылар әу бастан латын әліпбиін қолдап, ең бірінші болып Елбасына хат жазды. Осы бастаманы алғаш көтерген ғалым, академик Әбдуәли Қайдаров болды.

Елбасының жарлығымен шыққан латын әліпбиінде 32 әріп бар. Олардың ішінде үшеуі – сырттан келген сөздерді таңбалауға жұмсалмақ. Бұл таңбалар біздің шет тіліндегі сөздің құрамындағы қазақ үшін әбден танымал болып, сіңісіп кеткен дыбыстар үшін алынып отыр. Мысалы,  ф, в, х, әріптері. Олар ағылшын, орыс, француз тілінен, оның алдында әлдеқайда бұрын енген араб сөздерін таңбалауға жұмсалады.

Латынға көшкенде жіңішкелік, жуандық белгісімен келген сөздерді төл әріптерімізбен жазамыз. Бұл жазудағы шет ел сөздерін игерудің алғашқы кезеңі болмақ. «Альбом» сөзіндегі жіңішкелік белгісін алып тастасақ, сөз толығымен жуан айтылады. Сөздің толығымен жуан айтылмайтынын білдіру үшін түпнұсқа тілдегі дауыссыз дыбыстың жіңішкелігін қазақ тіліндегі дауысты дыбысты жіңішкерту арқылы беруге болады. Бұл идеяны алғаш ұсынған ғалым, профессор Нұргелді Уәлиев. Альбом сөзіндегі жіңішкелік белгісінің орнына бірінші буындағы жіңішкелікті білдіру үшін «әлбом» деп жазамыз. Міне, бұл нағыз жаңғырудың өзі. Яғни шет тілінің сөзін қазақшалап игеру әріптер арқылы жүзеге асқалы отыр. Қазақтың санасындағы өзге дүниелерді өзінікіндей өзгертіп алу қасиетін әліпби арқылы жаңғыртамыз деп отырмыз. Бұлай істемей, кириллде қала берген болсақ, сол 42 әріппен шет тілінен енген сөздің бәрін орыс тілінің арнасы арқылы алып орысша жаза берсек, жылдар өте келе, әсіресе, ғылыми саланы қалыптастыратын терминологиялық жүйеміздегі атаулар орысша айтылып, орысша жазылып, қазақтың ғылыми санасына, тіліне нұқсан келтіруді тоқтата алмас едік. Кез- келген тіл өміршең болуы үшін айтылу, жазылу заңдылықтарына бөгде әсер игеріліп отыру керек.

Латын әліпбиіне көшу арқылы шет тілінен кірген бөгде сөздерді қазақ тілінің ерекшелігіне қарай игеру механизмін толық жүзеге асыра аламыз ба?

Әрине, бірден болмаса да, бірте-бірте қалпына келтіре аламыз деп ойлаймын. Себебі, латын әріптерінде қазақ сөзін (ал қазақ мәтіндері кез-келген сөз шығу төркініне қарамастан қазақтікі болып саналады)  қалай таңбаласақ та, олардың графикалық образы жаңа болмақ. Сондықтан бастан-аяқ шеттілдік сөздерді ұлттық графикалық бейнеде жазуды қолдауымыз керек.

Мәселен, кириллдегі жуандық және жіңішкелік белгісі бар сөздерді қалай жазамыз деген сауал туындайды. Оларды алып тастап, орнына жіңішкелікті көрсететін қандай амал бар дегенде, әзірге ғалымдар бір амалды көрсетіп отыр: қазақ тілінде дауыссыз дыбыстар жіңішке бола алмайды, олар әрдайым дауысты дыбыстың жетегінде жүреді, яғни дауыссызды жіңішкерткің келсе, сол буындағы дауыстыны жіңішкертіп айту керек. Біздегі дауысты дыбыстар жіңішке, жуан болып бөлінеді. Ал орыс тілінде керісінше дауыссыз дыбыстар жуан, жіңішке түрінде жіктеледі. Мысалы, дубль деген сөзді ү арқылы дүбл, рубль деген сөзді рүбл, альбом деген сөзді әлбом деп жазуға болады. Айырым белгісі тұратын конъюнктура деген сөзде и мен у әрпі жазылады. Бұл шеттілдік сөзді игерудің алғашқы кезеңіндегі жаңалық болмақ. Әрине, кірме сөздің бәрін жаппай айтылуына сәйкес жаза беретін болсақ, жұртшылыққа түсініксіз болары сөзсіз. Сондықтан алғашқы кезеңде жазу арқылы шет ел сөздерін игергенде, оларды түпнұсқадағы тұрқын мүлде өзгертіп тастау да қауіпті. Ал болашақта кірме сөзді игеру тетіктері орныққан кезде бәрін қазақшалап алуға болады деп сенемін. Оған қоғамның санасы да сол кезде дайын болар. Осы арқылы біз тіліміздің иммунитеттік қасиетін қайта қалпына келтіреміз. Біздің қазақ тілі әлемдік тілдердің ішінде профессор Нұргелді Уәлиевтің жіктеуі бойынша саламатты тілдерге жатады. Біз оның осы қасиетін реформа арқылы сақтаймыз, күшейтеміз деп қатты үміттенемін.

Латын әліпбиі қазақ тіліне не береді?

Ең бірінші жетістік – латын графикасына көшу арқылы тіліміздің бөгде әсерге қарсы тұру иммунитеті күшейеді. Бұл – даусыз шешілетін мәселе. Екіншіден, жаңа әліпби жаһандану талаптарына жауап беретін жаңа жазу қалыптастыра алады. Сөзімізді таратып айтайық: жаһаният біртұтас болып құрмаласып келеді, жаһанданудың жақсы жағы да, жағымсыз тұсы да бар. Теріс жағын айтсақ, алдымен жаппай тұтынушылық сананың, сұрқай мәдениеттің қалыптасуы қауіптендіреді. Өзіндік ойлау ерекшелігі бар, дүниені өзінше танып, өзінше бағалайтын, бірегей ұлттық мәдениеттің дамуына тұтынушылық санадан пайда көріп отырған трансұлттық компаниялар қатты қарсыласып жатыр. Міне, осы жағдайда жаңа әліпбиіміз арқылы шеттілдік сөздерді ұлттық жазу нормасына сәйкес таңбалайтын болсақ, ұлттық бірегейлігіміздің нығаюына кепіл емес пе?! Дегенмен, жаһандану үдерісінің оң жағы да жоқ емес. Қалта телефоныңызды ғаламтор желісіне қосып алсаңыз, бүкіл әлем сіздің алақаныңызға сыйып тұр. Сол сияқты, экономикалық тұрғыдан құрмаласу, ассимиляцияға ұшырап, жойылу емес, араласу; түсінісу, ұғынысу, жаһаният болып жәрдемдесу, басқа мәдениеттерді түсіну, олардың құндылықтарын бағалау сияқты жағымды тұстары да мол, осы жағынан алғанда латын әліпбиі көне эллин, римдіктердің әліпбиі деген мазмұннан айырылып, бүкіл жаһанияттың әліпбиіне айналып отыр. Қытайдың өзінде осы әліппе экономикалық секторда белсенді қолданылады. Әрі латын әліпбиінің бүкіл әлем бойынша тіл иелері санасында қалыптасқан оң концептісі­ – сапа концептісі бар. Міне, қазақ баласы болашақта осы әліпбиді қолданатын болады. Егер жазу неғұрлым аз таңбалармен соғұрлым көп ақпарат жеткізе алса, ол әліпби де, жазу да өміршең болады. IT технологияның «тілі» осы графикада жасалып жатқаны да таңдауымыз болашақта тиімді болатынына сенім тудырады.

Жақында бір танысым «қазақ тілі – бизнеске икемсіз» деген еді. Бұл мәселе бойынша не айтасыз? Латын әліпбиі бұл мәселені шеше ала ма? Мұны сұрағаным, қазір қазақша заманауи кітаптар жарық көруде. Алдағы уақытта бұл процесс көбеймесе, азаймайды. Қазақ тілінің неге бизнеске шамасы келмей жатыр?

Қазақ тілі алдымен төрт маңызды салада толыққанды қызмет етуі керек. Ол ақпарат, басқару, ғылым және бизнес саласында еркін қолданылуы тиіс. Тарихтан мысал айта кетейік. Германия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық жағынан қатты ойсырады. Өзі соғыс ашқан мемлекеттердің бәріне контрибуция төлеу керек болды. Ұлттың еңсесі қатты түсті. «Фашизмнің ордасы болды» деген жаманат немістердің әлемдік жұртшылық алдындағы беделін әбден түсірді. Сол кезде Германияда ғалымдар неміс тілінің дамуына, неміс тіліне ерекше мән берді. Экономика саласында жасалған дүниелердің барлығы, тауар, қызмет атаулары түгел немісше жазылды. Неміс тілін ана тілі ретінде ерекше бір категория деп зерттеу жұмыстары жүрді. Гумбольд негізін қалап кеткен тілтанымдық ізденім мектебін жақтаушылар, тіл мен мәдениеттің байланысын зерттеген лингвистикалық бағытты қайта жандандырды. Сөйтіп, Германияда неогумбольдшылық деген әлемдік тілтанымдық ойды қызықты әрі жаңа мектеп қалыптасты. Оның өкілдері ана тілі дегенді тілтанушылық зерттеудің объектісі ретінде алып, оған ерекше тұрғыда қарау керек деп ана тіліне қатысты ғылыми категорияларды анықтады. Неге солай болды? Бір қызығы, бұл елдің ғалымдары экономика мен тілдің арасындағы байланыстың берік екенін мықты түсінді. Яғни Германия экономикалық дағдарыстан шығу үшін ұлттық тілді дамыту керек, оның қоғамның барлық саласындағы қолданысын кеңейтуді практикада жүзеге асырған ел. Сол шешім ақиқатқа айналды. Ғылымда лингвоэкономика деген сала қалыптасты. Осы салада зерттеу жүргізген ғалымдар «тіл дами келе, сол тілді қолданатын қоғамның санасын өсіреді, елдің экономикасын дамытады, экономикасы жақсарған елде тілдің болашағы да зор» дегенді айтты. Міне, ұлтымыз дамысын десек, әлемдік экономикада өз орнын мықтап тұрып алсын десек, елін, жерін қорғайтын ұрпақ өсіргіміз келсе, қазақ тілінің қолданыс аясын қоғамдық өмірдің барлық маңызды саласында кеңейтуіміз керек. Шағын және орта бизнес өкілдері ауылдан көптеп шығуы керек. Ауылшаруашылығын көтеретін де сол қазақтілді жастар. Олардың санасын көтеру үшін тілді бизнеске апару керек. Ол үшін не керек? Алдымен, экономикалық, саяси, ғылыми, жаратылыстану, техникалық саладағы ақпараттардың барлығын дерлік қазақшаға сапалы аудару қажет. Олардың ұялы телефондағы қосымшаларын жасау керек. Кейбір жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытамыз деп жатыр. Бұл дұрыс емес. Мұндайды тек жоғары оқу орындарынан ғана бастау абзал. Ал жалпы білім беру орындарының бәрінде білім тек қазақ тілінде берілуі тиіс. Осы бағытта Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша ұлттық тілге аударылып жатқан әлемдік ғылыми ойдың озық туындылары қазақтың экономикалық қана емес, саяси, құқықтық, техникалық сияқты ғылыми санасын дамытады. Мұндай жобаға барша зияткерлік қауым қолдау көрсетуіміз керек және оның алуан түрлі таралымы болуы тиіс деп санаймын.

Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру