Әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклі қазақ тілінде қойылады

10.10.2018

Орталық Азияда тұңғыш рет! Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі нұсқасы қойылады.

Әлемдік қойылымға қатысу үшін вокалдық орындаушыларға кастиг жарияланды. Қатысушыларды мюзиклдің әлем мойындаған шебері, «Notre dame de Paris» әйгілі қойылымының авторларының бірі Р.Коччанте қабылдайды. Мюзикл Р.Коччантенің музыканың гармониялық үндесімінің арқасында шедеврге айналды. Кастингте атақты маэстромен қатар Францияның продюсерлері де қатысады.

Отандық таланттарымызға әйгілі қойылымға қатысу мүмкіндігі туып отыр. 18-38 жас аралығындағы вокалдық әншілерге арналған кастинг 8, 9,10 қазан күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.

«Notre dame de Paris» – әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған ерекше туынды. Уақыт сынынан өтіп, талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленген мюзикл ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Алғашқы қойылымынан-ақ үлкен табысқа қол жеткізген мюзикл атақты классик жазушы В.Гюгоның романында баяндалған шынайы махаббат пен сатқындық оқиғасы, француздық шансон мен сыған мотивіне құрылған әсем әуезді музыка, ғажайып пен сиқырға толы цирк және акробаттар өнерімен өрнектелген. Мюзикл желісінде орындалатын «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурайды. Бұған дейін аталмыш мюзикл әлемнің 9 тіліне аударылған. Енді, әйгілі мюзиклдің кейіпкерлері қазақ тілінде оныншы болып үн қатады.

20 жыл бұрын алғаш рет Париж қаласында қойылған мюзиклдің қазақ сахнасының төрінен табылуы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. «Notre dame de Paris» мюзиклінің қойылымы заманауи Қазақстанның тарихындағы айтулы оқиға болары анық.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру