Алаштану, тәуелсіздік және ана тілі

24.08.2017

Алаштану – қазақ әдебиеттану ғылымындағы соны сала. Күні кеше Алаш Орда жайлы ауыз да аша алмайтынсың. «Қазақтың тұңғыш дәрігерлері» (1986) атты жұп-жұқа шағын кітапшада екі алашордашы: Ресейдің императорлық Әскери-медицина академиясын алтын медальмен бітірген, Ресей Ғылым академиясы Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі дәрігер Халел Досмұхамедов пен Троицкінің даңқты емшісі Әбубәкір Алдияровтың есімдері аталғаны үшін ғана басылымды шығарған баспагерлерге ұлтшылдық айыбы тағылып, істеп жүрген қызметтерінен айырды.

Өстіп қатаң жазаланатынын біле тұра, қайсыбір әдебиетші ғалымдар, мысалы, филология ғылымдарының докторы, сыншы, жазушы Мырзабек Дүйсенов «Ұлы Октябрь шуағы» атты кітабында (1988) сауысқандай сақ цензураны айналып өтіп, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов есімдерін атайтыны сияқты жекелеген фактілер де ұшырасып қалатын.

Кей-кейде Алаш Орда ақын, жазу­шыларының, ғылым қайраткерлерінің есімдері аталмағанымен, шығар­ма­ларынан там-тұм сөз, үзінділер жария етілетін. Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне жазылған «Сен сұлу» әні көп жылдар бойы радиодан, сахнадан шырқалып жүрді. Ал, оқулықтарымыздағы теңеу, ауыстыру (метафора), алмастыру (метонимия), шендестіру, көсем сөз, әуезе, әліптеме, байымдама секілді терминдерді Алаш Орда көсемі Ахмет Байтұрсынов ойлап тапқанын қалың жұртшылық кейін ғана білдік.

Қазақ әдебиеті теориясының сарқылмас қайнар бұлағы – «Әдебиет танытқыш», Алаш Орда арыстарының басқа да еңбектері тек өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта белінде, бетбұрыс дәуірінде, тарихтағы «ақтаңдақтарды» жою кезеңінде ел игілігіне қайтарылды. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш қозғалысы арыстарының өмірі мен шығармашылығы туралы әлемдік әдебиеттану контексінде жазылған ондаған кітап, монографиялар жариялады. Сөйтіп, қазақ әдебиеттану ғылымының қабырғалы тармағы – Алаштану қайта өркендеді.

Алаш ғалымдарының әдеби зерттеулері, теориялық ұстанымдары кезінде халқымыздың ел азаттығы жолындағы жанқиярлық күресінің арқауы болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазақ халқын қараңғылықтан құтқару ісін, ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыруды яки рухани жаңғыруымызды ана тілін оқытудан бастауымыз керек, туған тіліміз қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық құндылық, ұлттық тұтастығымыздың кепілі деп есептеген. Мағжан ақын «Қазақ тілі» өлеңінде әдемі де дәл бейнелегеніндей, ана тілі – ұлттық береке-бірлігіміздің «Алтын Күні»:

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауы­рыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім.

Алаш зиялылары артта қалған қазақ қауымының ілгерілеуінің және бір шарты, басқа тілдерді, әсіресе, орыс тілін игеру деп білген. Алаш Орданың ірі қайрат­кері Міржапқып Дулатов «Оян, қазақ» (1909) жинағында:

Медресеге сайласын екі молда,

Бірі оқытсын мұсылманша, бірі орысша.

Педагогика тәртібімен оқыса олар

Қазағым, кетер едің сонда алға, – деп жыр төксе, бұл идея қазіргі тәуелсіз елі­міздің мақсат, мүддесімен үндесіп, рухани жаңғыруымыздың аса маңызды факторы болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей: «Біз ХХІ ғасырдың рухани картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық» жобасын іске асыруға тиіспіз... Бұл жоба «отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным» болуын көздейді.

Қазіргі уақытта республика Парла­мен­тінде, бұқаралық ақпарат құрал­дарында жасөспірім ұрпақты қазақ, ағыл­шын, орыс тілдерінде оқыту мәсе­лесі қызу талқылануда. Оқыту жөні қан­дай болмақ? Үш тілді кезек-кезегімен оқытамыз ба, жоқ әлде кейбір елдерде­гідей, мектеп партасына алғаш отырған балдырғандарды қатарынан екі тілде оқыту керек пе? Біздіңше, бұл мәселеде Ахмет Байтұрсыновтың мына бір кеңесі әлі де маңызын жойған жоқ. «...Біздің ойымызша,- деп жазды Алаш ұстазы, – бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін бесжылдық болуы тиіс. Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу керек».

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, тағы басқа Алаш зиялылары қазақ баласының өз ана тілінде сауат ашуына үлкен мән беріп, әр пән бойынша оқу құралдарын жазды. Қазақ жұртын надандықтан, қараңғылықтан құтқарудың, рухани серпілтудің басқа да амалдарын жатпай-тұрмай іздестірді.

Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ халқы қа­раңғы дегенде, кінә халықта емес, қараң­ғы­лықтан құтқаратын мүмкіндік­тердің жоқтығында», – дей келіп, халық ағарту мәселелерін елдің экономикалық жағдайымен тығыз байланыста қарастыруға шақырды. Алаш Орда үкіме­тінің оқу-ағарту комиссиясының Төрағасы, кейін Қазақстан Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Қазақ АССР-нің Оқу-ағарту комиссары болып, әртүрлі мемлекеттік-әлеуметтік істермен шұғылдана жүріп, ғылыми-ұстаздық жұмыстарын тоқтатпай, қазақ халқын жаппай сауаттандыру бағдарламасын жасады.

1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде өткен қазақ съезінде қабылданған петицияда Алаш зиялылары Ресей үкіметінен қазақ жеріне «қарашекпендерді» (Мағжан) көшіріп әкелуді тоқтату, діни басқарма ұйымдастыру, қазылар сотын енгізу мәселелерімен қатар, ресми іс қағаздарын қазақша жүргізуді талап етті. Ана тілінің ұлан-байтақ қазақ даласының бар түкпірінде салтанат құруын көздейтін сол бағдарламада қойылған проблемалар бүгінгі күндері де маңызын жойған жоқ.

Мағжан Жұмабаев «Туған жерім – Сасық көл» өлеңінің соңғы шумағын:

Білмеймін не боларын, қайран көлім,

Жарайды тең болмаса күн мен түнің.

Итиіп қарашекпен келіп қонса,

Басыңнан құсың ұшып кетер сенің - деп аяқтап, қазақ халқына ата қонысынан айырылу қаупі төнгенін ашына жазды. Ресей отаршылдығы, Кеңес кезіндегі ашаршылық, одан соң тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны – шовинизмнің жымысқы әрекеттерінің ақыр соңы қазақтың өз елінде азшылыққа айналуына әкеп соқты. Мұның кесірі алдымен ана тіліне тиді. Ұлттық тіліміз жойылуға шақ қалды. Кеңес кезінде 700 қазақ мектебі жабылды.

Шовинизмнің ана тілімізді мансұқ етуге бағытталған қитұрқы саясатының зардабын күні бүгінге дейін тартудамыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» (2003) еңбегінде жазғанындай: «Қазақ санасының ойдан шығарылмаған драмаларының бірі – қазақтардың бір бөлігінің ана тілін толық білмейтіндігі».

Ана тілі ауыр ахуалының қара бұлты еліміздің аспанында Тәуелсіздігіміздің көк туы желбірегеннен кейін ғана сейіле бастады. Қазақ балаларының ана тілінде оқып білім алуы үшін қажетті іс-шаралар атқарылуы арқасында қазір бір ғана Алматы қаласында бұрынғы Кеңес кезіндегідей жалғыз мектеп емес, 65 қазақ мектебі жұмыс істейді. Бұларда 36 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары да білім алуда.

Үш тұғырлы тіл – республикамыздағы бүгінгі қазақ қауымының ғана емес, басқа этнос өкілдері алдына да қойылып отырған зәрулі мәселе. Жаһандық технологияға, жаңа инновациялық индустрияға еркін кірігіп жұмыс істеудің басты шарты – ағылшын тілін жаппай және жедел үйрену, ұлтаралық қатынасы тілі – орыс тілінде сөйлеу, мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру жүйесін қалыптастыру нәтижесінде республикамызда бара-бара үш тілді жаңа қауым генерациясы, ұрпағы қалыптаспақ...

«Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс, – дейді Елбасы, – Туған тілдің туы қашан да биік болуы қажет». Ата Заңымызда алтын әріптермен жазылған мемлекеттік тіл саласындағы жетістіктерімізді бұдан былай да молайта беруге тиістіміз. Бөркімізді аспанға атып алақайлауға әлі ерте.

Бұқаралық ақпарат құралдарында келтірілген мағлұматтарға қарағанда, айталық, Қостанай облысының Қара­ба­лық ауданында мектеп оқушыларының 5-6 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім алады. Күні бүгінге дейін қазақтың дені демесек те, бірсыпырасы өз тілін сыйламай, перзенттерін орыс тілді мектептерде оқытып жүр. Ол балдырғандар ұлы Абай сөзін білмесе, ана тілінде жасалған рухани игіліктерден мақұрым қалса, соңында не күй кешпек?! Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер... Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» – деген. Жеткіншекті ана тілі әдебиетінен жұтату алдымен ата-анаға, қала берді, бәрімізге сын...

Алаш қайраткерлері «туған тілінде әдебиеті жоқ халықтар «дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады» – деп есептеп, Абай, Мағжан, Міржақып, т.б. қазақ ақындарының өнегелі, өрнекті сөздерін «Қазақ» газетінде, кітаптарында ұдайы жариялап отырды.

Амал не, ана тілді баспасөздің, кітап және кітап шығару ісінің рөлін біз әлі де алашордашы ата-бабаларымыз түсінгендей дәрежеде жете түсіне алмаудамыз. Әйтпегенде, мына бір келеңсіздіктерді қалай түсінуге болады? Тасқа басылған кітап тиражы айтуға да тұрмайды. 2000 данадан аспайды. Парламент ендігі жарияланбақ кітаптардың таралымын 5 мың данаға жеткізу жөнінде шешім қабылдапты дегенді естідік. Өз басым мұны елімізде көп тиражды, арзан бағалы кітап шығару проблемасын түбегейлі шешкендікке жатқызбас едім. Шүкіршілік, қазір респуб­лика халқының саны – 18 миллион. Осының 12 миллионы, басым көпшілігі қазақ болғанда, таралымы там-тұм кітап соншама жұртқа қалайша жетпек?!

Мұндай олқылықтардың айыбын нарыққа жүктейін десең, мына бір фактіні қалай түсінеміз? 1913 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабы Орынборда төрт баспа табақ көлемінде 3000 дана тиражбен басылды. Ал бұдан кейінгі ғасырға жуық уақыттан соң, 2003 жылы Алматыда «Атамұра» баспасы жарыққа шығарған Ахаңның «Әдебиет танытқыш» кітабының таралымы да – 3000 дана...

Бүгінгі Қазақстанда 11421 кітапхана бар деп есептеледі. 5 мың дана сол кітапханаларымыздың жарымына жетсе жарар. Оның өзінде де бұл салаға бюджеттен тиісті қаражат бөлінсе...

Республикамызда кітап дүкендерінің саны да, сапасы да талапқа сай емес. Мегаполис қала Алматыда қазақ кітабын саудалайтын дүкендер бір қолдың саусағына да жетпейді. Көшелердегі жүздеген дүңгіршектерде қазақ кітабы, журналы сатылмайды. Сөрелеріндегі қазақ тілді газеттер некен-саяқ. Есесіне Ресей газеттері мен журнал, кітапшалары көздің жауын алады. Сөрелерінде темекі қораптары, сусын шөлмектерінің қаздай тізіліп тұрғаны.

Осы күнге дейін Павлодар қаласы қазақшаланбауда. Әнеу бір күндері бұқаралық ақпарат құралдарында Павлодар бұдан былай Кереку аталсын деген мәселе төңірегіндегі айтысқа бірсыпырамыз қатыстық. Кереку жат жұрт өкілі - Коряков дегендерге, меніңше, орынды дау айтылды. Біріншіден, Кереку қала маңындағы жер атауы. Екіншіден, Майра Уәлиқызының бәріміз ұйып тыңдайтын «Майра» әнінің (2-ші түрі) шумақтары «Қызы едім Керекудің Майра атым», «Кереку үлкен қала, ұзын көше» деп басталмай ма? Қазақ іші солтүстік облыс орталығын «Петропавл» демей, бәз-баяғыдй Қызылжар атамасқа... Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінен (23 мамыр, 2017) Бақтияр Тайжанның «Қызылжар құтты қоныс болсын» деген мақаласын оқыдым. Онда Солтүстік Қазақстан облысының орталық қаласы да, өңірдің өзі де Қызылжар аталған. Оңтүстіктен қоныс аударушы ағайындарымыздың, бәріміздің жүрегімізге жылы тиетін сұлу сөзбен!

Семипалатинскіні қазақ жұрты Семей атап, «Ахау Семей, тіл мен көмей» деп әнге де қосты. Елбасы осы жәйтті ескерген болуға керек, бұдан бы­лай Семипалатинскіні Семей атайық де­гені құба-құп болды. «Усть-камено­горск» қаласын қазақ іші, қазақ баспа­сөзі бәз-баяғыдан Өскемен деп атап келе жатқаны мәлім. Осынау әбден қалыптасқан дәстүрді ресми заңдас­тыратын уақыт пісіп жеткен сияқты.

Жоғарыда аталған алашшылар жазған петицияда діни басқармалар ұйымдастыру, қазылар сотын сайлау, әкімшілік орындарын құру талап етілсе, мұның астарындағы идеяны түсініп жету қиын емес: ұлттық құндылықтарды молайтуға билік тарапынан қамқорлық, басшылық жасау керек. Сонсоң ана тілінде сөйлеу, жазу үлгісін алдымен биліктің өзі көрсетуі абзал. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын, мақалаларын оқып отырғаныңда қазақ саяси тілін Елбасынан үйрену керектігіне сүйсіне көз жеткіземіз. Ал енді Парламент, Мәжіліс қабылдаған құжаттарды оқу орысшадан аударған тәржіма болғандықтан, қасқырдың мойны сияқты икемсіз сөйлемдерді түсіне алмай, ақыры орысша оригиналға көз салмасыңа амалың қалмайды. Биліктегі көп-көп шенеунік қазақша сөйлеп, ресми құжаттарды ана тілінде жазуға қашан төселер екен деп армандайсың.

Қиыншылық көп. Бірақ ана тілінің еліміздің барлық түкпірінде салтанат құруына бөгет болып отырған кемшіліктердің себеп-салдарын мәде­ние­тіміз бен әдебиетімізді дамыту ісін тиісті дәрежеде басқара алмай отырған қазақ өзімізден көруіміз керек. Ана тілі өрісін кеңейте беруге бағытталған іс-шараларды дәйекті түрде жүзеге асыру – мәңгілік ел болуымыздың басты шарты.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру