ҚАЗАҚТІЛДІ ӘЛЕУЖЕЛІ МЕН ЖЕЛІМЕНДЕР: САНДЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫҚ ТІЛТАНЫМДЫҚ ТАЛДАУ (лексикалық жаңартпалар бойынша)

22.10.2018

Жаһандану, ақпараттық технологиялардың дамуы, интернеттің кеңінен таралып, жаппай қолданысқа енуі қоғам өмірінің барлық дерлік саласындағы әрекетті жеңілдетіп, адамзаттың коммуникациядағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп жатыр. IT-жетістіктер күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі жаһандану заманында ақпараттық технологияны пайдаланып, дүниежүзімен бір байланыс ортасында болу үйреншікті нәрсеге айналғанымен, осындай нәтижелер әлемиеттік IT-коммуникацияны жасау бағытындағы күрделі де қызықты жұмыстардың жемісі. Солардың бірі – өнімді нарыққа бейімдеу. Бұл саладағы өнімді белгілі бір географиялық, мәдени-лингвистикалық аймаққа бейімдеу (localization) маңызды іс болып саналады. Бұл тұрғыда көптеген маркетингілік зерттеулер, түрлі стратегиялар мен көзқарастар болғанымен, қазіргі таңда трансұлттық корпорацияларда "Think Globally, Act Locally" қағидасы жетекші рөлге шықты. Қағида бойынша кез келген жаһандық өнім базистік қызметін сақтай отырып, жергілікті ерекшеліктерге қарай бейімделеді. Алайда өнімді "жерсіндіру" барысында көп жағдайда оған қатысты түпнұсқа тілде кейбір контенттің (біздің жағдайда қазақ тіліндегі) тікелей аудармасы болмайтындықтан, аудармашыларға оларды бейімдеуге әрі лексикалық мағынасын түсіндіруге, баламасын іздеуге тура келеді. Тілімізге осындай контентті бейімдеу, баламасын табу нәтижесінде жаңа ұғым, түсінік, құбылыс атаулары еніп келеді. Бұлардың ішінде тіліміздің лексиқалық құрамын байытатын неологизмдер қатары да көп.

Қазақстанның қарқынды түрде өзгеріп жатқан қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік жаңа өмір жағдайына негізделген ХХІ ғасырдағы өзгерістер, соның ішінде интернет кеңістіктегі коммуникация да қазақ тілінде «неологиялық жарылыс» жасады. Бұған, сөзсіз, жоғарыда айтып кеткен әлеуметтік желілердегі сөзшығармашылық зор әсерін тигізді. Алайда осы «жарылыс» өнімдерін лингвистикалық ой-танымнан өткізу, ғылыми-теориялық зерттеу, сондай-ақ тілдік жаңартпалардың <лат. іnnovation> стандартталуы мен кодталуы тілдегі табиғи неологизация/неологизмдену үдерісінің өзіне ілесе алмай қалып жатқаны байқалады. Сонымен қатар әртүрлі форматтағы нормативті, анықтамалық лексикографиялық еңбектердің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамсыздандырудың осалдығынан да кейбір кодталған, нормативтік сөздікке енгізілген неологизмдер жалпы жұртшылыққа бірдей таныс бола алмай келеді.

Тілдің стильдік, жанрлық қызметтерінің барлығында көрініс берген жаңартпалар қоғамдағы жаңалықтар мен өзгерістердің «жаршысы» болып табылады. Сондықтан оларды зерттеу осы дәуірдің «аталымдық бет-бейнесінің» кескін-қалпын «мүсіндеуге» мүмкіндік береді.Мәселен, бүгінгі қазақ тілінде«жаңғыру» сөзі дегдар тілдік тұлға ретіндегі Н.Ә. Назарбаевтың сөзшығармашылығының ықпалымен саяси-қоғамдық дискурстың тілдік өрісінде жаңаша мағынаға ие болды: 1) экономикалық, саяси және рухани жандану, жаңару, қоғамның, қоғамдық сананың жаңаруы және реформалануы, 2) осы реформаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік саясат пен идеологияның мақсатты, жүйелі арнайы шараларының жиынтығы.

Жаңаша мағынаға ие болуынан бұрын «жаңғыру» сөзі нормативтік сөздікте ʻөзгеріс, алмасу, жандануʼ сияқты жалпылық мағынамен берілген. Виртуалды коммуникация түрлерінің (Facebook), саяси, мәдени мазмұндағы пікірталас алаңдарының (телерадиобағдарламалары, қазақ тілін үйрететін «Basqosu», «Қобыланды жатқа!» волонтерлік курстары секілді азаматтық бастамалар), бизнес-коммуникациялардың (аймақтарда кіші және орта бизнесті дамытуға арналған Бастау-бизнес «Атамекен» ҚР ҰКП жобасы), мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстардың (Kitap.kz, Bilim-Lang, Qascontent, Әдебиет порталы т.б.) дамуының нәтижесінде қоғамда тілтанымдық зерделеуден әлі өте қоймаған, лингвистикалық зерттеу нысаны бола қоймаған үлкен тілдік жаңартпалар базасы қалыптасты. Біздің болшақтағы зерттеуімізде осындай деректер мен бұған дейін жиналған деректерді, яғни А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген 30 млн. сөзқолданыс көлеміндегі қазақ тілінің ұлттық корпусынының цифрленген мәтіндік базасын неологизмдерді анықтаудың көзі ретінде қолдану көзделеді.

Сол сияқты осы мақалаға арқау болып отырған зерттеу объектісі Қазақстандағы аудиториясы үлкен Вконтакте (vk.com) және Фейсбук (Facebook) әлеуметтік желісінің тілдік контенті де қарастырылмақ.

Сандық талдау. Аталған әлеуметтік желілердің қолданышуларының тілдік контентін қарастырмас бұрын, оны пайдаланушылардың санына, яғни статистикасына қарай Қазақстандағы интернет-коммуникациядағы орнын анықтап алу қажет. Мәселен, Интернет сайттарға мониторинг жүргізетін Alexa сервисінің рейтингі бойынша интернеттің .kz сегментінде В контакте әлеуметтік желісі трафик жағынан #3-сайт. Ал әлем бойынша #17 орында.Сондай-ақ Alexa-ның деректері бойынша Вконтакте әлеуметтік желісінің 3,2% трафигі Қазақстаннан жүреді. Alexa бойынша Facebook әлем бойынша #3 және Қазнетте трафик жағынан #28-сайт.

 

Вконтакте (vk.com) әлеуметтік желісі. Мәліметтерге сүйенсек, Вконтактеде Қазақстаннан 14 пен +65 жас аралығында 12 121 000 аккаунт тіркелген. Олардың ішінде 6 048 000 (50%) ер, 6 049 000 (50%) әйел адамға тиесілі. Толық мәліметті 1-инфографикадан көре аласыз.

1-инфографика.

Alexa-ның Вконтакте желісі туралы мәліметі бойынша Қазақстан әлеуметтік желіні пайдаланатын елдердің ішінде Ресей, Германия, Нидерланд, АҚШ-тан кейінгі бесіншісі орында. Дегенмен бұл жерде ескере кететін бір жайт бар. Украина саяси себептермен ресми түрде өз аумағында әлеуметтік желіні бұғаттағандығын және Украинадан трафик VPN көмегімен шетелдік (Нидерланд, Германия, АҚШ және т.б.) IP мекенжайлар арқылы өтіп жатқанын ескерсек, де-факто қазақстандық пайдаланушылар Вконтакте желісін тұтынатын үшінші үлкен аудитория болып табылады. Сондай-ақ қазақстандық пайдаланушылар бұл әлеуметтік желіні тұтынушылардың жалпы санының 3,6 пайызын құрайды. Вконтактенің юзер интерфейсі қазақ тіліне 2008-2009 жылы аударылған. Сайттың қазақша нұсқасын уеб және мобильді (Android, IOS, WP) құрылғылардан қолдануға болады. 2018 жылдың сәуір айындағы мониторинг негізінде Вконтакте желісіндегі пайдаланушылар саны жағынан ең үлкен 20 бірлестіктің

- 12-сі қазақтілді;

- 7-і орыстілді;

- 1-і қазақша/орысша аралас болып шықты. Вконтакте әлеуметтік желісінде қазақтілді пайдаланушылар туралы нақты мәлімет көрсетілмегенімен, жоғарыда келтірілген жанама деректер арқылы қазақтілді аудиторияның үлесін шамалауға болады.

 

Фейсбук (Facebook) әлеуметтік желісі. Мәліметтер бойынша Фейсбукте Қазақстаннан 14 пен +65 жас аралығында жалпы 6 600 000 аккаунт тіркелген. Олардың ішінде 3 036 000 (46%) ер, 3 564 000 (54%) әйел адам. Фейсбуктың жарнама құралдарының мүмкіндіктері кең әрі жан-жақты болғандықтан, қазақтілді аудиторияны бақылауға мүмкіндік көбірек. Қазақстандық 6 600 000 аккаунт ішінен әлеуметтік желіні барлығы 837 000 адам қазақ тілінде пайдаланады. Олардың 352 000-ы (42%) ер адам болса, 485 000-ы (58%) әйел адам. Толық мәліметті 2-инфографикадан көре аласыз.

2-инфографика.

Қазақстанныңфейсбук аудиториясы әлеуметтік желінің күнделікті жалпы аудиториясының 0,5 пайызын құрайды. Ал қазақтілді аудиторияның үлесі жалпы күнделікті желі аудиториясының 0,49%-ыннемесе Қазақстандық аккаунттардың 12,6% болып келеді. Фейсбуктың тек уеб нұсқасы қазақ тіліне 4-5 жыл бұрын аударыла бастағанын, қазіргі таңда юзер интерфейсінің қазақшаға аударылып жатқанын және қазақша мобильді нұсқасының әлі шықпағанын ескерсек, 800 000 аса пайдаланушыжақсы көрсеткіш болып саналады.Socialbakers серивисінің 2018 жылғы сәуір айындағы деректеріне сүйенетін болсақ, әлеуметтік желінің .kz сегментінде пайдаланушылар саны жағынан ең ірі 20 парақша контентіне мониторинг жүргізу барысында: 13 парақша жұмысын орыс тілінде; 2-і тек ағылшынша; 2-і орысша ағылшынша аралас; 1-і қазақша/орысша қатар; 1-і қазақша, орысша, ағылшынша аралас; 1-і тек қазақ тіліндежүргізіп жатқаны анықталды.

Қорыта айтқанда, Вконтакте мен Фейсбук сырт белгілері ұқсас әлеуметтік желі саналып, функционалды қызметі ұқсас болғанымен, ішкі құрылымы, жұмыс жүргізу, пайдаланушылардың жеке деректерін басқару саясаты және т.б. аспектілер тұрғысынан екі түрлі құрылым екені байқалды. Бұл өз кезегінде екі әлеуметтік желі аудиториясының сандық және сапалық көрсеткіштеріне, контент жасау саясаты мен талаптарына әсер етеді. Мәселен, Вконтактенің Қазақстандағы негізгі аудиториясы 18-34 жас аралығындағы студенттер мен жастар болса, Фейсбукте 25-44 жас аралығындағы жастар мен орта буын өкілдері. Вконтактеде көбіне желі пайдаланушыларыкөңіл көтеру, сергіп алу бағытындағы (кино, музыка, онлайн ойындар, хобби, т.б.) контентті көбірек тұтынса, фейсбук аудиториясы көбіне іскерлік, әлеуметтік, танымдық контентті тұтынады. Сондай-ақ фейсбукта экономикалық тұрғыдан белсенді аудитория отыратындықтан, аталмыш желі компаниялар, коммерциялық ұйымдар мен банктер үшін маркетинг тұрғысынан маңызды әрекет етуалаңы, ақпараттық кампанияларының өзегі саналады. Фейсбуктың юзер интерфейсі мен контентін әлемдік стандарттарға сәйкес түпнұсқа тілден қазақшаға аудару әрі бейімдеу, сол сияқты фейсбук коммуникациядағы тілдік контентті сүзу арқылы тіл иелмендеріміздің виртуалды кеңістікте жасап жатқан жаңа сөзқолданыстары мен тілдік жаңартпаларын жинап алуға болады. Себебі зияткерлік әлеуеті жағынан сапалы аудитория осы желіде отырғандықтан, мұндағы тілдік жаңалықтардың қатарында неологизмдер, соның ішінде жаңа терминдердің көптеп кездесу ықтималдығы жоғары. Қазіргі кезде аталмыш әлеуметтік желі иелмендерінің ішінде креативтік тілдік тұлғалар өз шығармашылығымен тіліміздің лексикалық құрамының байып, кемелденуіне зор үлес қосып жатыр деуге әбден болады.

Вконтакте және фейсбук әлеуметтік желісі қазақтілді инфосфераның өсуіне де ықпал етіп отырған беделді алаңдар деуге болады. Бұл үрдіс аудиторияның жас ерекшелігіне, құндылықтарына, қызығушылықтарына, қоршаған ортасына, көзқарасына, біліміне және т.б. талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес үнемі өзгеру үстінде. Аталған құбылыстардың тілдік санадағы көрінісі, қоғамдағы сандық және сапалық тұрғыдан өзгерістердің көрсеткіші болып табылады. Өз кезегінде бұл көрсеткіштер тіл дамуының маңызды маркерлерінің бірі. Себебі тұтынушысы бар ортада ғана тіл өседі, дамиды, түрленеді.

Сапалық талдау. Сонымен, кең таралған екі әлеуметтік желі тұтынушыларының жасерекшеліктік сипатына қарай тинейджерлерге тән жаңа сөзқолданыс, жаргон әсіресе Вконтакте желісінде көбірек кездеседі де, жаңа лексиканың алаңы зияткерлік әлеуеті жоғары Фейсбук бола алады деген тұжырым қате болмас. Сондықтан ұсынылған алғашқы зерттеуімізде екеуінің тұтынушыларының сандық сипатымен қоса, соңғысының, яғни Фейсбук желімендерінің тілдік жаңартпаларына сапалық талдау жасап, олардың ішіндегі лексикалық және ішінара семантикалық неологизмдерді  көрсетпекпіз. Бұл үшін бірнеше Фейсбук пайдаланушыларының 2018 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығындағы посттарының мәтіндерінен тілдік жаңартпалар жинақталды. Тілдік тұлғасы әрі желімендер (желі пайдаланушысы) арасындағы танымалдығы жағынан беделді Фейсбук-коммуниканттардың посттары алынды. Желі коммуникациясындағы әртүрлі дискурсты қамту үшін өз кәсіби құзіреттілігін қоғамдық өмірдің түрлі саласында жүзеге асырып жүрген қазіргі әлеуметтік желіде де, медиакеңістікте де танымал мынадай белсенді тұлғалар таңдалды: Айдос Сарым (саясаттанушы), Асылхан Мамашұлы (журналист), Жанат Әскербекқызы (ақын), Мұхаметжан Тазабек (діни телеарна басшысы), Мұхиддин Иса (дінтанушы, исламтанушы), Қазыбек Иса (қоғам белсендісі), Өркен Кенжебек (блогер-журналист), Нұрлан Жанай (айти маманы, блогер). Зерттеудің алғашқы кезеңі жүзеге асырылып жатқандықтан, аталған желі-коммуниканттарының тізімі әзірше шектеулі, алдағы уақытта олардың қатары да көбейетінін, мәтіндерінің көлемі де ұлғаятынын еске саламыз.

Мұнда бір ескеретін жайт, көп сөздер жеке желімендер мәтінінен алынғанымен, қазіргі виртуалды кеңістік тіліндегі неологизмдер, «мода» сөздер, яғни жиі қолданыс алған сөздер болып табылады, демек олардың авторы белгісіз, ал авторы белгілі, яғни осы зерттеу нысанындағы мәтін авторына ғана тән сөздер окказионал деп жеке көрсетілді.

Жаңартпа сөздер әдеби, бейәдеби және аралық тілдік қолданыстар болып үш арнада төмендегідей жіктелді. Әдеби тілдік қолданыстарды нормативтік сөздіктерге енгізіп, стандартталған лексика ретінде қатаң сақтауды талап етуге болады. Бейәдеби жаңа қолданыстарға сақ болу керек, себебі олар тілдік-мәдени қауымдастық өкілдерінің бәріне түсінікті бола бермейді, алайда олардың ішінде танымалдық алып, жиі қолданысқа ілігетіндері сирек болса да кездесіп қалуы мүмкін. Ал зерттеуде шартты түрде «аралық қолданыстағы» деп отырған жаңартпалар алдында айтылған екі арнаға да қатысты емес, мәртебесі әлі орнықпаған лексика, олардың не әдеби нормаға, не бейәдеби қолданысқа тән болуын сыртқы түрткіжайттар мен уақыт анықтай жатады.

І Әдеби тілдік қолданыстар:

- «мода» сөздер: дресс-код (киім үлгісі), молдавуд (Молдавияның киноиндустриясы), тренд, фэйслифтинг (әжім болмас үшін бет терісін тарту), глоссарий  (сөздік), диджитал (бейнежарнама), диджиталдану/диджитализация;

- бренд атаулары: самсунг, фейсбук, инстаграмм, бмв, вконтакте, нексия, ранджровер, твиттер, гугл, ютуб, адидас, Дукати, Еуровидение, мессенджер, Реутерс, Реал, уатсап, вк (Вконтанкте әлеужелісінің қысқарған атауы);

- жаңа ономастикалық атаулар: ратель (қазақстандық БАҚ атауы), Кар-сити (автосайман базарының аты), ламифарен (танымал биологиялық белсенді қоспа атауы), Шымкент-шоу, Қазақпарат, Қазақтелеком, Самұрық-қазына;

- жаңа ұғым, түсінік, құбылыс атауы болып табылатын сөздернеологизмдер: селфи, спам, айфон, голливудтықтар, ділдік, е-калькулятор, кофехана, таксиші, үштілділік, аккаунт, англосаксонша, девальвациялану, ескінемісше, ескіскандинавша, флешмоб, әліпбисымақ, авторсымақ, кофталы, бизнесмен, видеоинженер, гүленші (Фетхуллах Гүленді қолдаушылар), коммент, седан, смартфон, теледебат, грифон, хабарластық, бақыттылық, бөлушілік, ағымшылдық, алаштық, тойлағыш, көппәтерлі, қысқаметражды, мәжбүрлі, толықметражды, шаншарлық (Шаншар театрының әртісі), конвертерле, ақжолдық (Ақжол партиясының өкілі), әлеуметшілдік, бейнежауап, қаранарлық (ауыспалы мағынада), транскомпания, хакерлік, стильдеу, рысқұлбековтанушы, паркинг, виртуал, ойтолғақ, панель, портал, фотоанализ, бейнемәлімдеме, бейнеплатформа, жылжабар (жылды қорытындылайтын), кинотарих, қаншарап (қызыл түс туралы), спойлер, медиаорда, наркобарон, пиар, продюсер, слоган,  стенографистика, супермаман, тальго, тараздық, фотоқұмарлық, фотосессия, хаммам, чартер, инклюзивті, крипторхизм, қорқорлат,  аккаунт, афроамерикалық, видеосабақ, ирландық, сәләфизм, сириялық, скриншот, цифрландыру, блог, блогер, блокчейн, браузер, домен, видеоблогер, видеоблог,  гаджет,   монстр, онлайн, опцион, оффлайн, пиар, пост, репост, социум, тренинг, фейк, фоллоуер, форум, шоумен, экожүйе, экотрагедия, посткеңестік, супер, мобильді, отшашар, универсиада.

- жаңа қысқарған сөздер: мемқызмет, мемемтихан, мемтіл,  әлеужелі (әлеуметтік желі), жолпол, ЖСДП,  соцпартия, Қазмедиа;

- жаңа үстеме семантика алған сөздер: астаналық (елордалық емес, Астана қаласының тұрғыны мағынасында), ашынғандар (наразы әлеуметтік топ мағынасында), контакт (виртуалды коммуникациядағы байланысушы тараптар мағынасында), бұрымсыз (қысқашашты), сорқұдық (поэтикалық образды қолданыс), бірегейлік (қандай да бір әлеуметтік топ мүшесінің сол әлеуметпен өзін сәйкестендіруі деген қоғамдық-гуманитарлық сала термині мағынасында), елжандылық, шалақазақ (о бастағы ата-анасының бірі ұлты басқа болған екінші, үшінші ұрпақтағы қазақ деген мағынада емес, ана тілінен қол үзіп қалған қазақ), ұяттылық («ұят болады» дегенді әсірежелеу етушілік деген теріс мағынада), парақша (виртуалды коммуникацияға қатысты терминдік мағынада), сұраным (әлеужелде дос болуға ұсыныс жіберу), цифрлан,цифрландыр(сандық технологияларға қатысты), арабтан (арабтарға көзсіз еліктеу мағынасында), зомби (интернетке тәуелді деген жағымсыз мағынада), жанкешті (діни фанат деген жағымсыз мағынада), толерантты (қазақ мәдениетіне тән өзгелікке деген жаппай төзімділік мағынасында);

- жаңа қос сөздер: байланыс-орталық, жиын-хабар, инвестициялық-өндірістік, сауап-табыс, рухани-ағартушылық, қабілет-қарым, өмір-салт, өнеге-дәстүр, ақын-журналист, әнші-сазгер, пікір-ұстаным, саясаткер-кәсіпкер, әдеби-мәдени, мәдени-әдеби, ашылып-ақтарыл, бауыр-бүйрек, дүкен-сүкен (сөйлеу стилі), бизнес-форум, ар-ождандық, жол-көлік, колл-орталық, қияр-сәбіз, процессор-жады, реалити-шоу, секонд-хэнд, семинар-тренинг, интернет-дүкен, мастер-класс, онлайн-күнделік, интернет-трафик, бизнес-коучер;

- тар қолданыстағы, шағын мамандар тобына таныс болған, бірақ заманауи үрдістерге байланысты кеңқолданыс алып, қалың бұқараға танымал болған арнайы (термин) сөздер: апостроф, алгоритм, диграф, иероглиф, латын, кирил, дифтонг, орфография, орфоэпия, фонетика;

- қайта жаңғырған ескі кітаби діни лексика: милади (христиандық жыл санау), османлы, фәтуа, хижри, бейнамаз, әлімсақтық, ғайбатшылдық, жамағатшылық, кәпіршілдік, қарилық, мисуәк, ақида.

 

ІІ Бейәдеби қолданыстар

 

- варваризмдер: звонда, кузов (шанақ болу керек), запонкала, айтишник, зарядка, розетка, подписчик, индивидуалист.

- орфограммасы ауызша сөз әсерімен бұрыс өзгертілген төл сөздер: тЫмаурат (еріндік қысаң дауысты Ұ дыбысын көршілес езуліктердің әсерімен езулік қысаң Ы мен айтудың жазудағы көрінісі), ассалоу, жәйлі, қағылез, әппағым;

- кейбір тұрмыстық заттардың бейәдеби қолданыстағы орысша атауы, орысша жаргондар: крузак, блатной, аварийка, понт, сотка, прикол;

- сленг/жаргон сөздер: зың, сындыр, легалда.

 

ІІІ Аралық жаңа қолданыстар

- окказионал сөздер: мемастау (мемлекеттік астау – авторы Айдос Сарым), трампылда («Трамп», «Трамп» деп шулау – авторы Айдос Сарым – бұдан әрі А.С.), шал-ардагер (А.С.), антимагомаев (А.С.), Газдандырылғандықтарыңызбен! (газқұбырға қол жеткізулеріңізбен деген юморлық құттықтау одағайы – авторы А.С.), үтірица (апострофтар арқылы жасалған латыннегізді қазақ әліпбиі жобасының латиницаға ұқсатып қойған юморлық атауы – авторы А.С.), көбелек-күн (образды поэтикалық қолданыс – авторы Жанат Әскербекқызы, бұдан әрі – Ж.Ә.), бөрі-ана (Ж.Ә), жібек-меруерт (Ж.Ә.), қар-көйлек (Ж.Ә.), сағым-қыр (Ж.Ә), аруана-жас (Ж.Ә), әз-арман (Ж.Ә.), бал-саумал (Ж.Ә.), ғұмыр-елік (Ж.Ә.), жан-қалып (Ж.Ә.), жүрек-әлем (Ж.Ә.), жүрек-жұрт (Ж.Ә.), қараша-күн (Ж.Ә.), қараша-өмір (Ж.Ә.), қызғаныш-қылыш (Ж.Ә.), мұң-дала (Ж.Ә.), мұң-өмір (Ж.Ә.), өмір-толқын (Ж.Ә.), сыр-көмбе (Ж.Ә.), тас-тәні (Ж.Ә.), тұман-көйлек (Ж.Ә.), тұман-теңіз (Ж.Ә.), уақыт-жел (Ж.Ә.), үр-дүния (Ж.Ә.), үр-шағым (Ж.Ә.), шер-шеме (Ж.Ә.), шөл-дем (Ж.Ә.), шілде-жаз (Ж.Ә.), Жарлығаш (Қарлығашқа ұйқас ұл баланың аты – авторы Өркен Кенжебек, әрі қарай - Ө.К.), желқыз (жағымсыз - Ө.К.), көтталақ (дөрекі – Ө.К.)

- авторлық (окказионал) жаңа грамматикалық қолданыс және жаңа дұрыс орфограммалар: субъектив (субъективті емес), электравтобус (электроавтобус емес), электркөлік, электрмобиль, Бейжің (Пекин емес), Шынжаң (Синьзян емес), процес (процесс емес), қарашаңырақ (ауыспалы мағынада бөлек емес, брге тұлғаланғаны дұрыс)

- орфограммасы әлі тұрақтамаған жаңа ұғым атаулары: бренд/брэнд

- ауызша игерілген сөйлеу стиліндегі шеттілдік сөздер: пішінәй (печенье), сәбет (совет), ыспокойны (спокойный), бәлшебек (большевик), диуан (диван), популис (популист), сиез (съезд), шорти (шорты),обшым (в общем), әбшение (общение), кірәсіпшік (красавчик), мәләдес (молодец), рекомендеймін (рекомендую), сериозный (серьезный), түрси (трусы), бақабит (уақабшы), алқоритім (алгоритм),  минөт (минут), хайып (хайп), аутоматты (автоматты);

- орыс тілі арқылы игеріліп кетсе де, ағылшын тілінің айтылу үлгісі бойынша берілген орфограммалар: оппозишн (оппозиция), мотивейшн (мотивация), прожект (проект).

Қорыта айтқанда, қазақтілді әлеужелі желімендерінің тілдік қолданысынан әртүрлі үрдістер байқалады. Олардың ішінде, сөз жоқ, бүгінгі тіліміздің заман талабына лайық жаңғыруы үшін пайдалысы да бар, сол сияқты тіл мәдениетін төмендететін, тілдік-мәдени қауымдастықтың барлығына бірдей танымал бола бермейтін «қисық» қолданыстар да бар. Біздің ойымызша, осы жаңа коммуникация алаңында жасалып жатқан тіл бірліктеріне, туындап жатқан жаңа мағына, жүріп жатқан үдерістер үнемі тілтанушылардың назарынан шықпауы керек. Себебі жаһанияттық коммуникация виртуалды кеңістікте кеңейе түспесе кемімейтінін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан да, бір жағынан, осы алаңдағы тіліміздің лексика-семантикалық қорын байытатын бірліктерді сұрыптап кодификациялау, нормалау керек болса, екінші жағынан, бейәдеби қолданыстардың түрін түстеп отыру да тіл иелмені мәдениетін арттыру үшін пайдалы болмақ.

 

А.Фазылжанова

(А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білім институты

жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.)

Қ.Дүйсен

(А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білім институтының

ғылыми қызметкері,

филология магистрі)

 

 

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру