Орфографияның орны бөлек
Қазақ тілінің келелі мәселесінің ішінде орфография, демек, сөзді дұрыс қолданып, дұрыс жазу ережелерінің жинағы бәрінен де маңыздырақ. Қай тілде болса да емле түзелмей, іс өрге баспайтыны жиі еске алынуда. Ана тілімізді орамды да икемді ететін орфографиядағы оңтайлы емле ережелері жазу мәдениетімізді дамыта түсудің айқын күштері болумен қатар, тіліміздің кең қанат жаюына да әсер етіп, мемлекеттік тілді үйренерлік қажеттілікті тудыруда маңызды рөл атқармақ.
Осыны ескеріп 2017 жылы қазақ әліпбиін латын графикасына көшірер алдында емлеге қатысты дау-дамай, талас тудырған тұстары жайында тіл мамандарымен жан-жақты пікір алысып, бір тоқтамға, пәтуаға келіп, орфографияны жетілдіру мақсатымен үш дүркін өткізілген дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» аталатын кітапшаны баспадан шығарып, Алматыдағы барлық жоғары оқу орындарындағы тіл мамандарына, мерзімді баспа орындарына таратып беріп, пікір алыстық. Кездескен адамдардың бәрі де оң пікірін айтып, ең бір өзекті мәселеге арналған еңбектің маңыздылығына мән берді.Лексикалық, фонетикалық, морфологиялық, құрылымын жетілдіру арқылы тілімізді көркейтетін оңтайлы тәсілдерге ешбір тіл жанашырының шетқақпай болмайтыны анық.
Дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, академик Әбдуали Қайдар, «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы, сол кездегі институт директоры, профессор Мырзаберген Малбақовтардың қолдауымен өткізген едік. Қазақ тілі халықаралық деңгейге көтеріліп, он шақты шетел университетінде арнайы пән ретінде оқытыла бастағанын ескерсек, емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдіріп, тиянақтаудың, сол арқылы тілімізді құрмет тұтқызудың керектігі ойға оралады.Қазақ тілінің бүгінгі қалпы мен келбеті, болашағы емлені ұштай түсіп, орфографиясын жетілдірумен байланысты. Сол арқылы халықтың жаны мен ділін, рухы мен болмыс-бітімін татытатын ана тіліміздің әуезділігін сақтауға, кемшін тұсын жөнге келтіруге бейжай қарамай алға оздыру оның кең қолданысқа ие болуына септігін тигізбек.
Жұмысыма көмектесіп, қолғабыс тигізген ғалым – филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбай. Ол Қазақ ұлттық университетінде аталған еңбекті талқылап, пікір айту мақсатымен арнайы отырысты өткізді. Анарға ізгілік ниетпен, ағалық тілекпен зор ризашылығымды білдіремін.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы біраз әріптестерім қолдау білдіріп, институт директоры, профессор Ерден Қажыбек белсене араласып, «Тілдік реформа. Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» атты дөңгелек үстел өтіп, оған қатысушылар аталған жұмысты жоғары бағалап, оның қазіргі таңдағы ең өзекті мәселеге арналғанын атап өтті.
Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Ербол Тілешев мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Ерекең аталған еңбегіме қызығушылық танытып, орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобындағылардың оны оқып, пікір айтуға дайындалып жатқанын, оның қорытындысын кейінірек айтатынын жеткізді.
Орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымына қатысты «алдыңғы сөздікті ешбір өзгеріссіз көшіре салған сөздік» деген сын пікір айтылған еді. 2013 жылғысы да сөздіктің 6-шы басылымын еш өзгеріссіз қайталап басқан. Тек сөздіктің көлемін ұлғайтқан.
Биылғы жылғы латын негізді «қазақ емлесінің негізгі ережелерінде» де кирилл әліпбиіндегі әріп санын азайтуға қатысты жазуды ғана өзгертіп, қазақ орфографиясының ережелерін жаңарту, жетілдіру мәселесі алдағы атқарылар іс-шаралардың ең бастысы және өзектісі екені өз мәнінде жеткілікті түрде ескерілмей қалған. Қысаң дауысты дыбыстардың емлесі қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі екені емленің негізгі ережелерінде жөнді ескерілмеген.
Қазақ тілінің толық орфографиялық сөздігінде соңғы буында ы, і дыбыстары бар сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда редукция заңдылығымен ы, і дыбыстары сусып қалатыны айтылған. Алайда бұл емле ережесін қолдануда бірізділік, жүйелілік сақталмағандықтан, сауаттылықты кері кетіріп жүр. Атап айтқанда даурық/дауырық, естіпті/есітіпті, мақлұқ/мақылұқ, саңлау/саңылау, ықлас/ықылас, атрап/атырап, таусып/тауысып, жартымды/жарытымды секілді жарыспа тұлғалардың қайсысы әдеби норма екенін есте сақтау қиын болғандықтан, мектеп оқушыларын айтпағанда, тіпті тіл мамандарының өзі де орфографиялық сөздіктен қайталап қарауға мәжбүр боп жүр. Мұның өзі – қазақ тілінің емле сөздігінің ғылыми принципі әлі де болса жүйеленіп жете зерттеле қоймағанының бір айғағы.Бұны айтпағанның өзінде аулы және ауылы, даусы және дауысы, ойны және ойыны, аузы және ауызы, қарны және қарыны, қойны және қойыны сөздерінің екі нұсқасының қатар берілуі емлені, сауаттылықты бұрынғыдан ары кері кетіріп, былықтыру демекке лаж жоқ. Ешбір тілде бір сөздің мұндай екі түрлі бұрмаланып жазылуына жол берілген емес. Қысаң ы, і әріптерін үстемелеп жазып, солай оқу салдарынан сөздің қалыпты дыбысталуын бұрмалап, оқылуын ауырлатып, әуезділігін солғындатып, табиғи тартымдылығын төмендетіп, оның дыбыстық құрылымының дамып жетілу үрдісіне тежеу жасап, тосқындық келтіріп жүрміз. Мұның өзі айналып келгенде қазақ тілін үйренуді қиындататындықтан оған немқұрайды қарай алмаймыз. Негізгі ережеде ж,ш,й әріптерінің арасындағы а дыбысы жіңішке айтылғанымен, жазуда а әрпі таңбаланады делінген екен. Оны сөздер бірыңғай жуан не жіңішке үндесіммен жазылады деп түсіндірген.
Сөздің табиғи айтылымын ескеріп, ә әрпімен жазылуға тиіс сөздер қазіргі орфографиялық сөздікте көрсетілгеннен көбірек деп, қырықтан астам мысал келтіріп едік. Езу үндестігі тіліміздің басты фонетикалық заңдылығы болғанымен, фонетикалық құрылымның күрделеніп, жетілуі барысында одан ауытқыған сөзде де аз болмай отыр. Әдіреғал, әжуа, әжуалау, әйбат, әппақ, әруақ, жәйлау, жәйында, мәнсап, жәп – жақсы, тәмам секілді жуан, жіңішке аралас буынмен айтылатын сөздердің естілімі әуездірек.
Негізгі ережеде в, х әріптерінің емлесі арнайы айтылмапты. В дыбысы қазақ тіліне тән емес деген пікір шындыққа мүлде жанаспайды. Соның кесірінен 70-80 жыл бойы жазып келген европа, завод, товар, т.б. атаулардың емлесін өзгерту тіліміздің әуезділігіне нұқсан келтіруімен қоса, сауаттылықты да кері кетіргені айтылып жүр. Сондай-ақ түркі халықтарының басым көпшілігінде айтылатын х дыбысының біздің тілімізде де қолдануы қалыптасып кетті. Х әрпімен жазылуға тиіс сөздер қазіргі орфографиялық сөздікте берілгеннен көбірек. Тіліміздің дамып, жетілу барысында қолданысқа енген бұл әріп дыбыстың құрылымының кең ауқымды, жан-жақтырақ болуына септігін тигізгенін ескергеніміз жөн. Ана тілімізді көркейтудің ең бір маңызды тәсілі кіріккен және біріккен сөздердің емлесін ұштай түсумен байланысты. Өйткені қазақ тілін үйренуде орыстілділерге ыңғайсыздық тудырып отырған осы аталған тұсы мемлекеттік тілді құрмет тұтқызуға қыруар кедергі келтіріп, мұның өзі қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны жобада ескерілмепті. Біріккен және кіріккен сөздердің емлесі жеке тақырыпшамен айтылмапты. Оның орнына «Түбір сөздердің емлесі» деген тақырыпшада «сөз тіркесіндегі жеке сөздердің негізгі тұлғасы сақталып жазылады» деп, келе жатыр (келатыр емес), бара алмады (баралмады емес) деп мысал келтірген. «Бөлек жазылатын сөздердің емлесі» деген тақырыпшада «Күрделі етістіктердің әрбір сыңары бөлек жазылады, келе жатыр, бара алмады (келатыр, баралмады емес)» деп мұнда да қайталапты. Жалпы тіл – тілге қатысты кемшін тұстар екі түрлі. Бірі – емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдіру арқылы жөнге келтіру мүмкін тұстары. Екіншісі — емлесін өзгерту мүмкін болмайтын кемшін тұстары. Сөз варианттарының бірін әдеби тілдің нормасына жатқызарда бір нұсқасы сөз тіркесі, екінші нұсқасы морфологиялық құрылымнын дамып жетілу барысында қалыптасып кіріккен сөз болса, кіріккен сөзді таңдау арқылы орфографиямызды жетілдіреміз. Сөйлеу тілінде айтылатын келе жатыр / келеятыр / келатыр, бара жатыр / бараятыр / баратыр сөз нұсқаларының екінші я үшінші кіріккен сөзге айналған нұсқасын таңдасақ, мәселе оң шешімін табады. Мағыналық дербестігі жоқ сөздердің ішіндегі тек қазақ тілінде ғана айтылатын «жатыр» сөзі көршілес туыс халықтар тілінде кіріккен сөздің қосымшасына айналса, «алды» сөзі біріккен сөздің қосымшасы түрінде жазылады. Бізде ең бірінші кезекте осы екі сөздің емлесін оңтайлы етіп, бір жүйеге келтірсек, тілімізді елеулі түрде көркейте, жетілдіре түсуге қатысты өзекті мәселе өз шешімін табар еді.
Белгілі бір жүйені, реттілікті сақтап, кіріктіріп жазуға келетін сөздер тілімізде әлі де болса жеткілікті. Мәселен, алып / ап, едім / ем, едің / ең, едік / ек, келіп / геп, қалып / қап, уақыт / уақ, қылып / қып варианттарының соңғы нұсқасының сөз тұлғасының ықшамдалу барысында кіріккен сөздің қосымшасына айналғанын ескерусіз қалдырып келдік. Мысалы, келівап, шақырывап, көрівап, күтівем, естівем, барывең, көмек берівек, ескертівек, айтқымгеп, көргіңгеп, кіргімізгеп, күтівек, ұрыссынгеп, білгімгеп, тұрағап, отырағап, көресап, келесап, кіресап, жәрдемғып, танывапты, байлавапты, кірівапты, әңгімеғып, ендігеп секілді кіріккен сөздердің аражігін ашып, сөз тіркесі түрінде жазғанымыз тиімді емес. Түркі тілдеріне тән ортақ заңдылық бойынша біріккен сөздер ықшам, жинақы қолданысты толықтырумен қоса, тілдің жалпы коммуникативтік қызметіне қолайлы болып табылады. Өкінішке қарай, орфографиялық сөздікте біріккен сөздерді беруде бірізділік, біріңғай жүйе сақталмай келеді. Біріккен сөздердің табиғи дұрыс айтылуын сақтап, қатаң дауыссыз дыбысты ассимиляциялық үндестік заңымен ұяңдатып, дыбыстық жағынан қиюластырып жазу өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақ емлесінің негізгі ережелерінде бұл да ескерілмепті. Туыс тілдердің басым көпшілігінде біріккен сөздер фонетикалық ұстаныммен жазылады.
«Кем кетіксіз тіл болмайды» деген екен атақты бір ғалым (нет идеальных языков). Тіптен әлем тілдерінің ішіндегі ең бай тілдің біріне жатқызып жүрген орыс тілі мен қазақ тілін салыстырып зерттегенде мұны анық байқадық. Кейбір тұстарда орыс тілі байырақ, жан-жақтырақ. Ал қазақ тілінің орыс тілімен салыстырғанда байырақ, жан-жақтырақ тұсы одан кем емес. Соған орыстілді қандастырымыздың көзін жеткізіп, бай да бедерлі, бейнелі де нақышты тілімізді құрмет тұтқызу мақсатымен «Элементарный курс казахского языка», «Учебник трудностей казахского языка», «Казахский язык: просто о сложном» аталатын үш оқулығымды «ғылыми-танымдық басылым» (научно-познавательное издание) деп атап жүр. Онда аталып отырған мәселеге қатысты «О некоторых неточностях, допущенных в учебных пособиях», «Спорные вопросы казахской орфографии» деген тақырыптар бар.
Ара-тұра айтып жүргеніміздей, «мың өліп, мың тірілген», тағдыр тауқыметін көп тартқан халқымыздың сан ғасыр бойы армандап келген егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет болғанын көзі көріп, соның куәгері болу 80 жастан асқан адам үшін қандай зор қуаныш десеңші. Сол үшін де өзімді шексіз бақытты сезінемін. Ендігі бір үлкен арманым – ата-бабамыз қалдырған аса қымбат қазынамыз ана тіліміздің шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналып, өз тұғырына қонғанының да куәгері болсам деген тілек. Өмірімнің көбі өтіп, азы қалғанда бастап қойған жұмысымды аяғына жеткізсем деген ниетпен мүмкіндігімше еңбектеніп, орфографиялық сөздікті молықтырып, жетілдіруге қатысты неше мың сөзді топтастырып қойдым. Қазақ тілінің таңғажайып қасиеттері жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Қазіргі таңда айтып жүргеніміздей, қазақ тілі – әлемдегі сөздік қоры өте бай, морфологиялық құрылымы икемді, оралымды да ойнақы, жан-жақты дамып жетілген, көркем де қуатты, шұрайлы да шырайлы, әдемі де әуезді, қыры мол, сыры терең, бедерлі де бейнелі, ұлттық бояуы мен қасиетін, табиғатын берік сақтаған, өміршең, кемелденген, тартымды, біртұтас, сындарлы тіл екенін айтып, әрдайым тілімізді марапаттап келдік. Осыған орыстілді қандастарымыздың көзін жеткізу үшін емлеге өзгеріс енгізер сәттегі көздейдін басты мақсатымыз – көңіл көзін әрірек жүгіртіп, тіліміздің тартымдылығын төмендетіп, табилығын кемітетін, кем соғар тұстарын жөнге келтіріп барып, шешім қабылдау керек екені айдан анық. Өкінішке қарай, орыс тілінде білім алушы өз қандастарымыз қазақ тілі сөзге жұтаң, кедей деп, оған мұрнын шүйіріп қарамасын, әзіл-мысқылға жол бермей, тілімізді құрмет тұтып, оны ұлықтап үйренуге деген ынта-ықыласын кемітпесін, өз тілін өзекке теппесін, өз тілінде сөйлегенді намыс көріп, қор санамасын десек, емлемізді ұштай түсудің епетейлі тұстары мен тетіктеріне мән берейік. 2018 жылдың 22 тамызында сарапталып, талқылау барысында даярланған қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасына енгізілген өзгерістер әлі де толықтыруды, жетілдіруді қажет етеді. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобына оқырманға кеңірек танымал білікті тіл мамандарын көбірек қатыстырып, «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» атты еңбегіме арналған дөңгелек үстел отырысын өткізіп, асығыстық жасамай, мәселеге жеңіл-желпі, атүсті қарамай, тыңғылықты түрде пікір алысуын сұраймын. Оған менің де қатысуым жөн шығар. Кеңесіп пішкен тон келте болмас дегендей, ана тіліміздің көсегесін көгертуге атсалысып, аянбай еңбек етіп жүрген озық ойлы, зерделі зиялыларымыз, тіл мамандары, журналистер, қаламгерлер, баспа орындары – күллі тіл жанашарлары ақылдасып, кеңесіп бір мәмлеге келіп, ортақ ісімізді дұрыс жолға қоюда күш біріктіріп, күрмеуі күрделі мәселені зейін қоя зерделеп, орнықты, әділ пікірін айтып, ұтымды жолды табармыз ден сенеміз.
Сейдін БИЗАҚОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор