Астанада «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің тұсаукесері өтті

02.11.2018

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің тұсаукесерін өткізді.   

Елімізде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 19 ақпандағы №637 Жарлығында бекітілген латыннегізді қазақ әліпбиін нәсихаттайтын және жаңа әліпбиге қатысты ақпаратпен, танымдық материалдармен бөлісетін жаңа әліпбиде жарық көріп отырған тұңғыш басылым – «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газеті қалың оқырманға таныстырылды. Онда «Әліпби», «Рухани жаңғыру», «Кие», «Ғалам», «Емле», «Сарап» және «Таным» айдарлары арқылы жаңа әліпби туралы ақпарат, танымдық материалдар жарық көреді.

«Араға 90 жыл салып, Қазақстан латын графикасындағы басылым шығаруды қолға алды. Бұл баршамыз үшін жақсы үрдіс деп есептейміз. Оның қоғам кеңістігінде де алатын орны зор болмақ. Бұл газет жаңалықтың жаршысы ғана емес, латын қарпінде оқып білуге, сауатты жазуға бейімделуге, үйренуге және рухани демалуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен таныстыру рәсімінде.

Шараға зиялы қауым өкілдері, Министрлік қызметкерлері, тілтанушы ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

 

 

Еске сала кетсек, латын графикасына көшу ұсынысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған болатын.

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру