Нұр-Сұлтанда Италия орталығы ашылды

17.06.2019

Қазақстан мен Италия мәдени ынтымақтастығын нығайтуда. Гумилев  атындағы Еуразия ұлттық университетінде Энрико Маттеи атындағы Италия орталығы ашылды. Мұнда Петрарка мен Данте сөйлеген тілді меңгеруге ниеттілер үшін арнайы курстар ашылады.

Тиісті меморандумға жоғары оқу орнының, Қазақстандағы Италия Елшілігінің және италиялық энергетикалық компанияның өкілдері қол қойды. Мәдени орталық биылғы күзден бастап жұмыс істейді деп күтілуде.  Сондай-ақ тіл курстарынан басқа, мұнда басқа да іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып отыр.

РОЗА ХАСЕНОВА, Л. Н. ГУМИЛЕВ атындағы ЕҰУ ИТАЛЬЯН ТІЛІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Бұл орталық қажетті оқулықтармен, техникамен жарақтандырылады. Студенттер үшін бұл орталықта итальян тілін жетік меңгеру үшін тамаша мүмкіндік жасалмақ. Италия үкіметі, елшілігі өз мәдениеттерін жергілікті жастарға таныстыру мүмкіндігіне қуанышты. Ол үшін студенттерге арнайы гранттар беріліп, олар тіл үйрену үшін Италияға барады.

ПАСКУАЛЕ Д'АВИНО, ИТАЛИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Біздің Орталықтың келушілері тек тіл курстарына қатысумен ғана шектелмейді. Олар Италияның кино, сән өнерімен, ғылымымен жақынырақ таныса алады. Айтпақшы, жақында біз Италия киносының фестивалін өткіздік. Ол үлкен табыспен өтті. Ал алдағы уақытта біз итальян тілінің апталығын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан тіл мамандары, сондай-ақ опера орындаушылары, сопрано, тенорлар опера тілінің ерекшеліктерін түсіндіру үшін арнайы келеді.

Сондай-ақ күзгі бағдарлама аясында Қазақстандағы Италия Елшілігі гастрономиялық апталық өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстандықтар Аппенин түбегінің ұлттық тағамдарынан дәм тататын болады.

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру