«Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» қазақ поэзиясының антологиясы жарық көрді

05.09.2019

«Қазақ поэзиясының інжу-маржандары». Еліміздің бас қаласында қазақ поэзиясының антологиясының тұсауы кесілді. Жинаққа Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Ілияс Жансүгіровтың, Олжас Сүлейменовтың және басқа да белгілі қазақ авторларының танымал шығармалары енген. Тиражы шамамен 1000 дананы құрайтын туынды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрді.

ӘЛІБЕК АСҚАРОВ, ЖАЗУШЫ, «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Негізі осы идеяның барлығы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз аузынан шығып, идеясына байланысты топ құрылды. Алдымен 30 шақты ақындардың аты-жөні ұсынылды. Соның ішінен 13 ақынды президент өзі таңдады. Ал қазақ поэзиясының эвересттері – 4-5 адам ғой: Абай, Мағжан, Қасым және Мұқағали. Алдымен осы төртеуі айтылды да, содан кейін тағы ұлы ақындар кім деген кезде 11 өмірден өтіп кеткен ақындар, содан соң бүгінгі таңда көзі тірі екі ақын, яғни Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов қосылды.   

Шараға отандық жетекші баспа үйлерінің өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, қаламгерлер мен ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.

 МҰРАТ ӘУЕЗОВ, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:  

- Жазушыларды іріктеудеудің өзі үлкен талғаммен жүргізілді. Бұл аударма жасауға жақсы негіз бола алады. Қазақ поэзиясының үздік авторларының шығармалары бір жерге жинақталып, басқа тілдерге аударуға ұсынылып отыр. Меніңше, алдағы уақытта бұл тізім кеңейе түседі, одан әрі жалғасын табады деп үміттенемін. Сонда қазақ халқының ұлы поэзиясы сонау ерте ғасырлардан келе жатқан біртұтас ұрпақтар сабақтастығы ретінде қазіргі оқырмандарға, өскелең ұрпаққа жетеді деп ойлаймын.                                Сарапшылардың айтуынша, қазақ поэзиясын насихаттау және дәріптеу ұлттық сананы қалыптастыруға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және әлемдік қоғамдастықта еліміздің рухани имиджін күшейтуге ықпал етеді.

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру