Салалық терминдерді біріздендіру бұқарамен бірге талқыланды
«Салалық терминологиядағы шеттілдік сөздердің қолданысы» тақырыбында онлайн-конференция өтті.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы termincom.kz сайтындағы электрондық алаңда онлайн-конференция өткізіп, «Салалық терминологиядағы шеттілдік сөздердің қолданысы» тақырыбын талқылады.
Конференцияның басты мақсаты салалық, шет тілінен енген терминдерді бұқарамен бірлесе отырып, біріздендіру мәселесін жан-жақты талдап, шешімін табу.
Тіл өз қызметі аясында үздіксіз дамиды жəне даму барысында көптеген өзгерістерге ұшырайды. Бұл – тілдік құбылыс. Басқа тілден енген терминдердің тіліміздегі қолданысы бүгінгі терминологияның өзекті мәселесі болып саналады. Кірме терминдер қабылдаушы тілдің заңдылықтары əсерінен фонетикалық, грамматикалық жəне семантикалық жағынан өзгерістерге ұшырайды. Кейбір терминдер тілімізге толығымен сіңіп кетсе, енді бірі төлтума тілдегі қалпын сақтап қалады. Дегенмен, шеттілдік терминдерді бірізге түсіру, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне сәйкес икемдеп қабылдау бүгінгі күннің еншісінде,- дейді ф.ғ.к. Бақытгүл Дәулетбекқызы.
Онлайн-конференцияда белгілі лингвист-ғалымдар байланысқа шығып, салалық терминологиядағы шеттілдік терминдердің табиғаты мен ерекшеліктерін, қызметі мен қолданысын талқылады. Тікелей байланыста және әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтан келген сауалдарға жауап берілді.
Тermincom.kz сайтының барша тіркелушілерін, тіл жанашырларын 25 қыркүйекте сағат 10:00-де өтетін «БАҚ кеңістігіндегі терминдер: тәжірибесі және теориясы» әдістемелік онлайн-семинарға қатысуға шақырамыз.