«БАҚ кеңістігіндегі терминдер: тәжірибесі және теориясы» әдістемелік онлайн-семинар

25.09.2019

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылғы 25 қыркүйекте «БАҚ кеңістігіндегі терминдер: тәжірибесі және теориясы» тақырыбында әдістемелік онлайн-семинар өткізеді.

Саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуды насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше орын алатыны белгілі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуі мен дамуында да БАҚ рөлінің айрықша екендігі анық.

Мақсаты – республикалық БАҚ өкілдері, белгілі лингвист-ғалымдар, бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде қолданылатын терминдердің табиғаты мен ерекшеліктері, мемлекеттік тілде ақпарат тарату, соның ішінде тіл нормасының сақталуы, сөйлеу мәдениеті, терминдердің бірізді қолданылу мәселелерін талқылау.

Онлайн-семинарда «Қазақстан» ұлттық арнасының бас редакторы Қайнар Олжай (Нұр-Сұлтан), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Бауыржан Иманғалиев (Нұр-Сұлтан), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к, доцент Сағатбек Медеубек (Алматы), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Алмагүл Әділова (Қарағанды), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Филология факультетінің доценті, ф.ғ.к. Балкенже Қарағұлова (Ақтөбе), А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Шурентаев (Қостанай) баяндама жасап, БАҚ терминдерінің қордаланған мәселелері төңірегінде ой өрбітеді.

Онлайн-семинар қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленетін болады.

Онлайн-семинардың басталуы: сағат 10.00.

Байланыс телефоны: 8(7172) 27-30-42, 8702-384-02-77

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру