Биыл «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының үшінші томы жарыққа шығады

16.10.2019

Биыл «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының үшінші томы жарыққа шығады. Бұл жөнінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды. Кезекті жинаққа Қостанай, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл өңірлеріндегі  көне ескерткіштер енгізілді. Жалпы жобаның аясында бес томдық энциклопедия құрастыру жоспарланған. Игі бастама нәтижесінде жалпыұлттық  рухани мекендердің тізімі де еселеніп, толыға түсті.

БАТЫРХАН ЖҰМАБАЕВ, «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Бұрын бас-аяғы 100 нысан болатын болса, қазірде кешенді түрде көбейтіліп, саны 206-ға жетті. Жұмыс жергілікті өңірде ғалымдардың, өлкетанушылардың ұсынысымен ғылыми сараптамалық кеңес мүшелеріне таныстырылып, сол зерттеулердің қорытындысынан шыққан жаңартылған қартамыз. 

Төл тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу қамында еліміздің шежірелі тұлғаларын түгендеу ісі де жалғасып келеді. Алдағы жылы жоба аясында «Әл-Фараби ізімен» атты 2 айлық экспедиция жоспарланған. Ғылыми топ мүшелері ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойына орай жүріп өткен жерлерін аралап шықпақшы. Ұлттық бастаманы жиынға қатысқан шетелдік ғалымдар да құп көріп отыр. Жалпы халықаралық конференция 7 елдің 150-ге тарта тарих сақшыларын жиды.

АБДОЛЛА КАРЧАХ, PHD ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР /ТҮРКИЯ/:

- Түркі тілдес елдердің түбі – бір.  Бауырлас халықтардың тарихы – ортақ. Біз Орталық Азия, Қазақстан, Қырғызстан жерлерінде жергілікті ғалымдармен  бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Жақында Түркістан облысында жаңа жоба басталады. Оның мақсаты – киелі мекеннің аэроғарыштық түсірілімін жасап, тарихи жерлерді жаңаша сипатта саралап, тың деректер ашу.

Жалпы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы іске асқалы 56 археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 25 тарихи нысан қайта қалпына келтірілді. Ғалымдар бұл тың істер әлі жалғасын табатынын айтады.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру