«Салалық терминдерді аударудың әдіс-тәсілдері» онлайн-семинары өтеді

23.10.2019

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылғы 31 қазанда «Салалық терминдерді аударудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында әдістемелік онлайн-семинар өткізеді.

Терминологиялық лексика қоғамның рухани, мәдени, саяси өмірінде туындап жатқан өзгерістерге байланысты дамып, байып отыратындығымен ерекшеленеді. Осындай өзгерістерге сәйкес қандай да бір арнаулы саладағы терминдер терминологиялық өріспен шектелмей, жалпы қолданысқа түсуі мүмкін. А.Байтұрсынұлының терминжасамға қатысты құнды еңбектерінен бастау алатын қазақ терминологиясының ғылыми-практикалық мәселелері әлі күнге дейін қарқынды зерттеліп келе жатыр. Терминдердің қызметі мен оларға тән ерекшеліктерді айқындау, жалпы терминологияның даму бағытын бағдарлау, салалық терминдер жүйесін қалыптастыру, терминжасам әдіс-тәсілдерін саралау, терминденген атаулардың жасалу жолдарын айқындап, талдап беру – осы мәселелердің шешімін табудағы басты міндеттер болып табылады. Бүгінгі таңда қазақ ғылыми тілін және ғылыми терминологиясын дамыту мақсатында салалық терминдердің ұлттық үлгісін жетілдірудің, жүйелеудің тілтанымдық негіздерін жасау өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Осыған орай өткізілейін деп отырған онлайн-семинардың мақсаты – қазақ тіліндегі салалық терминдерді ұлттық үлгіде жаңғыртудың негізі ретінде алынып, қазақ тіліндегі салалық терминдердің жүйеленіп, бірізденуіне, реттелуіне мейлінше ықпалын тигізу. Белгілі лингвист-ғалымдар бірлесіп, салалық терминдерді аударудың табиғаты мен ерекшеліктері, терминдердің бірізді қолданылу мәселелерін талқылайды.

Онлайн-семинар қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленетін болады.

Байланыс телефоны: 8(7172) 27-30-42

8(702) 384-02-77

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру