"Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте" байқауы өтті
Жуырда Тараз қаласында республикалық «Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте» атты байқау өтті. Мемлекеттік қызметте қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мұрындық болды.
Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тіліне деген оң көзқарасын қалыптастырып, құжат тілінің мемлекеттік тілге көшуіне, қызметтердің қазақ тілінде көрсетілуіне жағдай жасайтын байқауға ел аумағынан 13 команда қатысты. Олар байқау шартына сай 4 кезең бойынша білімдері мен білікті ліктерін көрсетті.
Аймақтық іріктеуден өткен командаларға қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкір (төраға), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының бас маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қасиет Какенұлы, Қазақ ұлттық салт-дәстүрлері академиясының профессоры, композитор Кентау Қуантайұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Ләззат Пернебекқызы, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Сейсенбекұлы қазылық етті.
Сайыс қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы "Алатау" жеңімпаз атанды. Жүлделі 1-орын Жамбыл облысының "Прагматиктер" командасына бұйырды. Ал 2-орынды ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің "Үш бақытым" командасы еншілесе, 3-орынды "ЭКСПО" (Алматы облысы), "15-ші өңір" (СҚО) командалары өзара бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегер командаларға арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлық табысталды.