Ербол Тілешов: Абайды философ, ұлы ойшыл деңгейінде тануымыз керек
Бұл туралы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласына қатысты пікірінде айтты.
«Абайдың биігі, Абайдың тағылымы бізге рухани азық. Осы тұрғыдан алғанда Президент өз мақаласында бірнеше мәселені көтерді. Мен өзіме үш мәселені түртіп алдым. Біріншісі – Абайды тану, игеру, екіншісі – Абай идеяларының бүгінгі күнде өзектілігі және соңғысы – Абайды жалпыадамзатқа ортақ тұлға ретінде таныту және қабылдау. Мақалада бұдан өзге тіл, мәдениет, еңбек мәселелері де айтылған. Ең басты міндетіміз – Абай арқылы біздің ұлттық болмысымызды, озық қасиеттерімізді ұштау. Ол үшін жоғарыда айтқан Абайды тану мәселесін қолға алуымыз керек. Бұл жерде Абайды ағартушылық емес, философ, ұлы ойшыл деңгейінде тануымыз керек. Абай XIX ғасырдың ұланы болғанымен, ол жалпыадамзаттық мәселелерді айтты. Одан бері қоғам өзгерді, қоғамдық қатынас өзгерді, бірақ адамның пейілі, ниеті, махаббаты, ұмтылысы, өзгерген жоқ. Осы тұрғыдан қарасақ, Абайдың айтқан ойлары әлі де өзекті әрі маңызды. Адамдық қарым-қатынас, қасиет, ақыл мен жүрек тәрбиесі секілді ойлары бүгінгі күнге қатысты екені де мақалада көрсетілген. Ел болып экономикалық, дипломатиялық, саяси жағынан әлемге танылып жатырмыз, бірақ бұл ел болу емес. Ел болу – Абай секілді ұлың, азаматың мен тұлғаң болу. Абай – біздің болмысымыз, қазақтың ақылының жеткен жері. Абайдың образында қазақтың мәселесі, қазақтың ойы, қазақтың тағылымы бар. Осыны әлемдік деңгейде таныту мәселесі – Президент мақаласының басты арқауы», - деді Ербол Тілешов.