Шартараптағы су жаңа шығармалар
Газет оқырмандарына жылдың алғашқы айындағы шетелдік кітап нарығындағы әдеби жаңалықтарды ұсынамыз. Түрлі жанрдағы жаңа шығармалар әлемнің әр бұрышындағы сан тақырыпты қаузайды. Сөзіміздің әлқиссасын Муракамидің жазушылық өмірбаяны жазылған кітаптан бастауды жөн көрдік.
Харуки Муракамидің өз творчествосына арналған су жаңа кітабы «Эксмо» баспасынан жарық көрді. Танымал жапондық жазушы шығармашылық жолында өзі туралы алғаш рет әңгімелеп берді.
Әр кітабы сатылымға шықпай тұрып-ақ бестселлерге айналған автордың бұл роман-интервьюі шетелдік оқырмандардың, әсіресе жазушылыққа өте-мөте қызығушылығы бар қауымның аузына ілігіп, назарын аударды.
Мураками өзін тануға һәм табуға біраз жылдарын арнаған адам. Әдебиетке бет бұрмас бұрын дүкенде сатушы болып, тіпті жекеменшік музыкалық бар ашқан. Дегенмен, тағдыры жазуға бұйыртқан автор бүгінде оқылымды. «Жазушы мамандық ретінде» кітабында ол оқырмандарға «атақты Муракамиге» жетудегі оқиғаларымен, жазу машығы һәм жазудан қорықпау керектігі хақында егжей-тегжейлі баяндайды.
Кевин Кван, «Аса бай қытай қызы» («Безумно богатая китайская девушка»)
«Аса бай азиаттар» («Безумно богатые азиаты») атты қызық романның жалғасы ретінде автор оқырмандарын азиялық элитаның жабық әлемімен, олардың өзгеше өмір сүру ережелерімен, гламурлы шараларымен, нағыз байларға тән қылықтарымен таныстырады. Сондай-ақ ол әлемге ену үшін өте бай болу жеткіліксіз, шыққан тегіңнің де ақсүйек болуы өте-мөте маңызды дейді автор.
Клэр Фуллер, «Ащы апельсин» («Горький апельсин»)
Ауыр науқасқа шалдыққан анасын бағып-қағып жүрген бас кейіпкер тұйықтығы мен өзіне сенімсіздігінен өмірінің көп бөлігін үйінде өткізген. Ол анасы өмірден өткен соң көне ағылшын шаруалығына жұмысқа тұрып, жақсы қожайындарымен танысқан соң, бойына сіңген бұйығы мінездерден арылып, өмірге ерек көзқараспен қарай бастайды.
Ольга Токарчук, «Соңғы оқиғалар» («Последние истории»)
Нобель сыйлығы лауреатының 16 жыл бұрын жазған үш повесі өлім тақырыбын қаузайды. Бұл поляк жазушысы «1990 жылдардағы прозаның басты үміттерінің бірі» еді. Өзіне ғана тән жазу машығымен өлімді өмір сүрудің бір түрі ретінде сипаттайтын Ольга Токарчук оқырманға өлім туралы әңгімеден қашпауға һәм ол жоқтай кейіп танытпау керек екенін жеткізеді.
Тони Моррисон, «Ең тұнық көздер» («Самые голубые глаза»)
Тағы бір Нобель сыйлығының лауреаты – танымал қара нәсілді автор ары тапталған афроамерикалық қыздың қайғыға толы, қатыгез тағдыры туралы повесті ұсынады. Ол үшін көгілдір көз – қол жетпес «ақ» әлемнің символы іспетті. Егер ол өзін еркін сезінсе, өмірі жақсарар еді. 1970 жылы жазылған кітап өзінің көкейкестілігін әлі де жоғалтқан жоқ: өткір тақырыбына бола оған кейбір америкалық мектептерде оқуға тыйым салынған.
Саша Филипенко, «Острогқа оралу» («Возвращение в Острог»)
Жас беларусь жазушысының бұл шығармасында ойдан шығарылған дәнеңе жоқ: жалғыз қала түзуші басты мекемесі түрме болып табылатын, тым артта қалған қалашыққа астанадан тергеуші келіп, Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өзіне қол салу эпидемиясы қайдан тап болғанын анықтауға тырысады.
Ари Турунен, «Иесін таппаған ескерткіштер. Даңққа лайық емес билеушілер» («Памятники не тем. Правители, не заслужившие славы»)
«Өркөкіректік, менмендік пен көрсеқызарлықтың әлемдік тарихының» авторы кезекті зерттеу жасай отырып, оқырмандарға ұлы билеушілердің өмірін басқа қырынан көрсетеді. Себебі Александр Македонский, Владимир Ленин, Васко да Гама, Иван Грозный, Мартин Лютер және басқа да ұлы тұлғалар қарама-қайшылыққа толы әрекеттерге барған. Ал көршілес елдерде оларды көбіне қылмыскер санаған.
Кристофер Бакли, «Соттардың соңына түскен жан» («Охотник за судьями»)
Үлкен Джордж Буштың спичрайтері, танымал «Мұнда темекі шегеді» романының авторы ұсынған бұл тарихи романда оның әйгілі юморы кеңінен көрініс тапқан. Күлкілі, ойлы һәм «Providence Journal» жазғандай, «жеңілтек» кітап оқырман назарын аударады деп күтілуде.