«Қазақы терминдерді халық жасайды» байқауының онлайн марапаты өтеді

20.04.2020

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» 1-20 сәуір аралығында «Қазақы терминдерді халық жасайды» республикалық онлайн-байқауын өткізді.    

«Қазақы терминдерді халық жасайды» республикалық  байқауының онлайн-марапаттау рәсімі 2020 жылғы 21-сәуір күні сағат 15.00-де өтеді.

Онлайн-байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің        2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» міндеттерін жүзеге асыруға байланысты  қазақ тіліндегі терминдердің үлес салмағын арттыруға үлес қосу, сәтті термин ұсынушы тіл жанашырларын анықтау, қолдау.

 Онлайн-марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Н.М. Дәуешов қатысып, жеңімпаздарды құттықтайды. Онлайн-марапаттау рәсіміне байқаудың қазылар алқасы, байқау жеңімпаздары мен қатысушылары, Тіл саясаты комитетінің,            «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері қатысады.

      Байқау ережесі БАҚ-та жарияланғаннан кейін республикамыздың әр өңірінен 18 адам қатысуға өтініш білдіріп, 14 адам қатысты.

Байқауға қатысушылар бірінші кезеңде өздері жасаған 5-10 терминін ұсынды. Екінші кезеңде қатысушыларға 10 шеттілдік терминнің қазақ тіліндегі сәтті аудармасын жасау тапсырылды. Үшінші кезеңде екінші кезеңнен іріктелген қатысушылар мәтін ішіндегі шеттілдік салалық терминдердің қазақша баламасын жасады.

Үшінші кезеңнен кейін байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Олар министрдің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталады, сонымен бірге бірінші, екінші кезеңде белсенділік танытқан қатысушыларға алғысхат тапсырылады. 

   

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру