Орфоэпия - универсалды ұғым, одан бас тарту дұрыс па?

04.05.2020
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбындағы онлайн дәрістердің үшінші кезеңін бастады.

Осыған орай Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Момынова «Жазу мен ауызекі тілдің әсерлесуі: кейбір белсенді үдерістер» тақырыбында дәріс өткізді.

Ғалым тіл мен мәдениетті сақтау, қолда барды жоғалтып алмау, жоғалғанды қалпына келтіру мүмкіндігінен айырылып қалмау жағдайы көптеген ұлттардың басынан өтіп жатқан жағдай екендігін, сол себепті латыннегізді жаңа қазақ жазуына көшу кезінде тілдегі әрбір сөзге жәдігер ретінде қарау белең алып жатқанын, алдағы уақытта да ұлттық сананы осы бағытта тәрбиелеу жалғасу қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, айтылым мен жазылымдағы ерекшеліктерге де тоқталып, емле ережелерін түзуде де, сөздік түзуде де, әліпби түзуде де бірыңғай, бір құрылымға бағынып жасау мүмкіндігі бола бермейтінін ескертті.

«Бір сөзде морфологиялық принцип басшылыққа алынса, кейде айтылымға бағынып, айтылымның басымдық алып кететіні де байқалады, ал орфоэпия - универсалды ұғым, одан бас тарту дұрыс па?" деген сұраққа да түсінікті жауап беріп өтті:

- Өйткені қалай айтылса, солай жазуды орфоэпиядан бас тарту деп түсіну керек. Жазылған, таңбаланғанның бәрі де орфография еншісіне өтеді. Сондықтан табиғи сипаты басым орфоэпияны реттеу академик Р.Сыздық нұсқағандай: «жұртшылықты орфоэпиялық нормаларға баулу, ол нормаларды арнайы үйрету жұмыстары өз дәрежесінде» (197-б.) болуы тиіс. «Қазіргі қазақ орфоэпиясы нормаларын реттеп баяндау, ережелерін түзу сияқты атқарылған істер бар, бірақ нормалардың кодификациясы әлі жоқ, яғни ол заңдылықтар заңдастырылып (оқытылып, міндеттеліп, тіпті емле ережелері сияқты ресми түрде бекітіліп) тұрақтандырылған жоқ» (1498-б.). Дұрыс дыбыстауды, сөздерді дұрыс айтуды орфоэпиялық сөздіктер арқылы транскрипциялаумен ретке келтіру қажет, ал орфография өз заңымен жүреді. Қазіргі коммуникацияның негізінде жазу жатыр. Жазу орфографияға сүйенеді. Жазба дәстүр қалыптасқаннан соң, норма жазу техникасына көп ретте тәуелді болады. Сондықтан жазба тілдің норма қалыптастырудағы ерекшеліктері алдыңғы орынға шығады. Жазу - әдеби тілді қалыптастыруға, оны нығайтуға және қолданысын кеңейтуге ықпал ететін қуатты құрал. Бұл құралдың қуаттылығы ғылымда белгілі. Өркениет дамыған сайын әдеби тіл де, жазу да одан сайын күшейе беретіні – заңдылық.

 

Екінші дәрісті Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Н.Әміржанова «Латынәліпбилі қазақ жазуы: грамматологиялық талдау түрлері» тақырыбында өткізді. Дәріс барысында грамматология саласының дыбыс, әріп, фонема, графема тәрізді шағын бөлшектерінен бастап, графемика, фонология, фонетика, семиотика тәрізді ірі категориялары туралы кең мағлұмат берілді, грамматологиялық талдаудың не үшін қажеттілігі түсіндіріліп, ауызша тіл мен жазба тілдің арақатынасы, фонология туралы ақпарат айтылды және фонетикалық талдау мен фонологиялық талдау нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

Онлайн дәріс Facebook әлеуметтік желісінің ONLINEda bol тобында тікелей эфирде көрсетілді. Барлығы 66 адам бейне дәрісті тыңдады.

Дәрістің толық нұсқасы төмендегі сілтемеде берілген.

https://www.facebook.com/groups/884732365309226/permalink/914108102371652/?sfnsn=mo&d=n&vh=i

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру