Полиглоттар өзара мықтыны анықтады

13.11.2017

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған шара өз деңгейінде өтті. Астана, Алматы қалалары мен аймақтық іріктеуден сүрінбей өткен сайыскерлер бүгін «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру ортылығында білімдерін таразылады. 18-20 жас аралығындағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін игерген жастардың білімін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасы құрамында академик, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шетел тілдерінің теориясы және тәжірибесі кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Жайнаш Нұржанова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Шоқабаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Орыс филологиясы және кітапхана ісі кафедрасының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнара Фаткиева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Оқу-әдістемелік және ағылшын тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Исмағұлова бар.

Олимпиада ережесіне сай қатысушылар үш кезең бойынша тапсырма орындады. Олар алғашқы айналымда берілген тақырыптардың үш тілде мазмұнын ашса, екінші кезеңде ілеспе аударма жасады. Алғашқы екі айналымда үш тілді білу деңгейлерін көрсетсе, соңғы сайыста қазақ тілінде берілген тақырыпқа эссе жазды.

- Ауқымды ұйымдастырылып отырған бұл шараның мақсаты - қазақ тілін, орыс, ағылшын тілдерін жоғарғы дейгейде білетін жастар санының артуына ықпал етіп, қазіргі жасампаз Қазақстанның үш тұғырлы тілді дамыту бағдарламасының орындалуына жағдай жасау. Және өзге тілдерді меңгерген жастарымыз арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Ілеспе аударма жасайтын кәсіби мамандар санын арттыу болып отыр. Сондықтан жастарымыздың білім деңгейін бағалап, оларды ынталандыратын мұндай жарыстар жиі болып тұрса артық етпейді,- дейді қазылар алқасының төрағасы Жандос Смағұлов.

Олимпиада қорытындысы бойынша, бас жүлдені Әлібек Марат жеңіп алды. Үш тапсырманы да тиянақты орындаған ол қазылар шешімімен нағыз полиглот атанды. Ал бірінші орын қызылордалық Айдана Абубакироваға бұйырды. Екінші орынды Кәмила Ахметова еншілесе, үздіктер қатарын Гүлмира Каменова мен Екатерина Бобка толықтырды.

-Үш тұғырлы тіл саясатын жүйелі жүргізу үшін жастарымыздың ықыласын тіл үйренуге аудару керек. Сонда ғана Қазақстан бәсекеге бейім, ағылшын тілін меңгерген, ғылымның сай саласында болсын қажетті ақпаратын қолжетімді ала алатын жастарымен мақтанатын болады. Бүгінгі байқау жоғарғы деңгейде өтті. Әр аймақтың үш тілдің жілігін шағып, майын ішкен жастар келген. Сондықтан олардың әрбірі жеңімпаз, - дейді жарыс жүлдегері Айдана Шынболатқызы.

Иә, ұйымдастырушылар өзге қатысушыларды ұмытпады. Айнела Қожақметова мен Нұргүл Сейдахметке ынталандыру сыйлығы табысталып, өзге қатысушылар Алғысхаттармен марапатталды. Жүлдегерлерге қаржылай сыйлық берілді. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

 

 

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру