Павлодар облысында онлайн вебинар өтеді

24.06.2020

Қазіргі ақпараттық-коммуникациялық кезеңде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың іскерлік сауаттылығы өте жоғары болу керек. Егер кәсібіңізде қандай да бір жетістікке жеткіңіз келсе ісқағаздарды дұрыс рәсімдеуге, адамдармен мәдениетті қарым-қатыс орнатуға, ұлттық этикет үлгілерін білуге, көпшілік алдында еркін сөйлеуге үйрену қажет. Іскер азаматтың бойындағы осы қасиеттерді дамыту мақсатында 24.06.2020 жылы «Лұғат» қоғамдық қоры «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырмасымен «ҮЕҰ өкілдері үшін конкурстық өтінімдерді, жобаларды мемлекеттік тілде жазу бойынша және әлеуметтік саладағы жұмыс технололгияларына, оның ішінде ауылдық жерлерде халықпен жұмыс жүргізу» тақырыбы бойынша мемлекеттік грант аясында Павлодар облысы бойынша онлайн вебинар/семинар өткізеді. Семинар оған қызығушылық танытқан барлық қазақ тілді аудиторияға арналып жүргізіледі. Курстың негізгі мақсаты-қазіргі қазақ тіліндегі бес стильдің бірі ісқағаздарын жүргізуге қатысты нормативтік – құқықтық құжаттарды, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдерінің әлеуметтік саладағы жұмыстарын жетілдіру болып табылады.

Семинар коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру үшін қажетті4 сабақты қамтиды:

1. Конкурстық өтінімдерді, жобаларды белгіленген тәртіп бойынша толтыру. Оның ішінде: Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар беру конкурсының құжаттары, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу құжаттары, Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың құжаттары, басқа да үкіметтік, үкіметтік емес ұйымдардан ұсынылған байқаулар мен жобаларға арналған құжаттар.

2. Жалпы қазақ ісқағаздарын жүргізуге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттармен танысу, конкурстық өтінімдер мен жобаларды ұсыну кезінде осы құжаттарға сүйене білу.

3. ҮЕҰ өкілдерінің әлеуметтік саладағы жұмыстарында, оның ішінде ауылдық жерлердегі халықпен жұмыс жүргізуінде жаңаша әдіс-тәсілдерді (технологияларды) қолдану, ұлттық этикет, іскери этикетті білу, сөйлеу энергетикасын, импровизацияны қолдану.

4. Адамдармен сөйлесу кезіндегі бейвербалды құралдарды пайдалана білу, сөйлеудегі креативтілік, көпшіліктің назарын өзіне аударту және аудиториямен байланыс түрлері, адамға әсер етудің 8 жолы.

Жоғарыда көрсетілген тақырыптар вебинар түрінде теориялық және жаттығу, сұрақ-жауап, аудиториямен байланыссипатында өтілетін болады. Курстық сабақтарды іскерлік салада дәріс беріп жүрген әрі мемлекеттік тілді дамытуда еңбек етіп келе жатқан филолог мамандар жүргізеді. Атап айтсақ, КИМЕП оқытушысы, Іскерлік әкімшілік магистрі (МВА), жаттықтырушы Айтмағамбетова Шырын Әбдіғалиқызы, Филология ғылымдарының кандидаты, іс-қағаздарына қатысты бірнеше кітаптың авторы Әбутәліп Орынғазы Мұратұлы, филология ғылымдарының кандидаты, тренер Дүсіпбаева Қарлығаш Советханқызы және «Лұғат» қоғамдық қорының басшысы Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы.

Сіз де қабілет кеңістігіңізді кеңейтуге, іскерліктің қыр-сырына қанығып, білікті мамандардан білім толықтыруға асығыңыз!

 

 

Жұматай Жұпар Ербосынқызы

Мемлекеттік тілді дамыту институтының қызметкері

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру