ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ҚОСЫЛДЫ

04.08.2020

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл cаясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен ұйымдастырып жатқан «Қашықтан оқып, тіл үйрен!» акциясына қатысушылардың тізімі осы аптадан бастап Қостанай облысымен толықты.

Бұл тіл үйренушілер үшін тағы бір тың өріс пайда болды деген сөз.

Жалпы алғанда, тілдерді оқыту мәселесі саяси-экономикалық, технологиялық-ақпараттық және басқа салаларда болып жатқан жаһандық эволюциялық үдерістен тыс қала алмайды. Мысалы, тарихқа жүгінсек, бұл бағыттағы алғашқы ізденіс 1728 жылы тіркелген екен, Калеб Филипс дейтін азамат әлемнің кез келген нүктесіндегі студентке хат алмасу арқылы стенография ісіне оқыта аламын деп бостондық газетке жарнама беріпті.

Содан бері түрлі өзгеріске ұшырап, алға дамумен келеді.

Аталмыш акция барысында ZOOM, Whatsapp, Skype, Google Classroom, Тelegram, Instagram  платформалары арқылы тікелей онлайн сабаққа қатысып, онлайн сабақ жазбасын  алу мүмкіндігі жан-жақты қарастырылған.

Шараның алғашқы аптасында көш бастаған Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл жұмыстар қызу жүріп жатыр.

Іле-шала Қарағанды, Ақтөбе облыстары қосылған еді.

Енді Қостанай облысы кірісіп кетті: 6 адам 500 тыңдаушыны қазақ тілінде оқытуды қамтамасыз етуді жоспарласа, ағылшын тілі оқытушы 2 маман 160 тыңдаушымен жұмыс жасауды қолға алмақшы. Бұдан басқа этникалық топ тілдері курсында  (татар, башқұрт, кәріс, неміс, армян, поляк, түрік тілдері) 7 оқытушы  – 100 тыңдаушыға дәріс береді.

Яғни, 15 оқытушы 760 тыңдаушымен жұмыс жасайды деп күтілуде.

Тыңдаушыларға табыс, дәріс оқушылардың еңбегіне жеміс тілейміз!

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру