Патриоттар марапатталды

05.12.2017

Бүгін «Қазақстан» концерт залында  Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен және Президент Әкімшілігінің,  Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» атты    республикалық ведомствоаралық байқау өтті. 

Аталған шара Елбасының мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, дамыту, қызметкерлердің күнделікті өмірде және қызметте қазақ тілін белсенді қолдануы үшін уәждемелеуді күшейтуге қажетті жағдай жасау саясатын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. 

Байқауды жалынды сөздерімен, орамды ойларымен бастаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларды құттықтап, тартысты кезеңдерден сүрінбей өтетіндеріне сенім артып, сәттілік тіледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өтілген бағыттарды жүзеге асыруға, мемлекеттік басқару органдарында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобалар жасауға шақырып, сонымен қатар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайту, қоғамдағы келісім мен толеранттық принциптерін бекітуге ықпал ететін зор үлес екенін атап көрсетті.

Байқауға – Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі өкілдерінен құрылған 6 команда қатысты.

Әрбір ведомствоның өкілдері мемлекеттік тілді жетік білетінін және де кәсіби деңгейде мемлекеттік қызметте қолданып жүргендерін дәлелдеп кетті. Сонымен қатар елі үшін жанын беріп, туған жерін қасық қаны қалғанша қорғауға ант беріп, су ішкен қарулы күштердің қайратты қызметкерлері қазақтың нағыз патриоттары екендігін байқау барысында дәлелдеп, көрермендердің ұлттық рухын оятты.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еншілесе, 1-орынды құрамы қырағы, ойы ұшқыр, сөзі мен ісі дөп келген, еліміздің ерекше азаматтары Қорғаныстың қайсар қырандары жеңіп алды. 2-орын екі командаға бұйырды. Бас прокуратура мен Мемлекеттік күзет қызметі 2- орынды иеленді. 3-орын Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне бұйырды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру