ОЙ-ТАЛҚЫ ОЙДАҒЫДАЙ ӨТТІ
(Брейнсторминг (ағылш. brain storming – миға шабуыл), адамдардың ақыл-ой белсенділігін арттыруға, идеяларды топ болып іздеуді іске қосу, ынталандыру, мәселелерді шешу арқылы күрделі интеллектуалды міндеттерді шешуге бағытталған бірлескен топтық шығармашылық жұмысты ұйымдастырудың арнайы әдісі. Брейнсторминг барысында белгілі бір мәселелені ұжым болып шешу ұсынылады).
Шараның басты мақсаты – лингвистика және әдебиеттану саласы терминдерін қалыптастыру, латын әліпбиіне негізделген жаңа емлесінде жүйелендіру мәселесін талқылау, терминология саласындағы өзекті мәселелерге сала мамандары мен жұртшылықтың назарын аударту,және тығыз қарым-қатынас орнатуды қамтамасыз ету.
Ой-талқыны Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов кіріспе сөз сөйлеп ашты.
«Термин – дүниетаным. Ұлт ұғымына лайық сөз көп болған сайын ұрпақ бойында сенімділік арта түседі. Ал, жұлмаланып, басқа тілдерден енген сөздер көбейе түссе, керісінше жалтақ, ынжыққа айналады. Мұны ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов дер кезінде аңғарған. Ғылым дамыған сайын бізге тіл топаны келеді деген. Қазақ тілінің қуаты арқылы халықтың рухы асқақтайды. Бүгінгі мәселеміз осынысымен құнды. Термин тілі мейлінше қазақ тілі болуы керек. «Қазақша-орысша терминологиялық сөздікте» барлығы 342 мың сөз бар. Соның жеті-ақ пайызы ана тілімізде. Әрнәрсені желеу қып, өзге тілдегі сөзді таңсық көріп, төл сөзімізден жери берсек, бұдан да азаюы мүмкін. Кейбір термин болып жүрген сөздердің қалыптасу тарихына үңілсек, бәрінің астарында аспандаған поэтикалық ұғым жатқан жоқ, мәселен, екінің бірі аузынан тастамай айтып жүретін «вермишельдің» әу бастағы тура мағынасы – «құрт». Біз неге халқымыздың керемет сөздерінен бас тартуымыз керек», – деді ол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ләйлә Мұсалы мәселенің маңызы туралы сөз сөйледі.
Орынай Жұбаева «жеке куәлік» деп жүрген құжаттың атауын «азамат куәлігі» деп өзгертуді ұсынды. Сырттан келген адамына азаматтық береді, біз туған атамекенімізде өмір сүріп жатырмыз, ендеше оған осынша мән беру дұрыс болар ма екен деген қарсы уәж айтылса, екінші біреулер: «Қазақта азамат болды деген үлкен мағыналы сөз бар. Өз еліңнің азаматы атанудан артық қандай мәртебе бар, тәрбиелік мәні болады, патриоттық сезімге бөлейді», – деп қостады.
Оралдан қосылған белгілі ғалым Мұрат Сабыр «халықаралық термин» дегеннің өзіне күмән келтірді, «ағылшын тілінде болса, осындай мәртебеге оп-оңай ие болады да, қазақ сөзі неге бұлай емін-еркін қолданылмайды. Сондықтан алды-артымызға қарайламай, ұлт ұғымына лайық қазақ тіліндегі терминдерді батыл енгізуіміз керек», – деді.
Шотландиядан тікелей қосылған Қазақ Ұлттық Университетінің аудармашысы, Абердин университетінің докторанты Гүлшат Түсіпбаева шетел тәжірибесімен бөлісті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Тұрдығұл Шаңбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыповтар сарапшылық жасап отырды.
Іс-шараға ZООМ арқылы қатысушы ғалымдар, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер, ғылыми қызметкерлер, сарапшылар, сала мамандары және тағы басқа да тілек білдірушілер талқыға ұсынылған терминдер мен балама аудармалар туралы пікір білдіріп, қолданысқа түсіру туралы түрлі идеялары мен ұсыныстарын ортаға тастады.
Сонымен қатар терминология саласын жетілдіру туралы тың идеяларымен бөлісті.