ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ЖАТҚА ЖЫР ОҚЫДЫ

13.10.2020
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өзге ұлт өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін!» акциясын жариялаған еді. Байқаудың шарты бойынша үміткер қазақтың «Батырлар жырынан» біреуін жатқа мәнерлеп оқып беруге тиіс болатын. 13 қазан күні бәйге өз мәресіне жетті.

Қорытынды бас қосуда құттықтау сөз сөйлеген Комитет төрағасы Әділбек Қаба: «Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген өзінің арнайы сұқбатында қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау туралы тапсырма берген болатын. Бұл акцияның мақсаты – жастарды еліне деген сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық, ар-намыс тәрізді адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеу және қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруды кеңінен насихаттау. Қатарыңыздың көптігі, әрбіріңіздің жан-жақты дайындығыңыз көңіл қуантпай қоймайды», – деп атап көрсетті.

«Тіл-Қазына» орталығының Бас директоры, жазушы Әлібек Асқардың пікіріне жүгінсек, еліміздің он төрт өңірі мен үш қаласынан еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін 20 этнос өкілінен құралған 243 үміткер қатысыпты. «Қобыланды батыр» жыры байқау барысында 76 рет толғанса, одан кейін «Алпамыс батыр» эпосы тұр.

Қатысушылардың жас ерекшелігіне көз жүгіртсек, ең жасы –Нұр-Сұлтан қаласы «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиеленушісі 5 жасар Мария болса, үлкені – Шымкент қаласының тұрғыны, зейнеткерФаткульбаянова Насима Борисқызы екен.

Үміткерлердің 199-ы нәзік жандылардан тұрады.

«Бала күнімізден «Батылар жырын» басымызға жастанып өскен халықтың ұрпағымыз ғой, сан ғасырлар қойнауынан келе жатқан жыр жауһарларынан өзге ұлт өкілдерінің екі айдан астам уақыт бойы сөз маржанын төккенін көргеніңде, қазақ тілінің болашағы туралы еріксіз үлкен үмітпен ойланып қаласың», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Батырлар жырынан» басқа патриоттық рухтағы поэзиялық шығармалар мен тарихи тақырыпқа арналған баллада-дастан оқығандар, көлге тамған тамшыдай, қазақ тілінің дамуына қосып жатқан иненің жасуындай болса да жүрекжарды үлесі деп бағаланып, жалпы топ құрамында соңына дейін қанша дауыс жинайтындары бақыланған.

Сонымен, қорытындысы шықты. «Батырлар жырынан» үзіндіні мәнерлеп жатқа оқып, ең көп «ұнайды» белгісін жинап, қазақ тілін барынша насихаттау бойынша мыналар жүлдегер болып анықталып, әрқайсысына отыз мың теңге көлемінде сыйлықақы берілді: Павлодар облысы Екібастұз қаласы №25 қазақ қыздар гимназиясының 11-сынып оқушысы Легкая Инесса Викторовна; Ақтөбе облысы Алға ауданы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Карасаева Илона Александровна; Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғыны Аширмет Ситара Сұлтанмұратқызы; Тараз қаласы «Хабар-24» телеарнасының тілшісі Трегубова Виктория Вячеславовна; Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Арыстанбап жоғары колледжінің 2-курс студенті Раван-Нахчивани Индира.

Бұдан басқа мәнерлеп оқып, шеберлік көрсеткен тағы он үздік қатысушы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының Дипломымен марапатталды. Олар: Қарағанды облысы, Приозерск қаласы №2 орта мектептің 7-сынып оқушысы Кузнецов Владимир; Алматы облысы Талғар ауданы №4 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Поплавская Елена Игорьевна; Павлодар облысы Шақат орта мектебінің 11-сынып оқушысы Евлоева Галина; Қарағанды облысы, Приозерск қаласы №2 орта мектептің 8-сынып оқушысы Мурашкина Диана Александровна; Алматы қаласы №110 мектеп-гимназияның 6 «Д» сынып оқушысы Кузовников Руслан; Ақтау қаласынан мұғалім Сильченко Ирина Сергеевна; Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Талдысай ауылдық клубы қызметкері Мальцев Александр Владимирович; Алматы облысы Қапал ауылы әкімі аппартының бас маманы Чепель Владимир Сергеевич; Шымкент қаласы М.Маметова атындағы №111 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Абдугафурова Азиза; Нұр-Сұлтан қаласы «№1 Бәйтерек» балабақшасының тәрбиеленушісі Мария.

Шара модераторы орталық директорының орынбасары Айдос Тұрсынбайұлы мәлімдегендей, бұл байқаудан ешкім құр алақан қалған жоқ, өйткені арамызда қазақ тілінде сөйлемейтін немесе сөйлесем, жаңсақ айтып күлкіболамын-ау деп әлі де болса тартынып, орынсыз қысылып жүргендерге бұлардың әрқайсысының батыл әрекеті үлгі боларлық. «Батырлар жырынан» жатқа үзінді оқып, қазақ тілін насихаттау бойынша қосқан үлесі үшін барлық талапкерлерге «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Бас директорының Алғысхаты табысталды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру