АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ ӘЗІРЛЕУШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Анимациялық фильм әзірлеуші, дубляжбен айналысатын компания басшылары мен танымал режиссерлер бас қосқан бұл жүздесу мәнісін Әділбек Күнесханұлы былай деп атап көрсетті: «Басты мақсатымыз – қазақ тілінде бүгін таңда кең өріс алған шетелдік анимацияға ұқсас жеңіл әрі қызықты, тартымды отандық ұлттық өнім дайындау, сөйтіп ертеңгі болашағымыз балалар тәрбиесіне белсене атсалысу. Индияда бір кездері кино саласының мамандары бас қосып, әлем көретін дүние жасауымыз керек деп ақылдасқан екен, соңы атышулы Болливудқа ұласқаны белгілі. Сол секілді анимация саласына серпіліс әкелетіндей іс-қимыл қажет. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдердің қазіргі ең жақсы «ойыншығы» – ұялы телефон, қала берді сыртқы орта, ғаламтор, ютуб арнасы тәрбиелеп жатыр. Ал қызықты әрі қолданбалы контенттің басым бөлігі орыс тілінде болғандықтан, қазіргі жас ұрпақтың ойлауы да, сөйлеу тілі де орысша болып жатқанын байқап жүрміз. Осы тұрғыдан келгенде Сіздер – ұлт тәрбиешісіздер. Тыңға түрен салғандай, соқпақсыз жолда келе жатырсыздар, жылдар өте келе әрқайсысыңыздың іс-тәжірибелеріңіз кітап болып басылып, есімдеріңіз сала қарлығаштарының қатарында құрметпен айтылатын шығар. Ең бастысы, бүгінгі таңда ұлт болашағы жолында бірігіп іс атқаруымыз қажет».
Бұдан белгілі болғандай, шараның көздеген мақсаты – анимациялық фильм әзірлеудегі өзекті мәселелер мен оны шешу жолдарын бірлесіп қарастырып, осы орайдағы ұсыныстарды жинақтап, сапалы да нәтижелі жұмыс атқаруға қол жеткізу.
Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесінде инновацияға ұмтылып отырған. Кезінде әйгілі Әбубәкір Диваев: «...Еуропаның егіз қозыдай ұқсас ойыншықтарын алып қарасаңыз, еш мағына білдірмейді. Қазақ даласындағы балалар ойнап жүрген дүние үлкен фантазияның жемісі», – деп таң қалған екен. Ендеше, ғылым мен техниканың дамыған заманында балалар игілігі үшін оның жетістіктерін пайдаланбау үлкен сын емес пе?!
Әділбек Күнесханұлының айтуынша, әлемдік тәжірибеде жапондар анимацияны салт-дәстүрін насихаттауға арнаса, американдықтар жекелеген ғылыми пәндерді осы әдісті қолдану арқылы оқытуға көшкен. Қазақстанда үш миллион үш жүз отыз жеті мыңнан астам оқушы қазақ тілінде білім алып жатыр екен. Осыншама аудиторияны қазақ тіліндегі анимациялық контентпен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
«Қазақстан» РТРК» АҚ «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілда, «Болашақ» КҚ «Өзіңнен баста» Голливуд фильмдерін дубляждауға бағытталған жобаның жетекшісі Орынбаева Айымгүл Мэлсқызы, «Сақ» киностудиясыныңрежиссер-сценарисі Дәуренбеков Батырхан өз ойларын ортаға салды.
Сөйлеушілер мен пікір білдірушілерге құлақ түрсек, қоғамда мультфильм туралы түсінік, өкінішке орай, балаларға арналған шағын кинотуынды дегеннен әрі аспайды. Ал анимацияға деген сұраныстың күні енді туды. Тапсырыс беру көзін ұлғайту сала мамандарының еркін шығармашылықпен айналысуына жол ашады, өнердің түрі ретінде айшықталып дамиды.
Бұдан басқа кадр дайындау мәселесі өткір тұр екен.
Қаржы, дайын өнімдерді тарату жағы да толғантпай қоймайды.
Бұл айтылғандардың бәрі кездесу барысында әзірленген қарар жобасынан көрініс тапты.