ОҚЫРМАН ҚУАНЫШЫНА ОРТАҚПЫЗ!

06.11.2020
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті құрылтайшы болып табылатын «Тіл және қоғам» альманахының биылғы жылғы кезекті №2 (52) саны жарық көрді. Журнал Комитет төрағасы Әділбек Қабаның «Мемлекеттік тілге қажеттілік туғызудың екі жолы бар...» деген кіріспе сөзімен ашылған.

ріншісі, заңмен міндеттеу, бақылауды күшейту. Екіншісі, әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру. Біріншісінің жайы белгілі, қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға жақындап келе жатыр. Ал екіншісі, яғни тілді үйренуге деген құлшынысты ояту, қажеттілік туғызу күн сайын және тоқтаусыз жүргізілетін жұмыс. Президенттің еститін мемлекет саясатын жүзеге асыру үшін, еліміздегі барша БАҚ пен әлеуметтік желілердегі тілге қатысты айтылған мәселелер мен жарияланымдарға мониторинг жасап, жедел назар аударуды, қажетті шаралар қабылдауды қолға алдық»,– деп ой түйеді автор.

Бұдан әрі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлының «Тіліміздегі әр сөз – шежіре» мақаласы орын алған. Жарияланым атауының мағынасын мына жолдар айғақтай түседі: «Халықтың ой-пікірі, сана-сезімі, іс-әрекеті, өмір тіршілігіне қатысты ұғымдардың бәр-бәрі тіл байлығынан өз орнын алады. Осы себепті ол халықтың барлық білген білімі мен білігі, ойы мен идея- сы, дүниетанымының көрінісі болып есептеледі. Басқаша айтқанда, сөз байлығы ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бірден-бірге ауысып, бүгінгі дәуірге дейін жеткен мол қазына, асыл мұра. Осы мол қазына, асыл мұраны игеруде жоғарыдағыдай ізденістердің жәрдем, көмегі аса зор. Формасы, мағынасы бұрынғы қалпына келтірілген байырғы сөздер шежіре сияқты сөйлеп кетеді».

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова мен осы жоғары оқу орнының жауапты қызметкерлері филология ғылымдарының кандидаттары Айнұр Сейітбекова, Айсәуле Аманбаева, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбек жетілдірілген жаңа әліпби тақырыбына қалам тербейді.

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім «Сөзді кім түзейді: Заң ба?» деген мақаласында өзекті мәселені өткір қозғайды: «Меніңше, әр қызмет иесі өзінің құзырет деңгейінде, өз міндетіне сай жұмыс істегенде ғана қоғамда оң өзгерістер болады. Журналистердің міндеті – қоғамдағы мәселені шыңғырта жазу, жеткізу; саясаттану- шылардың, әлеуметтанушылардың міндеті – сол мәселені жан- жақты сараптау, талдау; қоғам қайраткерлері мен белсенділердің міндеті – сол мәселенің төңірегінде пікір таластырып, дұрысы мен бұрысын анықтау. Ал Президенттің міндеті – өзінің қазақ тіліне деген көзқарасын айту емес, сол мәселені шешетін шешім қабылдап, жарлық шығару. Заң шығару – Парламенттің міндеті, бірақ Парламент депутаттары да Президентіміз сияқты өздерінің тілге деген жақсы көзқарастарын айтып, мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағына деген алаңдаушылығын білдіруден аса алмай отыр».

 

Белгілі заңгер, ана тіліміздің белсенді жанашыры Абзал Құспанмен болған сұқбат «Тілге қызмет – азаматтық парыз» деп аталыпты. Сұқбат берушінің өмірлік кредосына айналған осы сөзіне мына пікірі дәлел бола түседі: «Өз басым қазақ ұлтының болашағына үлкен сеніммен қарайтын адаммын. Иә, қоғамда, негізінен, проблемалық мәселелерді көтеремін. Өкіметті мақтап, жетістікке жетіп жатырмыз деген сияқты сөздерді сұхбаттарымнан таба алмайсыз. Жекелеген адамдарды, лауазым иелерін ұдайы сынаймын. Жек көргеннен емес. Ал тұтас елге сенбеу, мемлекетті жек көру маған мүлдем жат. Керісінше, әрбір азамат елге, мемлекетке адал болуы керек, ел мен Отанның жыртығын жамаса деймін. Сол үшін қазақ ұлтының болашағына үлкен сеніммен қараймын».

Осы және басқа қызықты материалдар жарияланған журналдың жаңа саны қолымызға қашан тиер екен деген сұрағымызға орталықтың редакциялық баспа басқармасының басшысы Әлім Сергібаев: «Асыға күткен оқырмандарымыз үшін қуаныштымыз. Келесі аптадан бастап «Тіл әлемі» сайты арқылы таныса алатын болады», – деп жауап берді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру