ДЕРТКЕ ШИПА, ЖАНҒА ДАУА НЫСАНДАР

20.11.2020
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы шетелдегі қандастарымызды қолдау, оларды Қазақстанның қасиетті жерлерімен таныстыру мақсатында «Атамекен» ақпараттық-танымдық жинағын үш жылдан бері шығарып келеді. Бұл жинақты құрастыру барысында кең байтақ даламыздағы әлем жұртшылығын тамсандырып, таңдай қаққызатын көне жәдігерлердің көп екенін байқадық. Енді сол қастерлі де қасиетті орындардан алған әсерімізді өздеріңізбен бөліссек дейміз.

Бірінші кітапты құрастыру барысында киелі жерлерді анықтауда қолданылған бес өлшемге сәйкес ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері төңірегіндегі ақпараттық-анықтамалық материалдарды топтастырдық. Арқаға сән беріп тұрған кербез де сұлу Көкшенің алыстан мен мұндалап тұратын биік жартасы – Оқжетпес; ғаламшарымыздағы теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы, 700 мың жыл бұрын алып метеориттің құлауының нәтижесінде пайда болған Жаманшың кратері; палеолит дәуірінен бүгінгі күнге жетіп отырған ескерткіш – Шарын шатқалы; тау жыныстарының шөгуі нәтижесінде пайда болған, мәрмәр тастары батар күнмен шағылысып, басын алқызыл қан жапқандай әсерге бөлейтін Хан Тәңірі; сонау ерте темір дәуірінен бастап адамдар табынатын әулиелі жерге айналған Иманқара үңгірі және «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына кіретін басқа да қасиетті орындар бойынша толық мәлімет берілді.

Ал екінші кітапта ел аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен ортағасырлық қалалық орталықтар туралы жазған болатынбыз. Атап айтқанда, АҚШ-та, Перуде, Англияда табылып, әлемдік сенсацияға айналған геоглифтерден кем түспейтін төрттаған, свастика, крест түріндегі Торғай геоглифтері; Қазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енген Тамғалы, Ешкіөлмес, Теректі, Желтау, Айрақты петроглифтері; сақтар мен сарматтардың діни наным-сенімінен ғана емес, әлеуметтік мәдени өркениетінен хабар беретін Есік, Берел, Шілікті қорымдарынан табылған алтын адамдар мен Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданына табылған алтын ханшайым; Ұлы Жібек жолын бойлай орналасқан Отырар, Жент, Сығанақ, Сайран қалалары туралы тарихи деректер, ғалымдардың болжаулары мен олардың төңірегіндегі аңыз-әңгімелер жинақталды. Әр қаланың географиялық орналасуы, зерттелуі, қаланың әлеуметтік-саяси орны, қала жайлы аңыз үлгілері көпшілік оқырманның оқуына жеңіл, қабылдауына жетік тілмен баяндалып, түрлі иллюстрациялармен безендірілді.

Ал биылғы жинаққа діни және ғибадат орындары туралы ақпараттар енгізіліп отыр. Діл, дін, тіл бірлігі – ел ынтымағының көрінісі. Ғибадат орындарын қастерлеп, рухани тыныштығын сақтауға талпынған жұрт өнер-білімге де ұмтылады. Өлілер әлеміне ескерткіш тұрғызу арқылы ата-баба рухына құрмет көрсетумен бірге жас ұрпаққа тәрбие беріледі. Жинақты құрастыру барысында біз осыны байқадық. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қағиданы өмірлік ұстанымдарының бірі еткен халқымыз сонау есте жоқ ескі замандардан бастап фәниден бақиға аттанған ата-бабаларының қабіріне белгі қойып, ол жерді қасиетті орынға балайды. Ата-бабаның мәңгілік мекеніне айналған жерге белгі қойып, оны қастерлеу арқылы кейінгі жас буынға тал бесікке тербелген пенденің жер бесікке таңылатынын ескертеді.

Жинақты құрастыру барысында ата-бабамыз кие тұтқан ғибадат орындарының ауыз толтырып айтарлықтай молдығын, сондай-ақ олардың архитектуралық құрылымы, атқаратын қызметі мен атаулары әртүрлі екенін байқадық. Ел аумағындағы халық көп құлшылық ететін ғибадат орындарын шартты түрде ғұрыптық кешендер, мұнаралар, кесенелер, мазарлар, сағанатамдар, қорымдар, мемориалды кешендер, діни сәулет кешендері, қылуеттер, мешіттер мен жерасты мешіттер деп бөлуге болады.

Ғұрыптық кешендер – діни жоралғыларды орындау үшін арнайы жабдықталған орын. Ғұрыптық кешендердің көпшілігінде жерленген мүрде болмайды. Демек олар қайтыс болған адамның қабірінің үстіне орнатылған арнайы құрылым емес. Жүргізілген қазба жұмыстары барысында ғұрыптық кешендерден адам мүрдесінің немесе мәйітті өртеген орындардың табылмауына қарап бұлар жерлеу орындары емес, ғұрыптық жосын-жоралғылар орындайтын, арнайы табынушылық қызметтер атқаратын кешен деп танылған. Жинағымыздағы Екідің, Домбауыл, Бегім ана мұнарасы туралы тақырыптар осындай кешендердің өзіндік ерекшелігін сипаттауға арналады. Бегім ана мұнарасы, сондай-ақ Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі өзінің құрылымы жағынан өте ұқсас болып келеді. Бегім ана мұнарасы – дөңнің үстіне тастан қалап тұрғызылған ғибадатхана. Мұнараның үстіңгі қабатына баспалдақ арқылы көтеріліп, құлшылық амалдарын орындаған. Мұнараларға жүргізілген қазба жұмыстары барысында мәйіттің табылмауы олардың жерлеу орны болмағанын дәлелдейді.

Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарындағы ғибадат орындары санатында кесенелер мол орын алған. Кесене деп қайтыс болған адамның қабірінің үстіне салынған күмбезді мәдени-тарихи ескерткішті атаймыз. Түркі халықтары үйді, қоныс-тұрақтарды, төбесі жабылған құрылыстарды да кесене деп атаған. Мұндай кесенелердің қатарында Үкаш ата, Жұбан ана, Абат-Байтақ, Баба түкті Шашты Әзіз, Айша бибі, Бабажы қатын, Ибраһим ата, Қарашаш ана, Гауһар ана, Бәйдібек би, Домалақ ана, Ботағай, Қорасан ата, Сунақ ата, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Рабия сұлтан бегім, Қарахан, Жошы хан, Алаша хан, Тектұрмас, Бұқар жырау, Қожаберген жырау, Қарабура, Ырғызбай ата, Жұмағазы хазірет, Исабек хазірет, Науан хазірет кесенелері жатады. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінде зиярат етушілерге арналған намазхана да бар.

Кесенелермен қатар Оқшы ата мазараты мен Төлегетай – Қылышты мазар кешенінің алатын орны да ерекше. Мазар сөзі арабшадан аударғанда сиынатын орын деген мағынаны білдіреді. Мұсылман қауымының қайтыс болған адамның қабірінің басына тұрғызылған сәулет ескерткішін мазар деп атайды. Қазақ жеріндегі мазарлардың пішіні, негізінен, шаршы немесе шеңбер үлгісінде келіп, төбесі күмбезделіп өрілетін болған.

Кесене, мазарлармен қатар сайын даламызда сағанатамдар да жиі орын алған. Сағанатам – қабір үстіне салынған үй. Сағанатамда көбіне бір отбасы мүшелері жерленген. Ел аумағындағы сағанатамның ең озық үлгісі ретінде Мәшһүр Жүсіп әулиенің сағанатамын айтуға болады. Көнекөз қариялардың айтуынша, замана реңі мен ел болашағын алдын ала болжай білген Мәшһүр Жүсіп өз бейітін өзі салдыртқан екен. Ол елде үлкен жұт болып, «балапан басына, тұрымтай тұсына кетерін алдын ала сезіп, өзіне бірнеше бөлмелі етіп сағанатам тұрғызған деседі. Сағанатамның ішіне алыс жолдан шаршаған жолаушыға қажет болар деген оймен пеш, шам, керосин, отын, ыдыс-аяқ, тіпті ат әбзелдері мен арба тәрізді көлік құралдары, оларды жөндеуге арналған құрал-саймандарды сақтауға бұйырады.

Ең алдымен жатар орынын дайындатып, енін, ұзындығын, биіктігін екі жарым кез етіп қаздыртады. Сол жерден шыққан биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр болатын ақ тасқа аты-жөнін жазғызып, басына белгі етіп қойғызыпты. Қайтыс болғаннан кейін денесі қырық жылға дейін бұзылмайтындығын айтып, ұрпақтарына тек жаздың ыстық айларында ғана ақыретін алмастырып тұруды өсиет етеді. Әулиенің ең алғашқы шырақшысы үлкен баласы Шәрәпиден болғанға ұқсайды.

Ел арасында жүрген естеліктерде әулиенің өзі салдырған сағанатамында табиғаттың әсері, топырақтың ылғалдылығы мен жердің қаттылығы ескерілгендігі айтылады. Көнекөз қариялардың айтуынша сағанатамның қабырғасында желдеткіш саңылаулар болып, олар арқылы мамыр-маусым айларында рауан шуағы ішке төгіліп тұрған екен.

Түркі халықтарының ұзаны, ұлы ойшылы Қорқыт ата мемориалды кешені – Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарына енген ерекше архитектуралық құрылыс қана емес, түркі халықтары қасиет тұтқан киелі жері, теңдесі жоқ ғибадат орны. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қорқыт асқан әулие, көріпкел болжаушы ғана емес, қазақ музыкасының, ән-күй өнерінің атасы. Ал «Қорқыт ата» эпосы – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген құнды жәдігер. Қорқыт ата мемориалды кешені қабір үстіне тұрғызылған кесенеден, құлпытастан, музейден, қонақүйден және басқа да қосымша ғимараттардан тұратын құрылым.

Бірнеше кесенелерден, мешіт, медресе және басқа да қосымша ғимараттардан тұратын құрылым – Ысмаил ата сәулет кешенінің алатын орны ерекше. Көзі тірісінде діни сауаттылығы мен білімдарлығының арқасында жергілікті діни қауым пір тұтқан, күні бүгінге дейін халқымыз әулие санап, аруағына зиярат етіп келген Ысмайыл ата сәулет кешені Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарына енген архитектуралық құрылыстардың бірі. Түркістан облысында орналасқан сәулет кешенін ғалымдар Темуридтер династиясының заманынан келе жатқан туындыға жатқызады. Кешеннің құрамына Ысмайыл ата кесенесі, Жебірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі секілді бірнеше кесенелер және ортағасырлық мешіт, сопы дәруіштердің шілдеханасы, қақпа кіреді.

Көне құлшылық орындары – Сейсем ата, Ұшқан ата, Ойсылқара қорымдарына да зиярат етушілердің қатары бір толастамай келеді. Қорым деп негізінен, тастан қаланып, кейде топырақтан тұрғызылған немесе қиыршық тастан үйіп жасалған бірнеше обалардан, қорған-қоршаулардан тұратын жерлеу орындарын айтады. Мұндай жерлеу орындары көбіне шығыстан батысқа қарай қатар орналасады. Қорымдар негізінен әулие адамдардың қабірінің маңында шоғырланады.

Әзірет Сұлтан мәдени кешенінің құрамына енетін археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштері – әлем тамсанатын жәдігерлер десек, артық айтқандық болмас. Әзірет Сұлтан – түркі халықтарының арасында сопылық ағымды насихаттап, Ислам дінін уағыздауға саналы ғұмырын сарп еткен Қожа Ахмет Ясауидің ел арасындағы мәртебелі есімі. Дін жолындағы еселі еңбегі үшін әулиелердің сұлтаны жатқан жер, ол уағыз айтқан мешіт, тіпті ол тұрған қала қасиетті саналып, тәу ету орталығына айналған. Бүгінде Әзірет Сұлтан мәдени кешенінің құрамына Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр және басқа да ұлы тұлғалардың жерленген жері, Сегіз қырлы кесене, Рабия Сұлтан бегім кесенесі, Есім хан кесенесі, Шығыс моншасы, Әулие Құмшық ата қылуеті, Үлкен қылует басқа да археологиялық, тарихи сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштері кіреді.

Әсересе Қожа Ахмет бабамыздан қалған қылует - ел тарихы мен рухани әлемінде ерекше орны бар жәдігер. Қылует – оңаша тілек тілейтін жерасты мінәжат үйі. Қылуеттің терезелері болмағандықтан қабырғаларына шырағдан қойылатын шағын қуыстар жасалып, намаз оқитын бөлмеге баспалдақ арқылы түседі. Ясауи ілімін ұстанушылар қылуетті мүридті рухани тәрбиелеу үшін қолданған. Сыртқы әлемнен жырақ, қараңғы жерге орналасқан мүрид бар ықыласын құлшылыққа бағыттап, жалған дүниенің бес күндік қызығынан баз кешеді деп есептелген. Ойын ешнәрсе бөлмейтін таса жерге оңашалана отырып, арнайы зікір айту, жаман әдеттерден арылу арқылы Иесіне жақындай түсуді мақсат етіп қойған сопылар қылуетті рухты тазартудың құралы деп есептеген.

Ал осы қылуеттердің рухани жалғасы ретінде Бекет ата, Құлшан ата, Шопан ата, Қараман ата, Масат ата, Сұлтан үпі жерасты мешіттерін айтуға болады. Топырағында 362 әулие соңғы тұрағын тапқан киелі өңірдегі жерасты мешіттері – Ұлы Жібек жолының Маңғыстау арқылы Хорезм мен Хиуадан Еуропаға және Таяу Шығысқа созылған керуен жолында орналасып, жолаушылар мен жергілікті тұрғындарға арналған мінәжат орны ретінде салынған. Маңғыстау жер асты мешіттерінің өзіндік ерекшелігі деп ол жерді құлшылық мақсатында пайдаланып қана қоймай, медресе ретінде бала оқытуын және қайтыс болған адамдарды жерлеуін атап өтуге болады.

Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарындағы діни орындардың қатарында XIX ғасырдағы сәулет ескерткіштеріне жататын Аппақ ишан мешіт-медресесі, Құнанбай қажы мешіті, Досжан ишан мешіттерінің алатын орны да ерекше. Кезінде салт-дәстүріміз бен дінімізді біте қайнастырған рухани орда болған, бүгінде сәулет-көркем мұражайына айналған бұл ғимараттардың тарихы мәні зор.

Ал кезінде құлшылық орны ретінде ашылып, бүгінгі таңда сәулет-көркемөнер музейіне айналған Жаркент мешіті – Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарындағы бірегей туынды. Құрылысы 1887 жылы басталып, 1892 жылы біткен, бір мезетте 1500 адам жұма намазын оқыған нысанның салыну барысында бір шегенің немесе бөлек ағаштарды бір-біріне бекіту үшін темір тоғынның қолданылмауы ұсталық өнердің шыңынан хабар береді. 52 бағана тізбегімен айналдыра қоршалған, биіктігі 14,5 метрді, ал мұнарасының биіктігі 19 метрді құрайтын мешіт құрылысы сәулетшілердің ағашты соншалық еппен қолданғандығын аңғартады. Кешеннің тас қоршауы мен қытай үлгісімен қайқы шатыр түрінде жабылған қаңылтыр төбесі болмаса, басқа құрылыс материалы ретінде ағашты ғана пайдаланғанын байқаймыз.

Әлемде мұндай бір шеге қолданылмай, ағаштарды өзара қиюластыру арқылы салынған тарихи жәдігерлер үшеу ғана. Ел арасында олар шартты түрде «айдаһардың басы», «денесі» және «құйрығы» деп аталады. ««Басы» Қытайдың Құлжа қаласында, «құйрығы» Қырғызстанда, Ыстықкөл жағалауындағы Қарақолда, ал «денесі» Қазақстанда, осы Жаркент қаласында орналасқан» деседі.

Жаркент мешіті тек қазақ халқының мұрасы емес, әлем жұртшылығының да бүгінге жеткен құнды ескерткіштерінің бірі. Сол себепті де «Әлемнің әйгілі мешіттері» сериясынан «Жаркент мешіті» монетасының орын алғанын айта кеткіміз келеді.

Еліміздің діни және ғибадат орындарын насихаттау, ол туралы ақпараттарды мейлінше кең қамтып, жұртшылыққа жеткізу мақсатында дайындалған жинағымыздағы нысандарды өз көзіммен көремін десеңіз, жолға дайындалыңыз. Бұл қасиетті орындарды аралау барысында сіз сонау сақ, ғұн дәуірінің ескерткішін өз көзіңізбен көріп, үлкен қаланың жанталасқан тіршілігінен бір мезгілге азат бола аласыз. Сайын далада желмен жарысқан көшпенділердің өркениетіне бір сүңгіп, есте жоқ ескі заманға сапар шегесіз. Аңыз­дар әлеміне саяхаттап, ел бірлігі жолында ғұмырын сарп еткен батырларға, мүридтеріне діни білім беріп, рухани азық сыйлаған тақуалар мен әулиелерге деген халық сүйіспеншілігін сезінесіз. Халықтың дархан көңілі мен мырзалығының белгісіне арналған ескерткіштерге қарап кеңдікке үйренесіз. Кесенелерге зиярат етіп, сарқырай аққан қасиетті бұлақтан су ішіп, бойыңызға қуат жинайсыз. Қазақ халқының діни наным-сенімі мен рухани әлемі туралы мол мағлұмат жинап, көкірек көзіңіз ашыла түседі.

Сая Итегулова,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология және ономастика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру