«БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»

26.11.2020
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруда халыққа жақын болу, қоғаммен кері байланыс орнату міндетін жүзеге асыру тапсырмасын орындау мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жол картасы бойынша кезекті «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» тақырыбында конференция өткізді. Конференцияның мақсаты – балаларды кішіпейілділікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, батылдыққа, батырлыққа тәрбиелейтін балалар әдебиетін заман талабына сай дамыту.

Аталған кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Айгүл Қапбарова, Қазақстан Республикасының Президенті жанынан құрылған Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі мүшесі Қайрат Жолдыбай, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева, Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов балалар әдебиеті ақын-жазушылары Толымбек Ыбырайым баяндама жасаса, Нұрлан Қалқа, Дина Ораз өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс Әкімдерінің орынбасарлары, балалар әдебиеті жазушылары, баспагерлер, кітапханалар, кітап дүкендерінің басшылары және т.б. онлайн режимінде сөз алмастырып, балалар әдебиетіне қатысты пікірлерін білдірді.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Күнесханұлы Қаба баяндамасында Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының (бұдан әрі – Кітап палатасы) ақпаратына сәйкес 2017 – 2020 жылдары отандық баспалардан 364 балалар әдебиеті әрқайсысы 1000 − 1500 дана таралыммен жарық көргенін. Тәуелсіздік жылдарында балалар кітаптарының 70% мемлекеттік тілде басылып шыққанын айта отырып, бүгінгі күні елімізде бала психологиясына тән қызықты кітапқа деген зәруліктің болуы, кітап дүкендерінде соның ішінде ірі сауда орталықтарындағы кітап желісі дүкендерінде қазақ балалар әдебиетінің төмен көрсеткіші қоғамда алаңдаушылық тудыруда деді.

Сондай-ақ отандық баспалардан жарық көретін балалар әдебиетінің басым бөлігі шетел аудармалары, ал дүкендерде заман талабына сай балалар әдебиетінің саны төмен (Анықтама: 2020 жылғы 11 қарашадағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған балалар әдебиетіне қатысты мақала мазмұнына сәйкес) екенін атап өтті.

Министрлік балалар әдебиетінің балалар тәрбиесі үшін маңыздылығын ескере отырып, ү.ж. Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, келер жылдан бастап (2021) Кітап палатасы жанынан бірнеше жобаларды соның ішінде «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқаулары мен «Асыл сөз» жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын жеткізді.

Сонымен қатар Әділбек Күнесханұлы балалар әдебиетін дамытуда жазушыларға қазіргі заман талабына сай тақырыптарды игеруі, балалар шығармасын жазғанда олардың жас ерекшеліктерін ескеруі, балалар әдебиетін ғылыммен, тәрбиемен тығыз байланыстыруды, жасөспірімдерге арналған шығармаларда сөз мәдениеті, эстетикалық талғамның жоғары болуы, балалар әдебиеті мазмұнында трагедия болмауын қадағалауы, баспалармен бірлесіп елімізге танымал романдарды ықшамдап жазып, шығаруы қажеттігін айта отырып, баспаларға отандық баспалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, балалар әдебиеті кітап дүкендеріне кітап дүкені желісінде қазақ тілді балалар әдебиеті контентіне басымдық беру мәселесін көтерді. Сондай-ақ әлемдік тәжірибеге сәйкес алдағы уақытта Б. Соқпақбаев атындағы балалар әдебиеті күнін белгілеген жөн болар еді деген ұсынысын білдірді.

Сенаторлар Н. Төреғалиев осы салаға бей-жай қарай алмайтындығын білдіре отырып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы балалар әдебиетіне жеке қаражат бөлуді қолдайтынын, «Балдырған», «Айгөйлек», «Ақжелкен» т.б. балалар журналы мен газеттер таралымын көбейту, ауылдық жерлердегі балаларды осы басылымдармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ бүлдіршіндерді жастайынан мәдениеттілікке, өнерге, шеберлікке, эстетикалық талғамға үйрететін балалар журналдарын шығаруды сөз етсе, А. Қапбарова балалық шағының кеңес дәуіріндегі балалар әдебиетінің шарықтаған шағында болғанын еске түсіре отырып, тәуелсіздік жылдарындағы балалар әдебиетінің осы деңгейге жетуіне қолынан келгенше ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі таңда балалар әдебиетіне насихаттың жоқтығын атап өтті.

Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі мүшесі Қ. Жолдыбай елімізде болып жатқан пандемия жағдайына байланысты енгізілген шектеулер кезіндегі бос уақытын балаларының кітап оқуға көңілін бөлу барысында ірі сауда орындарындағы кітап дүкендерінен бірді екілі қазақ тіліндегі балалар әдебиетінен басқа кітаптарды кездестіре алмағанын жеткізе отырып, балалар әдебиетіне қатысты мәселелерді 2020 жылғы 26 қыркүйекте Алматы қаласында Мемлекет Басшысының қабылдауында болғанда көтергенін айтты. Балалар әдебиетін насихаттауда жарнаманың болуын, балалар әдебиетін жазуға тапсырыс беру жолдарын ұсынды. Ұлттық академиялық кітапхан директоры Ү. Мұңалбаева балалардың сауатсыздық деңгейінде біздің мемлекетіміз 100-дің 67-ші орнында екенін атап өтті. Қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетінің төмендеуінен балалардың да оқу зейіні дұрыс қалыптаспай отыр деді. Балалар руханиятын көтеруде 2021 жылды балалар әдебиеті жылы деп атауды Үкіметке ұсынатынын жеткізді.

«Балдырған» журналының бас редакторы Д. Мағлұмов жалпы балалар әдебиетінде 20-дан астам жанр бар. Журнал осы жанр бойынша балаларға қызмет етуде. Алдағы уақытта «Балдырған» журналының бір жылдық жинағын (12 журнал) балалар кітап етіп басып шығаруды ұсынды.

Бұдан бөлек конференция барысында қатысушылар қазақ ертегілері жаңаша үлгіде, жаңа кейіпкерлерді өмірге әкелу, қазіргі балалардың нені қалайтынын, оларға қандай әдебиеттің қызық болатынына зерттеу жүргізу. Сондай-ақ балалар әдебиетін дамытудың тетіктері, ақын-жазушылардың заманға ілесетін тақырыптарды игеруі, кітап нарығындағы қазақ тілді контенттің үлесі, баспалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, төл әдебиеттің жауһарларымен сусындату т.б. балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелері жөнінде сөз қозғалды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру