ОТБАСЫЛЫҚ ЖЫР ЭСТАФЕТАСЫ

29.01.2021
Қазақ поэзиясының Хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы қарсаңында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі #Мұқағалиға90жылNIS отбасылық жыр эстафетасын бастады.

«Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға оқушылар мен ата-аналар белсенді қатысуда. Мектеп қауымдастығы қазақ поэзиясына үлкен қолтаңба қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығынан тәрбиелік мәні зор өлеңдерін жатқа айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке насихаттауда.

Алғашқы болып «Номад» шаңырағының оқушысы Надира Атымтай мен анасы Бахытжан Рахманбердіқызы эстафетаны бастап, ақынның «Не деген керемет күн» туындысын таныстырды.

– Мұқағали атаның бұл өлеңіндегі табиғаттың әсем көрінісі көңілімді ерекше тербеді, сол себепті осы шығарманы анам екеуміз жатқа оқуды ұйғардық, – дейді Надира Атымтай

Отбасылық челлендж аясында қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әсем әндерден шашу шашып, тыңдармандарға ерекше әсер қалдырды.

– Қазақ сөз өнерінің зергері деп танылған қаламгер еңбектері адалдық пен жан тазалығына, шынайылыққа үндейді. Оқушылар мен ата-аналарды ақынның шоқтығы биік шығармаларымен таныстыра отырып, ақын өлеңдеріндегі елжандылық, құрмет, сүйіспеншілік құндылықтарын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды, – дейді жоба координаторы Ақбота Жұмабаева.

Эстафета ақынның туған күніне дейін жалғасады.

Мектеп ұжымы әдеби эстафетаға барша халықты үлес қосуға шақырады. Ол үшін ақын шығармашылығынан сүйікті өлеңін мәнерлеп оқыған видеоларды #Мұқағалиға90жылNIS хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеу қажет.

 

Бейнебаянға төмендегі сілтемелер бойынша өте аласыздар:

https://www.youtube.com/watch?v=EgNOdF8w-Ik https://www.instagram.com/tv/CKfpVpjA2iH/?igshid=3h0j1abv0trq https://www.instagram.com/tv/CKiSTu0g-xK/?igshid=1ahk80hx0vzpu

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру