ЖАҢА ӘЛІПБИ – ҰЛТТЫҚ ТІЛДІ САҚТАУДЫҢ КОДЫ

01.02.2021
Саяси идеологияға негізделген билік жүйесінің енгізілуі ұлттың дүниетаным¬дық көзқарасы мен өмір сүру салтының түбегейлі өзгеруіне әкелгенін бүгінде бәріміз жақсы білеміз. Әліпби арқылы жазуды ауыстыру қазақ тілін тұрмыстық деңгейге ығыстырып, қолданыс аясын шектеп, оның дамуына, кеңеюіне жол бермегені де түсінікті. Сондықтан қазіргі таңдағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты батыл қадамдар, шешімдер ұлтымыз үшін, оның болашағы үшін жасалған маңызды қадамдардың бірегейі екендігін дұрыс түсінуіміз қажет.

Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттың және ана тіліміздің дамуына бастайтын негізгі бағыт – латыннегізді әліпбиге көшу үдерісіне кірісу. Сөйтіп қазақ тілінің жазу мәдениетін жаңғыртып, жаңа әліпбиді ұлттық тілімізді сақтау кодына айналдыра аламыз. Ұлттық код жайлы Елбасы: «...Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу»  деген.

Ғылыми еңбектерде «код», «кодталу» ұғымдары «әртүрлі ақпарат беруші, оны өңдеп, әрі сақтауға арналған шартты белгілер жүйесі», «өзара келісілген белгілі бір шартты таңбаларға қандай да бір мағынаны сыйдыру» деген анықтамалар беріледі. Тіл, ол – таңбалар жүйесі. Таңба – басқа бір белгілі заттың, ерекшеліктің қатынастық өкілі ретінде көрінетін, сақтауға, қайта жасауға, хабар беруге, қол жеткізуге арналған материалды құбылыс. Жүйесi мен құрылымы бар тілдік таңба жазуға түсiп, ұғымдық тұрпатқа ие болғаннан кейiн мәңгiлiк құндылыққа айналады.

Әліпби – ұлттық жазудың, ал жазу – ұлттық мәдениеттің көрсеткіші. Ендеше әлемге кең таралған, халықаралық деңгейдегі латын жазуына көшу арқылы біз ұлттық мәдениетімізді әлемдік мәдениетпен берік байланыстырамыз. Бұл – дамығысы келетін, өркениет көшіне ілескісі келетін, сөйте отырып, әлемдік мәдени көштен лайықты орын алғысы келетін халықтың басты мақсаты.

Демек әліпби құрамындағы таңбалар ақпаратты, мазмұнды сақтаушы, халықтың сөйлеу, жазу мәдениетінен хабар беруші кодтар. Жаңа әліпби құрамындағы әрбір таңба – осы ұлттық тілді және тілдің негізгі заңдылықтарын сақтау коды. Оның құрамында 31 таңба ұсынылған. Әліпби құрамындағы таңбалар қазақ тілінің төл табиғи болмысына, дыбыстық, жазбаша және ауызша тілінің ерекшеліктеріне, лексика-грамматикалық құрылысына орыс тілінің тигізген ықпалын әлсіретіп, төл тілдік табиғатын қайтаруға мүмкіндік береді. Жазу – тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Сондықтан қазақ әліпбиін латынға көшіру арқылы біз ұлттық тілімізді жаңғыртып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін бекіте аламыз. Жаңа әліпби құрамына тек қазақ тілінің төл дыбыстары енгізілді. Кирил әліпбиіндегі 9 әріпті (ю, ё, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Мәселен, умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбалары да тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай дауысты мен дауыссыздарды ажыратып қолдану үшін берілген. Егер Халықаралық фонетикалық әліпбиде 52 диакритикалық белгі болатын болса, қазақ әліпбиін түзуде біз солардың ішінен жоғарыда аталған 4 белгіні таңдап алдық. Яғни бұл диакритикалық белгілер қазақ тілінің табиғатын қисынға сай, қолдануға қажетті аңғартуға тиісті символдар. Яғни біз бұл диакритикалар негізінде сол дыбыстардың фонетикалық мазмұнын дәл көрсетеміз. Бұл әліпби түзу үшін маңызды мәселе.

Осы жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің жарыққа шығатын емле ережелері де жоғарыда айтылған ұлттық тілдің жаңғыру және даму мүдделерін көздейді. Әсіресе, емле ережедегі кірме сөздердің жазылуына қатысты тараушалары шет тілден енген сөздерді қазақшалап айтуға, өз тіліміздегі дыбыстардың үндесімі мен үйлесіміне сәйкес бейімдеп айтуға дағдыландырады. Сонымен қатар латынграфикалы қазақ әліпбиі еліміздегі қазақ және орыс тілді қазақтарды ұлт ретінде біріктіруде, ғылыми, мәдени, экономикалық және т.б. озық идеяларға қол жеткізуде ұлттық код қызметін атқарады. Демек латынграфикалы жаңа әліпби мен емле ережеге артар жүгіміз аз емес.

Омарова София Қажыақпарқызы,

Әдістеме басқармасының басшысы, филол., ғ.к.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру