ӘЛІПБИ ТҮЗУДІҢ БАСТЫ ҚАҒИДАЛАРЫ САҚТАЛДЫ

04.02.2021
Ербол ТІЛЕШОВ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры: Латыннегізді қазақ әліпбиі – бүгінгі күн тақырыбындағы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Қазақ қоғамының осы тақырып төңірегінде талқысы «Ана тілі» газетінің де назарынан тыс қалған емес. Күні кеше ғана ел назарына ұсынылған жаңа әліпбидің жай-жапсары, жетілдірілу мәселелері туралы да бірқатар сұрақтардың туындағаны белгілі. Бұл орайда көкейдегі сауалдарға маманның жауап бергені жөн деп білдік.

– Латыннегізді қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын кім, қалай, қанша уақыт бойы әзірледі? Бұл соңғы нұсқа ма, әлде әлі де жетіле түсе ме?

– Бұл әліпби жобасын Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары әзірлеп ұсынды. Жұмыс тобында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеттерінің, Шайсұлтан ­Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практика­лық орталығының және т.б. ғылыми ме­кемелердің ғалымдары мен ­мамандары бар. Осы нұсқадағы әліпбидің ғылыми негізі алғаш әліпби мәселесі көтерілген 1990 жылдары дайындалған. Осы кезеңде бұл жұмыстың басында академик Әбдуәли Қайдари тұрғанын ғылыми орта жақсы біледі. Қазіргі нұсқаға қарасақ, сол академик ағамыз дайындаған нұсқаның ғылыми принциптеріне негізінен сәйкес келетін көреміз. Енді дәл осы нұсқаның дайындалуына келсек, осыған дейінгі әліпби түзудің отандық және халықаралық тәжірибелеріне сүйеніп, 2019 жылдың қазанынан бастап мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тікелей тапсырма бергеннен кейін мұқият әзірлене бастады. Сөйтіп, жұмыстар бірнеше тарапта қатар, сабақтастырыла жүргізілді. Біріншіден, әліпби түзудің негізгі ғылыми принципі нақтыланды. Екіншіден, апробациялық жұмыстар жүргізілді. Үшіншіден, еліміздегі жоғары оқу орындарының филолог ғалымдары, оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары, колледж және мектеп мұғалімдері қатыстырылған, барлығы 3 мыңнан астам филология саласы мамандарын қамтыған 2 республикалық ашық талқылау өткізілді. Апробация және талқылау нәтижелері Орфографиялық жұмыс тобының басқа жұмыс топтары қатыстырылған кеңейтілген отырыстарында таныстырылып, соған орай талқылаулар жүргізілді. Бұл нұсқа ғылыми негізге құрылғандықтан, біздің ойымызша, әліпби түзудің негізгі принциптері сақталғанын айтуға тиіспіз. Өзгесіне уақыт төреші.

– Жаңа нұсқаның бұрынғы нұсқалардан басты айырмашылығы қандай?

– Алдыңғы бекітілген әліпби бір ғана диакритикалық таңба акут белгісіне негізделгенін білесіздер. Ол әліпбиде ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарының таңбаларына акут белгісі қойылған және екі дыбыстың (ш, ч) таңбасы диграфпен (қос әріп) берілген. Тыңғылықты талқылаулар мен сараптаулардан кейін, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды да, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон сияқты әр дыбыстың сипатын беретін диакритикалық белгілер таңдалды.

– Латын әліпбиіне көшу процесі әлемдік пандемияға байланысты кідірген жоқ па?

– Пандемия, бәріміз білетіндей, әліпби көшуге ғана емес, барша салаға әсер етті. Дегенмен, жұмыс топтары карантин кезінде де үнемі әліпбиді жетілдіру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра берді. Осы кезеңде Орфографиялық жұмыс тобының 6 отырысы, сараптамалық кеңестің 1 отырысы, дәрістер курсы, 2 халықаралық семинар, бұған қоса, БАҚ-та үнемі әліпбиді жетілдіруге байланысты ғылыми және әдістемелік мақалалар жарияланып тұрды. Осы ретте, Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Тіл білімі институты және «Тіл-Қазына» орталығымен бірлесе тынымсыз жұмыс істегенін ақиқат үшін айтуға тиіспіз.

– Жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша ұсыныстар көп болғаны белгілі. Ол ұсыныстар қаншалықты назарға алынады?

– Жалпы министрлікке, тіл саясаты комитетіне, «Тіл-Қазына» орталы­ғына бірнеше ондаған жобалар келіп түсті. Бұл жобалардың әліпби түзу принциптері де әртүрлі болды. Атап айтқанда, дыбыстардың мазмұнына сәйкес әріп таңдаған ғылыми негізді жобалар, қазіргі дәуірлік технология­ларды, оның ішінде, компьютерлік жүйелерді ескеріп әзірленген нұсқалар және аралас нұсқалар деп оларды шартты түрде жіктеуге боларлық. Осы арада айта кетерлігі, ұсынылған жобалардың жартысынан астамы осы нұсқаға жуық дайындалған жобалар. Бұлар тек кейбір таңбалардың өзгешелігімен ғана ерекшеленеді. Ал жоба авторларына келсек, олардың ішінде филолог мамандармен бірге техникалық, жаратылыс­тану саласының өкілдері, жазушылар, журналистер тағы да басқа мамандық иелері бар.

– Латыннегізді қазақ әліпбиін әзірлеу мен қолданысқа енгізу шаралары бойынша құрылған жұмыс топтарының негізгі функциясы қандай?

– Ұлттық комиссия жанында Орфо­­­­графиялық, Әдістемелік, Терми­­но­ло­­гиялық, Техникалық сүйе­мелдеу жұмыс топтары болса, олардың әрқай­сысы өздерінің атаулары аңғартып тұрғандай, ғылыми, әдістемелік, ұйым­дастырушылық жұмыстармен шұғыл­данады. Олардың жұмыстарын Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері үйлестіреді.

– Осы күні бір елдің бір мектебінде ­«латын негізді және кирилл негізді әліпбимен оқу жағдайы мемлекетті біріктірмей, керісінше екіұдай күй кешіруі мүмкін» деген қауіп көптеп айтылады. Бұған қатысты ұстанымыңыз қандай?

– Әлбетте, бір елде бір әліпби болғаны жөн. Бірақ Қазақстандағы тілдік ­ахуал оған сәйкес емес екенін бәріміз білеміз. Қазір ақпарат құралдарында бұл мәселе жиі көтеріліп жүр. Біз мынаны түсінуіміз керек. Әліпби мемлекетке жасалмайды, әліпби тілге арнап жасалады. Яғни әр тілдің өз әліпбиі немесе ұқсас әліпбилері болады. Мәселен, араб әліпбиінің көптеген елдерде нұсқалары бар, сол сияқты латынның, кириллдің нұсқалары көп. Ал біздің жағдайымызда ортақ әліпби болудың немесе болмаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, қоғам қазір толықтай кирилл әліпбиінде. Қазақ тілі латын әліпбиіне көшпек, яғни мемлекет емес, тіл көшеді. Неге десеңіз, әліпби тілдің табиғатына, оның барлық ерекшеліктеріне лайықталып жасалады. Қазіргі нұсқаның кириллға қарағанда әріптік түр тұрғысынан ғана емес, әріптердің берілу мазмұны және ­сонымен бірге сандық айырмашылығы да бар. Мәселен, кириллда 42 әріп, қазіргі нұсқада 31 әріп. Сонымен бірге әріптің түрін ғана танып, оны көшіру тіл білуді білдірмейді. Әліпбиді қолдану үшін сол тілді білу міндетті десек, Қазақстан қоғамы мемлекетік тілді қаншалықты меңгерген, жауабы бәрімізге айқын ғой деп ойлаймын. Сол себепті ­Қазақ­стандағы латынға көшу үрдісі міндетті түрде мемлекеттік тілді білу үрдісімен ілесіп бірге жүруі керек. Осыны ескеріп, өзіңіз сұрағыңызда қауіп еткендей, оның алдын алу үшін мемлекеттік тілді білу міндеттелуі тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деді. Яғни қазақ тіліне көзқарас осы реттен жаңылмай «парыз» деген жалпы ұғымнан «міндет» деген нақты ұғымға айналуы керек. Ол айналу үшін мемлекеттік тілді білудің тетіктері жасалуы тиіс. Ол қазақтардың ұлттық мүддесінің мемлекеттік мүддемен тікелей сабақтастығын қоса алып жүруі керек. Ол деген сөз мемлекетке атау берген және сол мемлекеттің абсолютті көпшілігін құрайтын қазақ ұлтының мүддесі мемлекеттік мүдденің синонимі деп қарауы керек. Ал ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің нағыз ­шынайы біріктіруші күші де, құралы да қай елде болмасын, қай дәуірде болмасын – тіл. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл мәртебесіне ие табиғи жағынан да, конституциялық жағынан да бірден-бір тіл. Сондықтан латын әліпбиіне көшуді толық тілдік реформа деп айтып жүрсек, онда мұндай реформа мемлекеттік тілдің қамымен ажырағысыз сипатта жүзеге асуға тиіс. Шынтуайтында мемлекеттегі барлық реформалар көпшіліктің қамы, мемлекеттің орнықты өмір сүруі және дамуы үшін жасалады десек, тіл реформасының мемлекет сақтаудағы тарихи рөлі де, маңызы да барлық реформадан жоғары. Өйткені оның, мысалы, саяси, экономикалық реформалардан артықшылығы ол реформалар кезеңдік сипатта болса, тілдік реформалар мемлекеттің мемлекет болып сақталып қалуының негізін, яғни оның тұтастығын, қоғамдағы түсіністікті, бөлінбеушілікті қамтамасыз етеді.

– «Латын әліпбиі жат жұртта жүрген 5 миллион қазақты біріктіреді» деп айтқан едіңіз. Жаңа нұсқа оларға қаншалықты ыңғайлы болады деп ойлайсыз?

– Қазіргі кезде қазақтардың жалпы саны 18 млн-ға жуықтаса, Қазақстанда оның 13 млн тұрса, қалған 5 млн жуығы әлемнің елуге тарта елінде өмір сүреді. Қазіргі жағдайда тұратын мемлекеттерінің ерекшелігіне қарай қазақтар негізінен үш әліпбиде: кирилл, араб, латын. Ол әліпбилердің нұсқалары да әртүрлі. Мысалы, Ресейде тұратын 700 мың қазақ 33 таңбадан тұратын орыс әліпбиін қолданады. Өзбекстанда тұратын 850 мың қазақ кирилл және өзбек тіліне негізделген және қалақалпақ тіліне негізділген латын әліпбилерін қолданады. Қытайдағы 2 млн қазақ Ахмет Байтұрсынұлы жасаған араб графикалы төте жазуды және қытай ­жазуын қолданады. Сол сияқты Түркияда тұратын қазақтар латыннегізді түрік әліпбиін, Еуропада, Америкада тұратын қазақтар сол елдердегі латыннегізді әліпбилерді қолданады. Жалпы әлемдегі қазақтар жоғарыда аталған үш әліпбидің 30-дан астам нұсқаларын қолданады. Қазақтардың әлемдегі әліпбилік әртек­тілігі біздің ұлттық діліміздің әртектілігін жасайды. Бұл қазақтардың ұлттық сана деңгейінде бірігуіне үлкен кедергі. Сондықтан қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі дүниежүзіндегі қазақтардың басын қосатын аса маңызды қадам. ­Латын әліпбиі – әлемдегі ең танымал ­халық­аралық деңгейдегі әліпби. Бұл әліпбидің осы сипаты дүниежүзіндегі қазақтардың ақпарат алмасуына, ұлттық мәдениет кеңістігінде өзара жақындасуына жаңа серпін береді. Әлем қазақтарын біріктіретін дәл қазір осыған теңдес факторды ойлап табу қиын. Жаңа әліпби – тұтас ұлттық бірігуді қамтамасыз ететін саяси және мәдени дәуірлік қадам. Қазақ өзінің сан ғасырлық, сан қилы тарихында осы латыннегізді әліпби арқылы тұңғыш рет ортақ жазуға ие ­болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Нұрлайым Батыр

«Ана тілі» газеті, 04.02.21 ж.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру