ҚАЗАҚ ТІЛІ ӨРКЕНИЕТ КӨШІНДЕ

01.04.2021
Бірнеше дыбысты бір әріппен ықшамдап, яғни үнемдеу заңдылығына негіздеп жазу – әлемнің барлық елдерінің тәжірибесінде бар үрдіс. Заманауи жаһандану (глобализация), әлемдік ықпалдасу (интеграция), жылдам ақпарат пен жаңа технологияларды меңгеру мен енгізу, ғарышты игеру жағдайында ешқандай ел бұл үрдістен тыс қалмасы анық. Басқа елдермен «терезесі тең», бәскеге қабілетті боламыз десек, қазақ ұлты да тілі де өз ерекшеліктерін сақтай отырып әлемдік өркениет көшінен қалмауға тырысуы керек.

Жазудағы ара-құлалықты, ретсіздікті, емле төңірегіндегі бітпес айтыс-тартысты, желдей ескен алып-қашты дауларды, екұшты пікірді болдырмаудың, емлені халықты сауатсыздыққа ұрындырмай тез әрі қиындықсыз меңгертудің жолы қандай? Айтуға оңай. Меніңше, ол үшін дыбыстардың жазылу, айтылу ерекшеліктерін «тайға таңба басқандай» нақты көрсетіп беретін, сапалы әрі қолдануға оңай, тиімді жазылым (орфографиялық), айтылым (орфоэпиялық) сөздіктерін жасау қажет болады. Бұл екі сөздікті қатарлас («тел өскен егіз қозыдай») қолданған дұрыс. Тіпті екі сөздікті бір кітап етіп шығаруға да болатын шығар. Сонда оқырман кез келген сөздің жазылуы мен айтылуын салыстыра қарай отырып жылдам үйреніп алары хақ. Айтылым мен жазылымда нақтылы нормалар жүйесі қалыптасады, тіл сұлулығына, үндесімі мен үйлесіміне еш нұсқан келмейді. Әрине, мұны уақыт еншісіне қалдырайық.

Сөздерді дұрыс айту, оны дұрыс жазу ережелерін сонау балабақшадан бастап үйрету керек. Мектепте, ЖОО-ларда, жалпы емлеге, тіл ұстартуға, шешендікке үйретуге арналған сағаттар санын арттырған да оңды болар еді. Белгілі бір әріптің таңбалануын үйреткен кезде оның түрлі айтылу нұсқаларын да бала жадына қондырған абзал.

Соңғы ұсынылған әліпби, соның негізінде жасалған емле ережелерінің жобасы кірме терминдердің құрамындағы өзге тілге тән әріптерді таңбалауда да оңды жоба болды. Жаңа емле ережелері бекітілетін болса, тіліміз үндестік заңына бағынып, айтылатын әрі жазылатын және үнемдеу мәселесі де оң шешілетін болады. Дегенмен, кейбір сөздерді таңбалауда мұқият болу қажеттігі туады. Өйткені әлдебір сөздерді өзгертіп жазу кезінде сөздің бастапқы мағынасы күңгірттенуі немесе жоғалуы мүмкін. Бұл, өз кезегінде, тілде омоним сөздердің көптеп пайда болуына әкеліп соғады. Ендеше, сөздерді дұрыс транслитерациялау мен транскрипциялау бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселе болары сөзсіз. Қазақ тілі ‒ үндестік заңын қатаң сақтауды қажет ететін тіл. Сондықтан сөздерді бірыңғай жуан, бірыңғай жіңішке буындармен жазуға тырысуымыз керек.

Жаңа әліпбиді, соған сәйкес жасалынған емле ережелерін әлі де бүкіл қоғам болып талқылап, кеңесе отырып жетілдіре, ширата түскеннің еш артықтығы жоқ.

 

Нұрлан Шүленбаев,

А. Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Терминология бөлімінің

ғылыми қызметкері

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру