ҒЫЛЫМДАРДЫ ҰЛТ ТІЛІНДЕ ДАМЫТУ – ЕЛДІКТІ БАЯНДЫ ЕТУ КЕПІЛІ
Аталған қайраткерлер мен азаматтар түрлі ғылымдардың қазақ тіліндегі терминдерін қалыптастыра бастады. А.Байтұрсынұлы қазақ тілі грамматикасында қолданысқа енгізген «бастауыш», «анықтауыш» сияқты терминдердің өте сәтті болғаны белгілі. Кеңес заманында А.Байтұрсынұлы сияқты ғалымдардың өздері қудаланып, атылғанымен, олар жасаған терминдер қолданылды.
Алаш зиялылары мен оқымыстылары сол заманда қуғынға түсіп, өлтірілмегенде, қазақ ғылымы жаңаша сипатта өркендер еді. Өкінішке орай, өткен ғасырда тоталитарлық режім Алаш елінің ғылыми дамуының жолын кескенін көруге болады.
Кеңес заманында негізгі басымдық одақтың ресми тіліне беріліп, жоғары оқу орындарына түсу, ғылыми ақпараттар алу, ғылыми дәрежелер қорғау орыс тілі арқылы жүргені мәлім. Соған қарамастан, ғылымдардың ана тілімізде дамуына кең түрде болмаса да, біршама деңгейде жағдай жасалғаны рас. Ғылымдардың негізі қаланды, түрлі салаларда ғалым-зерттеушілер тәрбиеленіп шықты.
Ал, тәуелсіздік кезеңінде ғылымдардың салаларын қазақ тілінде одан әрі өркендетуге кең мүмкіндіктер ашыла түсті. Ел басшылығының бастамасы бойынша қаншама жастар «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік үздік оқу орындарында оқып келді. Енді осы дарынды жастар алдында сырттан жиып әкелген білім дәндерін туған жерге себу, көктетіп, жемісін жию міндеті тұр. Ашып айтқанда, осы бағдарламамен сыртта оқып келген мамандарды жоғары оқу орындарына жұмысқа тартып, арнайы ғылыми мектептер қалыптастыру, елімізде ғылымның кенжелеп қалған салаларын өркендетіп, қазақша оқулықтар жазу қажеттігі алдан шығуда.
Алаш зиялысы Қ.Кемеңгерұлы: «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден ешуақытта жеткілікті оқытушы шықпайды.Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды», - дей келе, мектеп өзге тілде болса, қазақша оқулық жазудың қажеті болмайтынын атап көрсетіпті. Қ.Кемеңгерұлының бұл пікірі бүгінгі таңда да аса өзекті болып отыр.
Кейбір мамандар пікірлерінен «ғылымды өз тілімізде дамытып, пұл шығындап, қайтадан велосипед ойлап тауып неғыламыз, ғылыми ақпаратты ағылшын яки орыстан ала бермейміз бе?» деген сыңай танылады. Бір қарағанда, дұрыс сияқты. Алайда, эстон, латыш, швед, норвег, чех, фин т.б. сияқты бізден де саны аз еуропалық халықтар неге ғылымды өз тілдерінде дамытуға зор күш салады?», «Еуропа одағы ішіндегі бұл елдер ғылыми мәліметтерді өздеріне жақын ағылшын немесе неміс тілдерінде алып отыра берсе болады емес пе?» деген заңды сауалдар туындайды.
Бірақ, аталмыш халықтар ғылымды ұлттық тілдерінде өркендетуге басты назар бөліп отырғаны шындық. Айталық, аталған елдердің тілдерінде жоғары білім алмақ болсаңыз, өкіметтері сізге грант бөліп, стипендиясын төлеп тұрады. Ал, осы елдерде ағылшын тілінде білім алғыңыз келсе, қалтаңыздан пұл төлеуге тиіссіз. Байыппен саралап қарар болсақ, мұның сыры тереңде. Тіл – ұлттың асыл өзегі. Тіл болмаса, ұлт жоғалады, ұлт болмаса мемлекет болмайды. Демек, мемлекеттілікті, тәуелсіздікті сақтап қалудың басты алғышарттарының негізгілері ұлт тілінің табиғи қалыпта дамуына кедергі жасамау, мүмкіндігінше қолдау көрсету болып шығады. Қазіргі таңда ұлт тілі мәдениетпен қатар, ғылымның да тілі болуы қажет. Себебі, кез келген тіл басқа тілдермен бәсекелестікке төтеп беруі, жаһандануға жұтылмауы тиіс. Демек, ғылымдарды ана тілімізде дамыту – мемлекеттілігімізді сақтау мен баянды етудің кепілі, бірден-бір жолы.
Қазір ғалымдарымыздың көпшілігі мектептерде пәндерді мемлекеттің тілінде оқытып, ғылымды дамыту маңыздылығына назар аударып келеді. Мәшһүр математик академик А.Жұмаділдаевтың өз елімізде шет тілінде білім беру мемлекет тіліндегі білім беруді қысқарту есебінен жүрмеуі тиістігін айтқан еді.
Сондай-ақ, филология ғылымының кандидаты А.Фазылжанова: «Кейбір жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытамыз деп жатыр. Бұл дұрыс емес. Мұндайды тек жоғары оқу орындарынан ғана бастау абзал. Ал жалпы білім беру орындарының бәрінде білім тек қазақ тілінде берілуі тиіс»,– деген пікір білдірген. Орайлы тұста, білім беруді жаппай мемлекеттік тілге көшіру көп елдерде тіл әрі мемлекет тұтастығын қамтамасыз етудегі бірден-бір тиімді фактор болғанын атап өткен жөн.
Бұдан өзге, А.Фазылжанова өз зерттеуінде Германия экономикалық дағдарыстан шығу үшін ұлттық тілді дамытып, қоғамның барлық саласындағы оның қолданысын кеңейтуді іс жүзіне асырған ел болғанын ерекше атап көрсетеді.Сондай-ақ, ол лингвоэкономика саласын зерттеген ғалымдар «тіл дами келе, сол тілді қолданатын қоғамның санасын өсіреді, елдің экономикасын дамытады, экономикасы жақсарған елде тілдің болашағы да зор» деген тұжырымға келгеніне назар аудартады («Алматы ақшамының» 25.09.2018 жылғы саны).
Ғалымдардың бұл пікірлері – өте қисынды пайымдар. Ғылымды өз тілімізде дамыту рухани жаңғырудың көрінісі әрі халықтың әл-ауқатын мейлінше арттыру қамы. Онсыз алға басу болмайды. Дүниежүзінің барлық дерлік елдері ғылымды өз тілдерінде дамытып отыр дедік. Әрине, ағылшын, өзге де шет тілдерін меңгерген мамандардың орны ерекше. Олардың білімін ең алдымен ұлттық ғылымды ілгерілету мақсатына қолданған жөн.
«Егемен Қазақстанның» 2019 жылғы қаңтардағы санында профессор Т.Көкетайдың «Ғылым деңгейі неге төмен?» деген мақаласында өзекті мәселелер қамтылған екен. Ол «елімізде ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты нақты, жүйелі саясаттың болмауы және оны тиімді басқаратын құзырлы құрылымның жоқтығы ғылымның әлеуетін айтарлықтай әлсіретіп жібергенін» атап өткен. Ғалым ғылыми зерттеушілер санының азайғанын, ғылымға жеткіліксіз қаржы бөлініп келгенін елдегі ғылым деңгейі төмендеуінің елеулі факторлары ретінде атап өтеді. Бұл мақалада профессордың ел ғылымының жай-күйіне жаны ашып, ондағы негізгі түйткілдерді ашып айтқанын аңдадық.
Ебірей халқы пәлен ғасыр бойы қолданыста болмаған өлі тілін тірілтіп, сол тілде ғылымын дамыту арқылы өркендеудің алдыңғы қатарына шыққанын білеміз. Олай болса, «тілі тірі қалған» біздің жағдайды «құдайға шүкір» деп айтуға болады. Бүгінгі уақытта қазақ тілі – ғылым тілі. Оны жақын келешекте қазіргі заманғы технология тіліне айналдыруға толық негіз бар. Ниет пен қарекет табылса болғаны.
Тіпті, санкциялар қысымында отырған Иран көптеген шектеулерге қарамастан ғылымы мен өндірісін қарқынды дамытып келеді. Барлық дәрі-дәрмектің 97%-ын өзі өндіреді. Пандемия кезінде медицинасы жемқорлық мен былыққа батқан кейбір елдерде дәрі тапшылығы сезіліп, оның бағасы күрт көтерілгені мәлім. Ал, Иран осы кезде керісінше шет мемлекеттерге дәрі-дәрмек экспортын арттырды.
Бұдан бөлек, Иран әскери техникаларын, атыс қаруларын, соғыс машиналарын, зымырандарды, жер серіктерін толықтай өзі жасайды. Нанотехнология өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатарға шығып отыр. Аталған жағдайлар бұл елдің технологиясы мен өндірісінің негізі берік қаланғандығын көрсетеді. Мұның барлығы Тегеранның ұлттық мектеп пен ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлгендігінен мүмкін болып отыр. Ислам Республикасы ғылым мен өндірісті дамытуда жас ғалымдар мен мамандардың ақыл-ойы мен іскерлігіне сүйеніп отыр. Экономикалық қысымдағы бұл елге қарағанда біздің мемлекетіміздің өндіріс пен технологияны өрістету мүмкіндігі анағұрлым жоғары екені мәлім.
Осы баяндалғандар негізінде, төмендегідей бірқатар ұсыныс-тілектерімізді жеткізуді жөн санадық.
- Көптеген университеттер мен мекемелердің ғылыми басылымдарын мақалаларды мемлекеттік тілде басуға міндеттеу керек. Бүгінде олардың көпшілігі материалды тек ағылшын тілінде беруді сұрайды. Біздің ойымызша, ғылыми журналдарда мақалаларды өз тілімізде көптеп басқанымыз жөн. Онсыз да, мақаланың ағылшынша аңдатпасы журналға қоса беріледі. Әлбетте, материалды ағылшын тіліне аудару еш қиындық тудырмайды. Бірақ, алдымен өз мемлекетімізге, туған тілімізге қызмет етуіміз керек, алдымен өз тілімізде ғылыми ой тұжырымдап, ақпарат беруге тиіспіз деп ойлаймыз.
- Дүние жүзіндегі физика, химия, био және нанотехнология, автоматтандыру және т.б. техника ғылымдары бойынша 100 үздік оқулықты (осы күнгі әлемдік бестселлерді) қазақ тіліне аударған жөн. Бұған дейін ел басшылығының қолдауымен, сол кездегі ҚР Президенті әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаеваның ұйымдастыруымен гуманитарлық пәндер бойынша әлемдегі үздік 100 оқулық ана тілімізге сәтті аударылғаны мәлім. Бұл үлкен еңбек, баға жеткісіз мұра болды. Осы тәжірибе негізінде әлемге танымал, технологияның дамуына тың серпін берген ғылыми еңбектерді қазақша аудару лазым деп есептейміз. Себебі бұл – бүгіннің қажеттілігі, мемлекет ертеңінің қамы.
- Барлық компьютерлік бағдарламалар мен өнімдердің, қосымшалардың, нұсқаулықтардың қазақ тілінде болуын қадағалау керек. Себебі, қазіргі таңда балалар мен жастардың басым бөлігі (Мәселен, Ақтау қаласындағы Есенов университетінде 90% пайыздан аса) қазақ тілінде білім алуда.
- Ғылым мен өндіріс арасын байланыстырудың өзектілігі зор. Жоғары оқу орындарында жұмыс істеген кездерімізде елімізде көптеген талантты ғалымдар бар екенін, олар техника ғылымдарының өзекті проблемаларын шешіп, елеулі ғылыми жаңалықтар ашқандарын біліп, қуанып жүрдік.
- Мемлекет және мецанаттар тараптарынан техникалық ғылымдардың түрлі салаларына арналған сыйлықтар мен гранттар тағайындау және кандидаттарға қойылатын жас шектеулерін алып тастау қажет.
- БАҚ құралдарында ғылымға арналған бағдарламалар ашудың, әсіресе радио-теледидар арқылы техникалық ғылымда зор жетістікке жеткен ғалымдарды халыққа көптеп дәріптеудің маңызы зор. Қазір теледидардан неше түрлі саланың мамандарын көреміз, көптеген мектептерде әнші-әртістердің суреттері ілініп тұр. Ілінбесін демейміз. Бірақ, бізге алдымен физика-техника салаларының ғалымдарын насихаттау қажет. Ғалымдарды, олардың еңбектерін дәріптеу өскелең ұрпақты ғылымды өркендетуге тартуға септігін тигізері анық.
- Радиотехника, машина жасау, цифрлық технология, роботтандыру, қашықтықтан басқару, компьютерлік бағдарламалар жасау және т.б. қазіргі заманғы технологиялар салаларына жастарды тарту мәселесі өзекті болып отырғандықтан, осы салалардың мамандарын даярлауға гранттар санын арттырған абзал болар еді.
- Ғылыми-зерттеу мекемелерінде жыл сайын лауазымдар санын арттырып отыру жөн болар еді. Әйтпесе, қысқарту саясаты осы мекемелерге, жалпы ел ғылымына ауыр тиеді.
- Білім-ғылым салаларына бөлінетін қаржы көлемін арттыру өзектілігі айқындалуда. Әрине, ғылымға бөлінген ақша бизнестегідей бірден өтеле қоймасы анық. Тіпті, оның өтемі кемінде 50 жылдан кейін қайтуы мүмкін. Осыған қарамастан, озық елдер ғылыми даму бағдарламасын алдын ала жоспарлап, қомақты қаражат бөліп келеді. Солармен салыстырғанда, біздің еліміздің ғылымға бөлген қаражаты мардымсыз екенін сарапшылар жазып жүр. Еліміздің ғылым-білім саласына бөлетін қаражаты ІЖӨ-нің 0,2%-ына жетпей келіпті. Елбасы өзінің 2014 жылғы жолдауында экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру мен ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 3%-ынан кем емес деңгейге дейін арттыруды қажет ететінін ашып айтқан. Мұндай талапқа ұмтылыс қарқынды өрлеуге жол ашары кәміл.
Осы орайда, олардың ашқан жаңалықтары ел өндірістеріне жетіп, қолданысқа көптеп енсе деген арман-тілегіміз бар. Бұлай болмаған жағдайда, ол ғылыми жаңалықтардың қызығын шет мемлекеттер көріп, соларды пайдалану арқылы шығарылған өнімдерді біздерге әкеп сатары мәлім.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев былтыр ұлттық деңгейдегі мәселелерді шешіп, ғылымның әлеуетін арттыру жағынан ғылымды дамытатын арнаулы бағдарлама қажет екенін атап көрсетіп, үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін мың грант бөлуді тапсырғаны мәлім. Шынында, егер ел ғылымына қажетті көңіл мен тиісті қаржы бөлінер болса, келешекте өзге елдер бізден технология беруді, инвестиция бөлуді сұрап жүруі әбден мүмкін.
Бұған қоса, соңғы кездері білім саласындағы жемқорлыққа жол бермеу бағытында оң ілгерілеу байқалып отырғанын атап өткен жөн.
Әрине, бүгінгі таңда ғылым-білім салаларына жауапты тұлғалар мен қызметкерлер өз міндеттерін адал атқарып жүргеніне күмәніміз жоқ. Дегенмен, өркениет көшіне ілесуіміз үшін әлі де орасан зор күш-жігер жұмсауымыз қажеттігі даусыз.
Академик А.Жұмаділдаев Қытай парасаттылығы батыстық, ең алдымен америкалық озық технологияларды игеруге әкелгеніне тоқталып: «Егер Қазақстан мәңгілік ел болғысы келсе, технократтық елге айналуы керек», - деп қадап айтқан. Расында да, еліміздің экономикасы мен өнеркәсібіне заманауи озық технологияларды тарту, соларды өзіміз жасайтын жағдайға жету шынайы өркендеу, нағыз мәңгі елге айналудың басы болмақ.
Мұндай мақсатқа жасөспірімдерді мектеп қабырғасынан бастап баулу қажеттігі айқын. 1990-жылдардың орта тұсында Алматыда біз оқыған Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық №2 мектеп-интернатта арнайы физика-математика сыныптары ашылды. Бұл бастаманың басы-қасында математик Сара Жақсымбетова-Масина, химик Гүлжаһан Жексембина, физиктер Дәмеш Тойшыбаева, Сабыр Тұяқбаев, Қайрат Шадиев сияқты ұстаздарымыз жүрді. Мұндай сыныптар ашудың негізгі мақсаты ғылым мен өндірісті ана тілімізде дамыту-тұғын.
Ол кез терең экономикалық дағдарыс жайлап, өндірістер тоқтаған, ақшаның құнсыздануы шарықтап, университеттердің профессорлары мен ұстаздарының біразы күн көру үшін базар жағалап кеткен заман еді. Сонда озат жастардың да көпшілігі алып-сатарлыққа бет бұрғаны өкінішті жағдай болды.
Тәуелсіздік жылдары атқарылған қыруар еңбектің арқасында республикамыз ғылым-білім, өндіріс салаларында белгілі бір табыстарға қол жеткізді деп айтуға болады. Дегенмен, шикізаттық емес, дайын тауарлар шығаратын өндірісті дамыту өзектілігі әлі де өткір сипат алып тұр. Ел басшылығы бұл жөнінде ұдайы айтып, мұнайы жоқ ел сияқты қарекет қылуды ескертіп келеді. Соңғы кезде баламалы қуат өндіру ісінің ілгерілеуі, пандемия жағдайында көмірсутек бағасының едәуір төмендеуі мұнай дәуірінің аяқталар тұсы қашық емес екенін аңдатуда.
Жоғарыда айтқанымыздай, 90-жылдары өндірістер жекешеленіп, зауыттар жұмысын тоқтатып, станоктар вагон-вагонымен шетке сатылып жатқан заманда техникалық, инженерлік мамандық таңдағандарға түсінбестік танытқандар ұшырасты. Соған қарамастан, аталған интернаттың түлектері арасынан техникалық ілімдерді игеріп, физика-математика, техника ғылымдары бойынша ғылыми дәрежелерге қол жеткізгендер, медицина мен өндіріс дамуына үлес қосып жүргендер баршылық. Әлбетте, бүл республикалық мектептің түлектері арасынан шыққан мәдениет, білім-ғылым, ақпарат және өзге де салалар бойынша мемлекет, қоғам қайраткерлері өте көп. Сонда да, бүгінгі таңда мемлекетімізде озық технология мен өндірісті дамыту өзектілігі аса өткір сипат алып тұрғандығы айқын. Осы орайда, физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын қазақ мектептері мен сыныптары санын арттыра түсу қажет деп санаймыз.
Жалпы, елімізде техникалық ғылымдарды ана тілімізде дамытуға мемлекеттік деңгейде қамқорлық қажет деп есептейміз. Осыған жағдай жасау ұлттың, мемлекеттің қамы екені мәлім. Тіл, ғылым, рух – бұлар бір-бірімен сабақтас құндылықтар. Сондықтан, ғылым мемлекетіміздің тілінде дамығанда ғана, рухымыз жаңғырып, өндірістік-технологиялық өркендеу болмағы кәміл. Сонда білікті қазіргі кездегі кадрлардың сыртқа кету үрдісі кемуі ықтимал.
ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының ісін жалғастыру, ғылым-білімді дамытуға лайықты көңіл, жеткілікті қаражат бөлу, алда қабылданатын мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар аясында ғылым мен өндірісті жедел дамыту арқылы мемлекетіміз дамыған озық елдер қатарына ертерек енері күмәнсіз.
Бағдат Яғалиева,
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, Yessenov University
Дәуірбек Дүйсебай,
Филология ғылымдарының кандидаты