ЖАЗУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚИЫН ЕМЕС
Әр әліпби нұсқасы шыққан сайын сын көзбен қарап отырған жұртқа әліппені таныстырып, дұрыс пікір қалыптастыру үшін елімізде құзырлы мамандар мен орталықтар жұмыс жасап отыр. Осы қатарда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан ашылған Ресурстық тіл орталығы да бар. 2018 жылдан бастап орталық тарапынан түсіндіру, насихаттау, әдістемелік көмек беру жұмысы белсенді түрде жүргізіліп отырғанынатап кету керек.
Алдыңғысын қозғаудың қажеті жоқ, көпшілік талқысына түсіп жатқан соңғы әліппе туралы айтар болсақ, әліппе барлық 28 дыбысты толық қамтыған, 31 әріптен тұрады. Әліппенің реттілігі де біршама өзгерген, халықаралық стандартқа негізделгенін көруге болады. Қазіргі дәуірдің алған бағыты ғылыми технология болғандықтан, таңбаларды компьютер тілі еш қиындықсыз тани білу керек. Сондықтан осы жайтты да ескере отырып ғалымдар юникод жүйесі қабылдайтын, пернетақтаға жеңіл қондыруға болатынтанымал диакритикалық белгілерді қолдануға тырысқан.
Әдістемелік жағынан алғанда әліпбиді қолданушы көпшілік үшін басты назарда көзшалымға сүйкімділігі мен қолдағды қалыптастыруға ыңғайлылығы тұрады. Осы орайда осы талапқа қаншалықты сәйкес келетінін тексеру үшін «Аудиодиктант жазайық» акциясы қолға алынды. Мақсатты топ ретінде Қарағанды облысы бойынша латынға жауапты әдіскерлер (25), қалалық білім бөліміне қарасты мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері (121), мектеп оқушылары (96), барлығы242 адам қамтылды. Толықтыра кетейік, мақсатты топты жабдықтағанда үнемі жаңа графиканы насихаттау жұмысымен айналысып жүрген әріптестеріміз, «Жаңа әліпбидің жаңалығы» тақырыбындағы түсіндіру шарасына, тренингке қатысқан тіл мамандары және жаңа нұсқадан толық хабары жоқ, бірақ диктант жазар алдында 10-15 минуттық түсіндіру жұмысына қатысқан оқушылар қамтылды. Аудиодиктант екі түрлі жолмен алынды. Ересектер үшін уацап желісінде ортақ топ ашылса, жауапты мамандар кей мектептерге арнайы барды. Диктант мәтінін әзірлеуде биылғы жылғы мерейтой иелеріне қатысты «Älihan – tıl janaşyry», «Jambyldyŋ aqyndyğy» тәрізді мәтіндер алынды.
Жазба жұмыстары тексеріліп, қорытындысы жасалды. Негізгі мақсат әліпби құрамындағы таңбалануы өзгерген әріптердің меңгерілу дәрежесін анықтау болғандықтан, әр жұмыс жекелей қаралып, әсіресе, орфографиялық қателіктерге мән берілді.
Диктант барысында диктанттың барлық талаптары сақталды. Осы акция барысында аңдағанымыз, ересектер жаңа графиканы саналы түрде тез қабылдап, қатесіз жазатынын байқатты. Нақтысын айтқанда, өңірдегі латынға жауапты әдіскерлер диктантты жоғары деңгейде жазып шықса, тіл мен әдебиет мұғалімдерінде диакретикалық белгімен келген кейбір әріптерге байланысты бірен-саран ғана қателіктер жіберілді.
Ал оқушылардың кейбіреуінде жаңа графикадағы диакритикалық белгілерді шатастыру немесе ұмытып кету сияқты қателіктер кездесті. Сол қателіктерге зер салып қарасақ, көбінде «І» мен «İ»таңбаларының диакритикасын шатастыру байқалады және «Ş»-ның орнына кейде «Sh» деп бұрынғы акут нұсқасын жазуы, сондай-ақ «Ū» мен «Ü» әріптерінің әріпүсті белгілерін шатастыру сияқты қателіктер кеткен. Бұл қателіктер қол және көздағдының қалыптаспауының салдарынан жіберілгенін аңғару қиын емес.
Бір байқағанымыз, дұрыс үйретіп, жақсы әдістемелерді қолдансаңыз, сауатты жаздыруға болады. Қарапайым халықтың бәрі ғалым, филолог емес. Олардың қабылдауына сәйкес ұғынықты түсіндіріп, жаңа әліпбиде оқу, жазу дағдысын тез қалыптастыруға болады. Сондықтан көп созбай заңды күші бар жаңа әліпбиіміз бекітіліп, жұмысымызды әрі қарай мақсатты түрде жалғастырсақ дұрыс болар еді.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығы ұжымы