И МЕН У-ДЫ НЕГЕ ТАРАТЫП ЖАЗУҒА БОЛМАЙДЫ?
«Біз емлені еpмекке түземейміз, оңайлансын деп түзетеміз» деген, әрі қазақ емлесіндегі түйткілді мәселелердің жүйелі қалыпқа түсуіне еңбек сіңірген ғалым Құдайберген Жұбанов и мен у-ды қосар әріппен таңбалауға түбегейлі қарсылық танытқандардың бірі. Ғалым: «Қосарды жақтаушылар бұларды бір дыбыс емес, екі дыбыс болғандықтан екі таңбамен белгілеу керек деседі. Әуелі-ақ, бұларда екі дыбыс бар ма, жоқ, бір-ақ дыбыс бар ма? Мұны айырып беруге қосаршылардың өздерінің де өрелері жетпейді», - деп қатты сынағаны мәлім және «оны қаншама сүйрете бергенмен де, ол сүйреткің тек өз бойыңа салмақ болмақшы да, дыбыстың қосарлығын сақтап қала алмақшы емес», - деген тұжырым жасаған еді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде и мен у-дың анықтамасы мен таңбалануына қатысты көзқарастарын өзгертіп отырғаны белгілі.
Ғалым еңбектерінде и мен у: «жарты дауысты, шала дауысты, үнді дауыссыз, талғауық үнді дыбыс, орта дыбыс» түрінде сипатталған болатын.Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің өзінде и мен у-ды кейде тарқатып, кейде тарқатпай жазғанына куә боламыз. Бір ғана мысал, ғалымның 1922 жылы шыққан «Оқу құралында» (Усул сотие жолымен тәртіп етілген. Қазақша алифба) и дыбысы таратып жазылмаған: жи, жина, жиын, жимақ, қиын, қисық. Ал 1912 және 1925 жылы шыққан еңбектері «Оқу құралы», 1922 жылы шыққан еңбегі «Оқұу құралы», 1927 жылы шыққан еңбегі (Т.Шонанұлымен бірге) «Оқыу құралы» деген атпен жарыққа шыққаны мәлім. Демек А.Байтұрсынұлы еңбектерін тікелей түпнұсқадан мұқият қарап шықсақ (кирилге аударылған нұсұқаларын емес), ғалымның и мен у дыбыстарын таратпай жазғанына көз жеткіземіз.
Осылайша төте жазудан басталған қосар әріп әуресі сол кездің өзінде үлкен дауға айналып, одан кейінгі латын әліпбиін қабылдаған жылдарда жалғасын тапты. Латын жазуында «баланың қатесінің төрттен бірі» осы и мен у-ды таратып жазудан деп дабыл қаққан Құдайберген Жұбанов: «Мұнымен есептеспеске болар ма екен? Қосар әріптің жазудағы қиыншылығымен санаспай болмайды», - деп арнайы мақала да жариялаған (Қосар ма, дара ма?, 1935 ж.).
1929-1940 жылдар аралығында қолданыста болған латын әліпбиіндегі қиындық пен ала-құлалық та осы и мен у-ды қосар таңбамен беру мәселесінде орын алғандықтан, 1938 жылы ол дыбыстарды барлық жерде бір ғана таңбамен жазу туралы шешім шығарған. Алайда латын графикасындағы емле ережелерінің бірізге түсіп, нормалануы толық аяқталмай жатып, 1940 жылдары кирилл таңбасына өттік. Кирилл жазуында да и мен у бірде қосар, бірде дара түрде таңбаланып, жазу нормасындағы ала-құлалық одан әрі жалғасты: күліу/күлүу/күлу; тоқыу/тоқұу/тоқу, оқыу/оқұу/оқу, жыйын/жиын, ійне/ине т.б. Осындай қиындықтардан соң 1957 жылы лингвист ғалымдар жазуды бірізді жүйеге түсіру мақсатында и мен у таңбаларын қосар емес, дара әріппен таңбалайтын емле ережелерін қабылдады.
Бұдан шығатын қорытынды, и мен у дыбыстарын қосар таңбамен беру мәселесі сонау төте жазу (араб) тұсында-ақ үлкен дауға айналып, латын графикасын қабылдаған жылдарда да күн тәртібінен түспеген, тек кирилл жазуында ғана дауға нүкте қойылды. Себебі, қаншама жылғы жазу тәжірибесіндегі ала-құлалық, сондай-ақ қатенің көбі осы и мен у-ды қосар әріппен жаза алмаушылықтан туындауы, балаларға үйретудің ауырлығы жазу сауаттылығын кері кетірді.
Дәл қазіргі таңда, и мен у-ды екі таңбамен жазуды жаңа емле ережелеріне енгізу қайтадан ұсынылып жатыр. Алайда төте жазудан басталып, 1957 жылға дейінгі аралықта 40 жылдан астам уақыт бойы бірізді жүйеге түсе алмай дау тудырған әрі жазудағы ала-құлалыққа себепкер болған «таратып жазу» (жыйналыс, ійнелік, оқұу, тұуұу т.б.) мәселесін ендірсек, тарих көрсеткен тәжірибедегі қиындықтарға қайтадан ораламыз. Ал бұл қазақ қоғамының латын әліпбиімен сауаттануын тежейді.
Гүлфар Мамырбек,
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми
практикалық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері