ТЕМІРДІ ҚЫЗҒАН КЕЗІНДЕ СОҚҚАН ЖӨН

13.05.2021
Назарын өзіне аударып, елді елең еткізген жаңалықтың бірі – әліппе ауыстыру болатын. Әліппенің сан мәрте қызу талқыдан өтіп, түзетулер енгізіліп жатқанына 4 жылдай уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде әліппенің бірнеше нұсқасы шығып, түрлі пікірлер айтылды. Осы істің басы-қасында жүрген лингвист ғалымдар, әдіскерлер, түрлі саланың мамандары әліппемізге бей-жай қарамай еңбек етуде. Әрине, әлемде мінсіз әліппе жоқ, сондықтан көзшалымға, жазудың талаптарына сай, техниканың тіліне келетін әліппе түзу, жалпы, заманның талабын орындау оңай болмай жатқаны анық.

Қазіргі кезде «Жетілдірілген жоба» нұсқасы қаралып жатыр. Әліппенің әр әрпіне жауап беретін емле ережесі де аздаған өзгеріске түскен тәрізді.

Қарағанды өңірі жаңа әліппе жайлы әр өзгерісті назардан тыс жібермей, оны тұрғындарға әртүрлі жолмен, яғни әлеуметтік желі және тың жобалар арқылы насихаттауда.

Өңіріміздің 9 қала, 9 ауданында жетілдірілген нұсқа бойынша жүргізіліп жатқан насихат шаралары жемісін берді деуге болады. Өңірлер бұл нұсқаға қолдау ретінде өз пікірлерін әлеуметтік желілерде жариялап жатыр.

Соның ішінде ерекше назар ауратыны, 80 пайызы өзге ұлт өкілдері шоғырланған Саран қаласының белсенділігі жоғары.

Сондай-ақ Сәтбаев, Жезқазған, Приозерск қалалары мен Ақтоғай, Қарқаралы, Балқаш, Жаңаарқа аудандары да өңірлерінде жетілдірілген әліппе бойынша атқарылған шаралар жайлы айта келіп, әртүрлі аудиторияда жүргізген насихат шаралары оң нәтиже көрсеткенін өз парақшаларында жазған екен. Мысалы: «....Жетілдірілген әліпбиді таныстыру жұмысына да жаңа қарқынмен кірісіп кеттік. Жаңа әліпби жобасы көпшіліктің көңілінен шығуда. Ең алдымен, "бір дыбыс – бір әріп" қағидасы сақталған. Диграфты, апострофты әліпби бойынша сөзді жазуда қиындыдықтар болған. Жетілдірілген әліпбиде диакритикалық белгілердің орынды қолданылуы қуантады. Көзшалымға, қолдағдыға өте ыңғайлы

(Приозерск қаласы), ....Жүргізілген жұмыстар барысында ұсынылған жоба бойынша қатысушылардың пікірлері зерделеніп, жетілдірілген әліпбиді қабылдау деңгейлерін анықтау үшін оқу, жазу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған түрлі тапсырмалар орындалды. Қатысушылардың басым бөлігі жетілдірілген әліпбидің жаңа нұсқасын жеңіл қабылдап, көңілге қонымды екенін мәлімдеді (Ақтоғай ауданы)», - деп жазған.

Темірді қызған кезінде соқ демекші, көпшілік тарапынан жаңа нұсқаға соншалықты қарсылық жоқ болғандықтан, тезірек бекітілгені дұрыс. Әліпби төңірегіндегі таусылмас пікірлер айтылған үстіне айтылып, жазылған хаттың үстіне хат жазыла берсе, халықтың жаңа әліпбиге деген көзқарасы өзгеріп, оны қайта пысықтап, қайта насихаттауға тура келері сөзсіз. Бекітіледі, жазу өзгереді дегенімізге аттай 4 жыл болғандығын да назардан тыс қалдырмау керек шығар.

Асыл сөздің қадірін сақтап, аталы сөзге тоқтаған ел екенімізді еске салғымыз келеді.

 

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығы

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру