ЖАРНАМА ТІЛІНІҢ САУАТТЫЛЫҒЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНБАҚ

25.05.2021
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті таратқан ақпарат бойынша, кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау мақсатында құрылған жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Комитет әзірлеген заң жобасының нұсқасымен 13 заңға өзгеріс енгізу көзделсе, депутаттар тарапынан қосымша 5 заңға өзгеріс енгізу қажеттілігі жөнінде ұсыныс түсті. Заң бекітілген жағдайда жалпы саны 18 заңға өзгеріс енгізілмек.

Көрнекі ақпарат пен жарнама мәтінін Тіл заңының талаптарына сүйенбей, бейсауат орналастыру салдарынан сауатсыз жарнама саны күрт артып, қалың көпшіліктің наразылығын тудыруда. Өз кезегінде бұл Үкімет тарапынан қандай да бір пәрменді тетіктің енгізілуін қажет етті.

Соған орай депутаттар тарапынан кәсіпкерлік субъектілерінің тіл туралы заңнаманың сақтауына мемлекеттік бақылау функциясын енгізуге қатысты маңызды ұсыныс түсті.

Яғни Кәсіпкерлік Кодекстің 138-бабына «Тіл туралы заңнаманың деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде сақталуын бақылау» түрін енгізу; «Тіл туралы» Заңның 25-2-бабына облыстың жергілікті атқарушы органына аталған мәселеге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөнінде құзырет беру және осы Заңға бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу баптары ұсынылды.

Бүгінгі күні Тіл комитеті мемлекеттік бақылау функциясын енгізуге қатысты реттеушілік әсерді талдау формасын әзірлеп, ашық НҚА порталында талқылаудан өткізді.

Тиісті процедуралар жүргізіле отырып, алдағы уақытта талдау формасы Ұлттық экономика министрлігіне қорытынды алуға жолданатын болады.

Жалпы Парламент Мәжілісінде заң жобасын пысықтау мақсатында бүгінгі күнге дейін 9 отырыс өткізілді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру