«ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АРҚАСЫНДА КӨТЕРІЛДІМ»

15.06.2021
Балалар үйінде өсіп, дәстүрлі ән айтатын орыс жігіті жайлы не білеміз. 21 жастағы Алексей Лодочников қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындап, әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етіп жүр. Балалалар үйінде тәрбиеленген ол қазақ тілінде еркін сөйлейді, сондай-ақ, өзін актер ретінде дамытуда. KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берген Алексей мемлекеттік тілді және қазақтың ұлттық аспабын қалай үйренгенін айтып, мұның өзіне қандай басымдықтар беретініне тоқталды.

«Есімім – Алексей. Жасым 21-де. Павлодар облысының Ақсу қаласында тудым. Бірақ балалық шағым Тереңкөл ауданындағы балалар үйінде өткендіктен, туған жерімді сол аймақ деп есептеймін. Кішкентайымнан қазақ тілін меңгеріп алдым. Қазақ мектебіне қадам басқандықтан, айналамдағы орта әсер еткендіктен, маған қазақша үйрену қатты қиындық туғызған жоқ. Домбыра шертіп, дәстүрлі әндерді орындауды да сол жерде үйрендім. Менің ән айтуға қабілетім барын байқаған апайларым 6-сыныпта музыкалық мектеп-интернатқа ауыстырды. Кейін дәстүрлі әндерді орындау бойынша колледжді де тәмамдап шықтым", – дейді Алексей.

Жас жігіт домбыра тартуды да, ән айтуды да балалар үйінде жүріп үйренген. «Домбыраны қолыма алғаш ұстатқан ұстазым – Асқар Еркебұланов. Кейін Медғат Манатов, Амангелді Қожанов сынды мықты мамандардан тәлім алдым. Бүгінде домбыра өмірлік серігіме айналды. Одан бөлек, актер ретінде де бағымды сынап жүрмін. Түркістанда түсірілген «Киелі бесік» сериалында ойнадым. Тағы да ұсыныстар болса, қарсы емеспін», – дейді ол.

Сөз соңында Алексей Лодочников өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйреніп алу туралы үнемі айтатынын да жеткізді.

«Елімізде тіл мәселесі әлі де бар. Өзге ұлт өкілі ретінде қазақ тілін білудің мен үшін оң шешім екенін айтқым келеді. Біріншіден – бұл мемлекеттік тіл. Мұны білуге бәрі міндетті. Екіншіден – қазақша ән шырқап, қазақша таза сөйлегенімнің арқасында маған үлкен жол ашылды, мол мүмкіндік берілді.

Мәселен, қазақша білмесем Димашпен (Дима Құдайбергенов – ред.) бір сахнада тұрып ән айтар ма едім? Елбасының алдында сөз сөйлейтін бе едім? Қазақ тілін жетік білгенім менің өмірлік даңғылыма жол ашты. Сондықтан, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйреніңдер деп көп айтамын. Әр адам мемлекеттік тілді сыйлауы қажет», – дейді Алексей.

Мақаланың толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://kaz.nur.kz/showbiz/1917531-bari-kes-boldy-kozi-kogerip-auzy-tilingen-suretin-zelige-salgan-tanymal-aktrisa-eldi-alandatyp-qoidy/
Пікірлер (0)
Пікір қалдыру