Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: ОРЫС МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАЙТА ЖАЗУ КЕРЕК

18.06.2021
– ...Одақ тарқап, тәуелсіздікпен бірге ілесе келген нарықтық қатынас қоғамға дендеп ене бастады. Соның салдарынан елдің әл-ауқаты ептеп әлсірегенімен, рухы түсе қойған жоқ. 90-шы жылдардың басын ала шыққан көптеген газеттердің арасынан «Ана тілін» жұртшылық жылы қабылдады... Сіз басылымға Бас ¬редактор болып келгенде апталығымызды қай тұсынан нығайтып, қалай дамытуды ойластыра келдіңіз?

– Бұл кез қоғамның басқа салаларымен қатар баспасөз нарығы да әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың тырнағына іліге бастаған уақыт. Халықтың бір бөлігі көнкөрісті ойлап, бір шоғыры кәсіптің көзін іздеп қарманып жатқан. «Егемен Қазақстан» газеті ғана мемлекеттік бюджеттің арқасында тұрақты шығып тұрды. Қалғандары қалт-құлт күнелтуге көшкен. Бір номері шықса, екі номеріне шама жетпей, қызметкелерге төлеуге ақша таппай, газет басшылары дағдарды. Бұрыннан шығып келе жатқан іргелі газеттер болмаса, жаңа шыққандары жабылып та қалды. Ал «Ана тілі» оқырмандарына үзбей жетіп тұрған...

Бұл кезде орыстілді басылымдар­дың мазмұны да, бағыты да нарыққа икемделіп құбылып жатқан, әрі өз елімізде ғана емес, Ресейде шығатын газеттер біздің елдің баспасөз нарығында кәдімгідей орын тепті. Қазақ газеттері де амал-айласын табуға қарекет етпесе болмайтын еді.
Бір қиыншылықтың бір жақсы­лығы болады. Ел де, мемлекет те экономикалық қыспаққа түсе бастаған кезде әлеуметтік ахуалды түзетуге қазақтың мұнайы дәл сол кезде көп септігін тигізіп еді. Жаңадан мұнай көздері ашылып, одан түскен қаржының елдің игілігіне жұмсалуы «Ана тілі» газетіне де шарапатын тигізді деп ойлаймын. Газеттің бұрынғы ырғағынан жаңылмай, тұрақты шығып тұруына сол кездегі мұнай саласының тізгінін ұстаған азаматтардың, атап айтқанда, Бақытқожа Ізмұхамбетов, Балтабек Қуандықов, Меңдеш Салықов секілді достарымның тарапынан көп қолдау, демеу болды.
Солайша, «Ана тілінің» ел алдындағы беделін одан әрі нығайту үшін, мемлекет пен Үкімет алдындағы ықпалын арттыру үшін, оқырмандар қатарын одан әрі көбейту жолында газет бетінде қазақ тілінің статусын мемлекеттік қолданыс деңгейіне жеткізу қажеттігін әрбір нөмір сайын қадап, қадағалап, айтып отыру керек деп ойладым. Менің басты мақсатым осы болды. Өйткені бұл кезде барлық деңгейде де қазақ тіліне деген көзқарас әлсіреп, оның қолданыс аясы ұйқылы-ояу, манаураған күйге түсе бастаған.
Бірақ баспасөз айналасын­дағылардың қоғамдағы кейбір адамдардан «Ана тілі» газетінің бағыты басқа жаққа бұрылып кетті, мазмұнын өзгертті деген әңгімелері көбейді. Оның үстіне, газеттің жанынан шыққан «Алтын дәрия», «Евразия» секілді қосымшаларды жұртшылық газеттің бет-бейнесін, келбетін өзгертті деп қабылдап қалды. Бірақ менің мақсатым, айтып отырмын ғой, баспасөзді нарық пен қоғамның талабына икемдеу еді.

– «Ана тілі» тәуелсіздік тумай тұрып бір жарым жыл бұрын бозала таңнан шырылдаған бозторғайдай тіл мен елдің тақырыбын тыңнан көтерген. Тілтану мен елтану, бүркеуі жаңадан ғана ашыла бастаған түрктану, яғни әрі қарай кеулей берсек, түбі тектануға дейін сабақтап, кейін келе қоғамдық санаға да сөз арнай бастаған. Келбеті, жолы кілт өзгергенін жұртшылықтың кіді қабылдағаны рас қой... Өйткені бұл басылым осы бағытымен-ақ ана тіліміздің беделін, қадір-қасиетін асырып келе жатқандай емес пе еді.

– Менің ойымша, «Ана тілі» өзінің негізгі мақсатынан айныған жоқ. Тіл мәселесі, қазақ тілін қоғамда қолдану, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру, қай этностың өкілі болса да Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін ұлтаралық қарым-қатынас дәрежесіне жеткізіп, одан әрі жоғары деңгейде қолдану мәселесін насихаттау. Оқырман қауым «Алтын дәрия» мен «Евразияны» көргенде тосылып қалды. Сол қосымшаларды тосырқаған қалыпта газеттің кешегі мазмұнынан айырылғысы келмеді. Ал бірақ газет те экономиканың, қоғамның басқа салалары секілді нарыққа сай икемделгіш болуы қажеттігі ескерілмеді. «Алтын дәрия» «Ана тілінің» өсіп-өркендеу жолын кесуге мүмкіндігі жоқ болатын.

– Мүмкіндігі жоқ болатын?..

– «Алтын дәрия» «Ана тілінің» өсіп-өркендеуіне көптеген материалдық үлесін қосты деп ойлаймын. Солайша апталықтың оқырмандарының қолына үзіліссіз жетіп тұруы, әрі оның күні бүгінге дейін белді, беделді газет болып алдыңғы қатарда келе жатуының бір себебі, мұнайшылардың сол кездегі жасаған қандай да бір көмек-қолдауының арқасы екендігін дау туғыза қоймайтын мәселе деп санаймын. «Алтын дәрия» мен «Евразия» қосымшалары сол үшін қажет болды.

– Газеттің бағыты мен мазмұнын өзгертуге мықтап бекіндіңіз, стилін өзгерту жөнінде қандай принцип ұстандыңыз?

– Мен газетке сұхбатты орнықтыруды ойладым. Өйткені елімізде оқырман қауым, кейінгі ұрпақ тануға, білуге тиісті көптеген қайраткерлер, тұлғалар бар. Міне, сол кісілер кешегі, бүгінгі қоғамды дамытуға үлес қосқан адамдар. Соларды әрі насихаттап, әрі арғы-бергі өмірбаянынан мағлұмат, тәлім-тәрбие алып, көпке үлгі ету үшін сұхбаттың орны бөлек. Сондай адамдармен сұхбат «Ана тілі» газетінде жариялануға лайық деп санадым.

– Иә, сол кездегі алғашқы медиамагнат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сұхбаты жарияланды. Айтыңызшы, сізді баураған «Атамұраның» даңқы ма, әлде қаламдасқа деген көңіл нарқы ма?

– Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сұхбатымен бастау себебім, бұл жігіт сол кездегі нарықтық қатынастардың талабына шұғыл икемделіп, қоғамның қажеттілігіне, елдің мүддесіне орай рухани кәсіп бастаған, әрі сол заманда жаңа өсіп келе жатқан жас зиялылардың бірегейі. Мұхтардың өзі журналистика саласында біліктілігін танытып қана қоймай, жаңа қалыптасып келе жатқан баспа, кітап өндірісі саласын дер кезінде қолға алды. Себебі сұхбат беруші газеттің кейіпкері. Менің газетке алып келген жаңалығымның бірі осы деуге болады.

– Жаңалық демекші... Кеңес кезіндегі газеттердің дені, негізінен, партия мен комсомолдың орталық комитетінің органы болатын. Ұраны «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!». Ал «Ана тілі» газеті жаңа үрдіс бастап «Туған тіл – қыдырың, туған жер – тұғырың» деген мақсатты айдарлап, айқындады. «Ана тілі» газетінің алғашқы қызметкерлері ұжым болып қабылдаған осы айқындауыш біраз жыл газеттің бірінші бетін бедерлеп, басылымның бүткіл мұратын ­танытты. Сіздің редакторлығыңыздың тұсында ол өзгеріп, Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзін өзі қойған қолтаңбасымен газеттің оң жақ жоғарғы тұсына қондырдыңыз. Міне, 20 жылдан асты. Газеттің әрбір нөмірімен бірге Ахмет Байтұрсынұлының сол сөзі бірінші болып көзге шалынады. Сіз оны неге қалап алдыңыз?

– Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының бізге де, бізден кейінгілерге де арнап, ылғи да ойымызда жүрсін деп айтып кеткен сөзі. Бұ сөз «Ана тілі» газетінің маңдайында тұруы керек, тұрмаса болмайды! Себебі, расында, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады.

Қазақ тілінің проблемасы, оның қолдану аясының тарлығы күні кеше басталған жоқ. Кемі бір ғасырдан бері жырлап, қалпына келтіре алмай келе жатқан арманымыз. Әуелі патша өкіметі, одан кейін Кеңес Үкіметі өктемдік жасады дедік. Енді келіп, ана тілімізді қолдану өзіміздің қолымыздан келмей жатыр. Менің газет басшылығына келген күннен бастап айтып, күн сайын, әрбір нөмір сайын қайта-қайта жазу керек деп жүргенім осы. Солай емес пе! Тіліміз жоғалса өзіміз де жоғаламыз ғой. Маңдайшадағы бұл жазуға көзі түскен адам осыны ескеріп, тілімізді жоғалтпауға, яғни өзімізді жоғалтпауға жұмыс істеуі керек, барын салуы керек.

– Мереке аға, ниет дұрыс қой, сіз уақытында халықты, қоғамды қайрау үшін, тілді сақтау үшін жанашырлықпен жазғызып қойдыңыз. Осы жазуды көрген адам сескеніп, райынан дереу қайтып, қас-қағымда қазақша сөйлеп кетсе, қанекей! Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының «Байқаңдаршы!» деп бір рет айтқан бұл сөзін ұрпағым ұзақ жылдар аузынан тастамайтын ұранға айналдырып алсын демеген шығар. Осы сөзді оқи-оқи әуелі көңілімізге, одан кейін өмірімізге сіңіп, шын мәнінде сөзіміз де, өзіміз де... Құдай сақтасын...

Сөздің қуаты қатты ғой, қиын ғой. Мына бір тәмсілді өзіңіз де білесіз, ертеде бір әйел баласына «Жер тартқыр»-ды жағы тынбай айта береді екен. Күндердің күнінде ойнап жүрген баланың аяғының астындағы жер жарылып, бала белуарынан түсіп кетеді де, жер қысып шырқыратады. Жан баласы шығара алмаған. Сонда ауылдың бір ақсақалы «Қарағым келін, айта беретін едің, әлгі сөзіңді, тағы бір қайталашы, баланың жаны қиналмасын» дегенде, анасы қиналса да қан жылап тұрып айтқанында баланы жер тартып кеткен екен. Айтуға да, жазуға да ауыр... Осы бір тәмсілді қаперде ұстай отырып, маңдайшаны өзгертсек қайтеді? Жиырма жылдан бері бұл сөз өзінің рөлін, қызметін атқарып болған жоқ па, қалай ойлайсыз?.. Оның орнына тілді дамытуға бас­тайтын, шақыратын, рухымызды көтеретін жақсы сөздерді жазсақ-шы. Менің ойыма ылғи Мәшһүр Жүсіптің «Дүниедегі ең асыл – араб тілі, одан кейін – түрк тілі, түрк тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген сөзі оралады. Мәселен, оны ыңғайластырып «Дүниедегі асыл тілдің гауһары – қазақ тілі» деп таңбаласақ кім сөгеді. Ақиқатында алғашқы нұсқа қайырлы-дүр...

– Ұлылардың сөзін өзгертуге болмайды. Ол солай қалуы керек. Ахмет Байтұрсынұлы бұл арада «Тілі жоғалады» деген сөзге басымдық беріп тұр, «Өзі жоғалады» деген сөзге емес. Тілді жоғалтпау қай-қайсымыздың да міндетіміз болып бара жатыр. Күні ертең табиғаттағы, атмосферадағы апаттар секілді үлкен проблемаға айналып кетуі мүмкін. Есімізді жиып, қазірден бастайық. Бүгінгі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бір сөзінде ­«Бастауыш клас­тарды түгел қазақша оқыту керек» дегенді айтып қалды. Сол іске асса күшті болар еді.

– «Ана тілі» оған тіреу бола ала ма, қалай ойлайсыз?

– Алғашқыда тілге деген ықылас жақсырақ еді. «Ана тілінің» жаңа ашылған кезі ғой. Сол кезде төменнен бастап жоғарыға дейін «Ана тілімен» санасатындай көзқарас болатын. Мен сондай бір ықыластың азая бастаған тұсына тап келдім. Бұл жөнінен «Ана тілі» Үкіметке тіреу бола алмайтындай, бүгінгі басшы қазақ тіліне «болмасын» деп ойлайтын адам ба! Жаны ашымайды дейсің бе?.. Тілге деген көзқарасты ел болып, Үкімет қолдап көтермесек болмайды.

Қазақ тілінің мәселесін бір ғана «Ана тілінің» мойнына артып қойған жөн емес. Оған «Қазақ газеттері», жалпы бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары болып жұмылып, бірауызды болып көтеруіміз ­керек. Кезінде бүкіл басылымдарды бір қолға біріктіріп, газет-журналдарды нығайтсақ ­деген ой осы мақсаттан туындаған.

 

«Ана тілінің» атынан ұлттық мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізсем деген ой көкейде қалып қойды

– «Қазақ газеттері» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігін басқар­дыңыз. Бұл сырттай қарағанда сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министр­лігінің Алматыдағы шағын үлгісі сияқты көрінді. Бұл да нарықтың талабына орай жасалған қажеттілік пе еді?

– Ол кез біздің экономикамыздың тұралап тұрған уақыты еді ғой. Бұл ахуал өзді-өзі шығып жатқан газет-журналдарға ауыр тиді. Қаншама жылдық тарихы бар басылымдарға, таралымды көбейтуде дағдарысқа ұшырамауына септігіміз тисе деп ойладық. Ол үшін басылымдардың басын бір жерге біріктіру тиімдірек болды. Ешкімге жалтақтамай, әр газет өз бағытына сәйкес айтарын айтып, жазарын жазса деп ойладық. Бұдан басқа мақсат болған жоқ. Бұл, енді, осыдан жиырма жыл бұрынғы шаруа ғой. Бүгін бұған басқаша қараймын.

– Сол уақытта дәл осыны орындай алмадым-ау деп өкінген, түйін болып іште қалған, іске аспай қалған нақты қай жоспарыңызды айтар едіңіз?

– Тіл туралы ғой. Ана тілі – қазақ тілі, оның қолданысы туралы өткір-өткір мәселелер көтеріп, қазақ тілі жөнінде «Ана тілінің» атынан ұлттық мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізсем деген ой көкейде қалып қойды. Бұл меніңше әлі де өзекті мәселе. Сондай-ақ, орыс мектептеріне қазақ тілін оқытудың бағдарламасын күшейтіп, қайтадан жазу керек.
Тіл мәселесіне келгенде мына жағдай есіме түседі. Қазақ руханиятының ордалары, Ұлттық кітапхананы, Ғылым Академиясын, Абай атындағы опера және балет театрын, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрін ұйымдастырған Темірбек Жүргеновтың тілге жанашырлығын үлгі етуге әбден лайық. Ол кісі Ұлттық музыкаға қатысты бір жиналыс өткізіп жатса керек. Сол жиналысқа қатысып отырғандардың ішінде Евгений Брусиловский мен Қарағандыдан келген Соколов ­деген композитордан басқасының бәрі қазақ. ­Жиналыс қазақша өтіп жатыр. Бір кезде ­Соколов «Кешіріңіз, мен түсінбей отырмын. Орысша айтпас па екенсіз?» дегенде өзі қызуқанды адам, Темірбек Жүргенов үстелдегі портфелін қос қолдап ұстап көтеріп, қайтадан сарт еткізіп қойғанда жұрттың бәрі шошып кетіпті. «Сіз қазақ музыкасын зерттеймін деп отырсыз. Қазақ тілін түсінбесеңіз қалай зерттейсіз?!» деп, әрі қарай қазақша жүргізе берген екен.

Бүгінгі біздің қоғамдағы орыс ұлтының өкілдері дәл сол кездегідей талап қоймайтын болған. Өйткені олар Қазақстан Республикасында Мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін ­мойындап біліп отыр. Ел алдына шығып қазақша сөйлегендердің сөзін бөліп, талап ету кешегі күннің еншісіне кетіп барады. ­Солай ғой!

Осы күні көптің алдында қазақша сөйлеймін дегендер ешкімнен қорықпайды, тек өздерінен өздері қорқады.

Мен бұл сөздің екі түрлі мағынасы барын айтып отырмын. Біріншісі, бұған дейін кейбір шенеуніктер «Қазақша айтсам, кейбіреу түсінбей қалады немесе басқалар орысша сөйлеп жатқанда мен де қалыспайын» деп өз-өзін қор санаса, ал өзгелері «Қазақша сөйлесем мені ешкім тыңдамай қала ма» деп өз-өзінен қуыстанады. Енді біреулері екі сөздің басын қоса алмай «Күлкіге қалам ба» деп қорқады. Сөйте-сөйте, қазақшаға келгенде тілдері «қысқарып», сөз таба алмайды. Ал егер, өзегінен айырылмаған, тілдің мәйегінен арылмаған адам болса ешкімге жалтақтамас еді. Тілге жалтақ адам, әдетте батылсыз келеді. Батылсыз адам қайтіп батып сөйлесін! Оған бала бастан дағдылану керек.

– Сіз шығарған «Бала Би» журналының бір мақсаты тілге баулу емес пе?

– Өте дұрыс айтасың. Қазақта «Болар ­баланы» үлкендердің қатарына қалқайып ілесе бастағаннан бастап сөз билігіне, ел билігіне араластырған. Талай мәрте көпшіліктің алдына тайсалмай шыққан «Бала Билер» ақсақал-қарасақалдарды сөзіне тоқтатқан. Ол, біріншіден, сөздің мәніне, істің ақ-қарасына жетіктігінен болса, екіншіден, адамның зердесіне қона кететіндей орынды, қанатты сөздерімен тоқтата білген. Заман өзгерді, техника озды дегенмен, тілдің өзегі орнында ғой. Қоғамға сай сөйлесе қазақ тілі кез келген дәрежеде қызмет ете алады. Біздің «Бала Би» журналымыз жас балаларды тілге баулу, жақсы, орынды сөйлей білуге үйрету мақсатында ашылған. Онда кешегі Баба Билер мен Дана Билердің, батыр-баһадүрлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бала күндергі айтқан сөздеріне де орын беріледі.

– ...және «Таң – Шолпан» журналын шығарып жатырсыздар...

– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ташкентте Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтер шығарған «Таң» және «Шолпан» журналдарының бүгінгі «Таң – Шолпан» болып шыққан нұсқасы. Шет жағасын өзің де білесің... «Таң – Шолпанның» арғы түбі «Жалын» журналынан. Әбе-ағаң, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ақылымен, ұсынысымен осындай атпен шығардық.

– Әбдіжәміл аға «Ана тіліне» жиі келіп тұрушы еді ғой...

– Сол кезде жасы жетпістен асса да әдебиет, сөз деген киелі нәрселерге аса мұқият, сергек жан. Шаршамай, талмай өз аяғымен іздеп келіп жүретін. Бүгінде жасы 97-ге келді. Әлі де өткен-кеткеннен әңгіме, естелік айтқанда еш жаңылыспайды.

 

 

Әңгімелескен
Раушан Төленқызы

 

Сұқбаттың толық нұсқасымен төмендегі сілтеме бойынша таныса аласыздар: http://anatili.kazgazeta.kz/news/59322

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру