«БӘЛЕКЕЙ» ТҮСІНІГІ ТУРАЛЫ
Яғни ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын игілікті қасиеті. ...Тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен, содан іздеуіміз керек» деп жазады [1, 19-б]. Тілдің нәзік бітімін зергерлік санамен шебер сүзіп, нәрін ұсына алу оңай шаруа емес.
Г.В. Судаков сөздің тарихы туралы пікірінде былай дейді: «История слова – это существование слова во времени, а это значит, что семантика динамична» [2, 5-б]. Кез келген сөз тілде өмір сүре жүріп өзінің тасымалдаушы иесімен (халықпен) тығыз байланысын білдіріп отырады.
Ақиқат дүниенің тілдегі бейнесін тану үлкен тәжірибемен келеді, ұлттың санасына сіңісіп, шынайы болмысын көрсетуге бейім болады. Алайда қоғам өзгерістеріне байланысты, өркениеттенумен орай салт-дәстүрлердің ескіленіп тұтынылмауына байланысты кейбір сөздердің мәдени контекстегі мазмұны көмескі тартып, танылмай, қажет деңгейінде жұмсалмай, семантикалық аясының өзгеріске түсіп, өзгеше танылып жүргені байқалады. Соның бірі бәлекей сөзі.
Қалыпты қолданыста ол қыз сөзімен тіркесіп бәлекей қыз түрінде қолданылады. «Он алты қыз» әніндегі «...Әшекей қыз Айжан-ай, Бәлекей қыз Балжан-ай» деген шумақтар халықтың құлағына сіңісті болған. Осындағы бәлекей көбінесе кішкентай қыз деген ұғымда түсініліп жүр.
Егер сөздің тарихына келсек, түбірі: бәл-е бал-а және -кей. -кей (-қай) жұрнақ, оның кішірейту мәні бар, сонымен қатар әйел адамға қатысты сөзтудырушылық мәні бар (мысалы, құдағай, )
Қазіргі үнділерде baalikaa – келін қыз мағынасында қолданылады. Санскрит сөздігінде baala - ұл (мальчик), baalikaa - қыз (девочка) түрінде қолданылады[3]. Сөздікте қыз ұғымын беру үшін қолданылатын төмендегі сөздерді салыстыру мақсатында қарастырсақ, aatmajaa f - туған қыз (родная дочь), duhit`ar f - туған қыз (дочь), kanyaa f 1) қыз (девочка, девушка) ; 2) туған қыз (дочь), kR^itikaa f - асырап алған қыз (приемная (дочь)). Бұдан көретініміз baalikaa үндінің санскрит тілі сөздігінде кішкентай қыз мағынасында анықталғанмен, оның туған қыз немесе өгей қыз деген мағына беру үшін жұмсалмайтынын көреміз. Сөздікте сонымен қатар қалыпты түсініктегі жар, әйел мағынасын беретін janii f - әйел, жар (женщина, жена), n`aarii f 1) әйел – (женщина); 2) жар (жена), p`atnii f –ханым, жар, зайып (госпожа; жена, супруга), vadhuu f 1) қалыңдық/келін (невеста); 2) жар, зайып (жена, супруга), strii f 1) әйел (женщина); 2) жар (жена) атаулары келтіріледі. Яғни қоғамда қабылданған түсінігіне сай ұғынылатын, жасы тұрмыс құруға жеткен қыз баланың тұрмысқа шыққаннан кейінгі аталуына сай сөздер қатары да бар.
М.Қашқаридың «Түрік сөздігінде» «Бала: көмекші, Адамның шаруасына, әсіресе диқаншылықта жәрдем берген кезде қолданылады. Жәрдем беретін бала»,- деген түсінік берілген [4.(3), 314-б]. Демек, бала түбірінің түркі халқында көмекші деген де мағынасы болғанын көреміз. Сондай-ақ, балу сөздікте балу-балу, әлди-әлди. Қатындардың балаларды бесікке бөлеп, ұйықтату үшін айтылатын сөздері» деген түсінікке ие (сонда). Бұл жерде бала, балу (кішкентай сәби), балу (нәрестеге қаратылған әлди) кіші, жас мағынасындағы атаулар екенін пайымдауға болады. Сондай-ақ, бала (балақай) – бәле (бәлекей), балу сөздеріндегі дауысты дыбыстар өзара сәйкестікке ие.
Татар тілінің этимологиялық сөздігінде «Бәләкәй « малый, маленький»>чув.диал. пелеккей (Сергеев 1986; 49), мар.бӓлӓкӓü «бәләкәй», кырг. белекей «тәбәнәк» <тат. диал. (миш.) балакай «кечкенэ, бала», чаг.аз. балажа, балага «бәләкәй, кечкенэ» к. Бала. Себ. (Тумашева 1992: 171) пәликәйле «бәләкәй» асырым анлатпа сорый» деп беріледі [5, 174-б].
Академик Ә.Қайдардың еңбегінде «Бәлекей – ертеректегі дәстүр бойынша жасы балиғатқа толмай жатып, күйеуге беріліп жіберген кішкентай қыз. Ел ішінде ол жайында: - Бәлекей-ау, Бәлекей, Тапқан балаң қанекей? – Сиыр сауып жүргенде түсіп қалды, әнекей... – деп айтылатын сөздер бар», - деп берілген[5, 323-б].
Дұрысы да – осы. Оның балиғат сөзімен түбірлестігі бар, мұнда балиғат кәмелетке толу, жасы жету деген мәнді береді. Өз бетімен отбасын құрып, жеке атау ретінде өмір сүруге жасы да санасы да жеткен шақ. Ал бәлекей керісінше, сол жасқа жетіңкірмеген, оны түбірден кейінгі –е+кей жұрнағы кішірейтіп білдіріп тұр. Салыстырыңыз: балиғат
Төмендегі 1993 жылы диалектологиялық тәжірибе кезінде информант ретінде қатысқан қарапайым ел адамының бәлекей қыз туралы айтқанына көз жүгіртсек: «Атым – Түймеш. Жасым – 98-де. Әкемнің аты – Ақмырза, руы – Шүрен, Жаман Шүрен. Шешем – Ұлмекен. Ауқатты кісі еді. Еміс-еміс есімде. Жалғыз қызымын. Әке-шешем бірге бір мезгілде қайтыс болды. 7 жаста болатынмын. Содан мені мал-мүлікке қызықты ма, білмеймін, алыс ағайындар «бәлекей қыз» қылып асарап алды. 13 жасқа толғанымда 40 жастағы баласына алып берді...» (жазып алған біз - Н.А.).
Бәлекей қыз – түбінде келін ету мақсатында жастайынан, яки кәмлетке толмай асырап алынған қыз. Сол себепті де ол келін не қыз ұғымының басқа түсініктерінен өзгешеленеді. Бірақ осы түсінігі сөздіктерде қарастырылмаған.
Тағы да бір назар аударарлық мәселе – қазіргі үнді халықтары мәдениетінде осы дәстүрдің сақталғаны. Үндінің «Келін» («Balika» ) телесериалының негізгі мазмұны да немересіне келіншек ретінде алып беруді көздеп, жағдайы төмен отбасынан асырап алынған қыздың тағдыры баяндалады.
Екі ұлт мәдениетінде де бар/болған дәстүр сабақтастығының тамырын дөп басып айту қиын. Үнді мәдениетінен ауысқан дегенді Бабыр билеген кезеңімен байланыстырып қарастыру да негізсіз. Себебі санскрит сөздігінде түсінігі берілген болса, дәстүрдің де үнді мәдениеті үшін тереңнен бүгініне жеткені ақиқат. Ал қазақта қазір дәстүр ретінде тұтынылмайтын, мағынасы ұмыт бола бастаған бәлекей қыз бен үнді халқындағы baalikaa – келін қыз екі түрлі мәдениетте де жетім қалған, болмаса қандай да бір тәуелділік жағдайында асырап алуға берілген қыз деген түсінікті білдіреді. Алған отбасы кәмілетке толғанға дейін шаруасына жәрдем беруге, қолбала ретінде жұмсауға қолайлы бәлекей қызды әрі өз әулетіне үйір етіп, жастайынан үйреніскенін қалаған болуы мүмкін. Оның үстіне бәлекейді кемістігі бар, өздігінен жар табуға мүмкіндігі аз жан үшін немесе жасы үлкен адамға әйел ету үшін алатыны да бар.
Бұдан басқа, осы дәстүрде қалыптасқан отабасының ұрпақтары да аз болатыны байқалады. Оны жоғарыдағы информант әжейдің сөзінің жалғасынан байқаймыз: «...Бар-жоғы екі қызым бар. Ер бала болған, бірақ жасында шетінеп кетті. Бәлекей құрсақ көтеріп жарытушы ма ед... ». Болмаса, жоғарыда берілген мысалға қараңыз: Бәлекей-ау, Бәлекей, Тапқан балаң қанекей? – Сиыр сауып жүргенде түсіп қалды, әнекей...
Бұл барлық жағдайда осылай болады дегенді білдірмейді, әрине. Дегенмен балиғат жасына толмаған жас қыздың денсаулығына келетін нұқсан бәрібір ұрпақ әкелуде өз нәтижесін беретінін жоққа шығара да алмаймыз. Осындай кері әсері болғандықтан дәстүрдің ескілікті түсінік ретінде ығыстырылып шығарылуы да заңдылық секілді. Тілде бар дүние болғандықтан оны түсіндіргенде де шатастырылмауын, қолданыста да өз орнына жүруін қамтамасыз ету үшін тілде көмескілеген мағыналардың басын ашып көрсетуді ғана мақсат еттік.
Соңғы уақыттарда тарихи лексикология, жалпы тіл тарихына қатысты зерттеулер жаңа тілтанымдық парадигма белең алуымен қатысты сиреп кеткен тәрізді. Тілдің тарихи тамырын індете ізденістер жасау мәселесі – тілдің ілгеріде айтқан мұрагерлік қызметінің іске асуының кепілі. Сондықтан да тіл мен тілдесімдік проблемалардың мүддесіне қызмет ететін тіл білімінің түрлі әдістерінің бірін-бірі өзексіздендіруіне тосқауыл болу тілші ғалымдардың бір міндеті болуы тиіс. Тілді зерттеудің тың әдістерінің дәстүрлі әдістермен қатар өмір сүруі ешбір қайшылық тудырмауы қажет. Сайып келгенде, тіл проблемасын шешуге жарақты тарихи әдіс пен тілдесім проблемасын зерттеуге қолайлы жаңа тәсілдер түрлі аспектідегі түрлі зерттеу әдісі екендігін ажыратар мерзім жеткен де секілді. Дәстүрлі тіл ғылымының аясында жасалған іргелі зерттеулердің маңызын насихаттар жағдайға жеткізбей, бар құндылықтарды ұрпақ қажетіне жаратпақ керек. Соның бірі – тарихи лексикология. Әсіресе, жаңа этимологиялық сөздіктер жасақтау, толықтыру, жаңғырту істері жандануы керек-ақ.
В.В.Виноградов тарихи лексикология үшін аса маңызды болып табылатын түсінік сөздің тарихи өмір сүруінің үздіксіздігі деп көрсеткен екен[6, 39-б]. Сөздің дамуы мен оның өзгерісі мейілінше ұзақ уақытқа созылатын процесс болғандықтан оны бақылаудың да мүмкіндіктері шектеулі болмақ. Оған сонау санскрит тіліндегі baalikaa мен қазақ тіліндегі бәлекей сөздеріндегі мағына мен қолданыс ұқсастығы және дәстүр ұштастығы да дәлел.
Нұрлыхан АИТОВА,
филол.ғ. к.,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
ғалым хатшысы
ӘДЕБИЕТТЕР
- Қайдар Ә. Этнолингвистика//Білім және еңбек. – 1985. - №10. – 18-26- бб
- Судаков Г.В. История русского слова. – М., 2010
- Санскритско-русский словарь/ http://scriptures.ru/sanskrit/sr.htm
- Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік): Алматы: ХАНТ., 1998. Т.2. – 600 б.
- Әхмәтьянов Р.Г. Татар теленең этимологик сүзлеге. Ике томда. І том (А-Л). – Казан: Мәгариф – Бакыт. 2015 543 б.
- Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік).- Алматы: Дайк-Пресс, 2009 ж. Т.1 – 784 б.
- Виноградов В.В. Избранные труды. Лексикология и лексикография. –М., 1977. -318 с.
- Qaidar A. Etnolingvistica// Bilim zhane engbek. – 1985. - №10. – 18-26-bb.
- Sudakov G.V. Historia russkogo slovo. – М., 2010
- Sanskritsko-russki slovar/ http://scriptures.ru/sanskrit/sr.htm
- Qashqari M. Turk tilining sozdigi: (Diuani lugat-it-turk): Аlmaty: HANT., 1998. Т.2. – 600 b.
- Ahmetianov R.G. Tatar teleneng etimologik sozlege. Ike tomda. 1 tom (А-L). – Каzan: Мagarif – Bakyt. 2015. 543 b.
- Qaidar A. Qazaqtar ana tili aleminde (etnolingvistikalyk sozdik).- Аlmaty: Daik-Press, 2009 zh. Т.1 – 784 b.
- Vinogradov V.V. Izbrannye Trudy. Lexikologia I ktxsikografia. –М., 1977. -318 s.