Ахмет Байтұрсынұлының энциклопедиясы мен 36 кітаптың тұсаукесері өтті

20.01.2018

Ұлттық академиялық кітапқанада зиялы қауым өкілдері бас қосып, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып, ондағы тіл мәселесіне кеңінен мән берді. Латын әліпбиіне көшудің маңызы мен ел қолдауы сөз болды.

 

«Жалпы, Елбасының Жолдауы жан-жақты талқыланып жатыр. Жолдауда мынадай бір екі фраза бар: Мемлекет басшысы «Қазақ тілін халықаралық деңгейге көтеру» деген мәселені көтерді. Оны қалай көтереміз? Оның қандай жолдары бар? Не істейміз? Екінші мәселе, көп Жолдауларда болған емес, идеал туралы сөз айтты. Өзінің тарихын, тілін , мәдениетін меңгерген, озық ойлы, көзқарасы бар азаматтар қоғамымыздың идеалына айналу керек деген сөз айтылды. Бір сөйлемнің артында көптеген пікірлер жатыр. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде Тіл комитеті біраз жұмыс жасау керек секілді. Мемлекеттік тіл мәселесін тек комитет жұмысы деп қарамай, зиялы қауым, Парламент депутаттары, тіл жанашырлары барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтергені дұрыс деп есептеймін», - деді Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

 

Сонымен қатар сенат депутаты үштілділік мәселесін көтеріп, мектептердегі ахуалға тоқталды. Өз ойын «мемлекеттік тілді үйретуге келгенде мемлекет қаржысын аямауымыз керек» деп түйіндеді.

 

Рас мемлекеттік тілге келгенде мәселенің шырмауы шешілмей тұрғаны анық. Десе де Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының бүгінгі басқосуда жұртшылыққа жария еткен жұмыстары талай тірліктің кезең кезеңімен жасалып жатқандығын көрсетеді. Мәдениеті мен ғылым-білімі дамыған елдің энциклопедия шығарары анық. Ал қазақ халқының ұлы перзенттеріне арналған санаулы ғана энциклопедия жарық көрген. Бүгін міне сол санаулы сан Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының энциклопедиясымен толықты. Сонымен қатар оқу-әдістемелік, анықтамалық, танымдық мазмұндағы 70 кітап шығарылды.

 

 

«Арнайы құрылған комиссия 400 кітаптың 70-ін таңдап алды. Әр саланың кітаптарын саралап отырып, іріктіп алды деп айта аламын. Ең алдымен энциклопедиялық әдебиеттерге тоқталсам, Ахаңа (Ахмет Байтұрсынұлы) арналған энциклопедия. Оған 700 беттен астам материалдар жинақталды. Ахаң туралы, оның еңбектері жайында жазған түгелге дерлік авторлардың барлығы жұмылдырылды. Сонымен қатар «Алаш қозғалысы. Балаларға арналған анықтамалық» атты балаларға арналған екі кітап шығардық. Нақты Алаш қозғалысына қатысты Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қараш, Бейімбет Майлин, Әсет Найманбайұлы секілді Алаштың тұлғаларының шығармалары жинақталды»,- деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығының диреторы Ербол Тілешов.

 

Сондай-ақ, Т.Шонановтың 4-ші, 5-ші томдық шығармалар жинағы, Ш.Айтматовтың "Тау құлаған романы" (аударған Н.Қами), Ш.Құрманбайұлының "Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы" кітабы, «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешені, «Оқу құралы + мультимедиялық бағдарламасы (СД диск)», «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешені, «Украин тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік құрал», «Балаларға базарлық» (Ана тілін үйрету құралдары), «Сөз сыны», «Қазақстанның 700 тарихи орыны» жинақтары, «Алаш қозғалысы» жинағы, «Алаш қозғалысы. Балаларға арналған анықтамалық», «Әдістеме әлемінде» (ғылыми-әдістемелік жинақ), «Астанаға қош келдіңіз! Тілдескіш» кітабының испан-қытай-араб-ағылшын тілдеріне арналған нұсқалары, т.б. туындылар оқырманға жол тартты.

 

Шара барысында Тілдерді дамыту комитетінің тапсырысымен дайындалған Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп жүрген «Енші» зияткерлік-танымдық телесайысы мен балаларға арналған «Сөз қасынасы» анимациялық фильмі таныстырылды.

 

«Енші» зияткелік-танымдық сайысына 1200-ден астам талапкер өз өтініштерін білдірді. Еліміздің бес аймағы (Ақтау, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Алматы) мен Астана қаласында іріктеу турлары өткізілді. Өзге өңірлер үшін онлайын іріктеу ұйымдастырылды. Нәтижесінде 48 үміткер телесайыс жолдамасын иемденді. Қазіргі таңда бағдарлама Ұлттық арна эфирінен беріліп отыр. Дәл қазіргі уақытта зияткерлік сайыстың 9 шығарылымы эфирде. Ал «Сөз қазынасы» анимациялық фильмі «Балапан» арнасынан көрсетілетін болады»,- деді Е.Тілешов.

 

Тілдерді дамыту комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының көпшілікке ұсынар тартуы мұнымен бітпеді. Шара соңында жаңадан іске қосылған үш сайттың да тұсауы кесілді. Атап айтар болсақ, үштілде ақпарат таратып, тіл үйренуге арналған «TilMedia.kz», құжат айналымына қолғбыс ететін «Qujat.kz», балалардың қазақ тіліндегі қызықты әрі көңілді әлеміне айналған «balatili.kz" сайттары таныстырылып, ел игілігіне ұсынылды. Ақпараттық қоғамда қазақ тілінің аудиториясын арттыратын аталған сайттарға зиялы қауым өкілдері оң бағасын берді. Олар сайттардың білім беру мекемелерінде де кеңінен қолданылуын, оларды оқу-әдістемелік құрал ретінде енгізуін Білім және ғылым министрлігімен бірлесе орытып қарастыру қажеттігін айтты.

 

 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру