РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

28.09.2021

2021 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режімде «Терминдерді біріздендіру: лингвистикалық және заңнамалық  негізі» атты республикалық әдістемелік семинар өтті.

Комитет төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзінде мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қоғамдық, ғылыми функцияларының қолданыс аясын кеңейту және әлеуетін күшейтуде ұлттық терминологияны дамытудың маңызы ерекше екендігіне тоқталды. Осы ретте саладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін  лингвистикалық және құқықтық тұрғыдан реттеу жұмыстарын жүйелендіру қажет екенін және терминжасамның критерий, қағидаттары мен қағидаларын бекіту алдағы уақытта терминдерді біріздендірудің негізіне айналатынын атап көрсетті.

Семинар барысында шетелдік тәжірибе мен саладағы проблемаларды зерделей отырып әзірленген «Қазақстан Республикасында терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидаларының» жобасы таныстырылып, жан-жақты талқыланды. Қағидалар арқылы терминологиялық жұмыстарды жаңа сапалық деңгейде ұйымдастыру мүмкіндіктері айқындалады деп күтілуде.

Іс-шарада «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Төл терминдер мен кірме терминдерді үлгілеу, біріздендіру, стандарттау мәселелері» тақырыбына тоқталды.

Ал ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Маханбетұлы Примашев «Терминологиялық жұмыстарды құқықтық реттеу мәселелері» тақырыбындағы баяндамасында қағидаларды әзірлеудің талаптарына тоқталып, жобаны жетілдіруге ұсыныстар берді.

Бұдан кейін сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының басшысы, ф.ғ.к., доцент Сәрсенбай Қуантайұлы Құлманов «Терминологиялық жұмыстарды жүргізудің шетелдік тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.

Негізгі баяндамашылармен бірге «ТС ғылыми-техникалық компаниясы» ЖШС директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Сейсенбекұлы Жөнкешов, терминтанушы Серік Ерғали құнды пікірлерімен бөлісіп, терминология саласының емле ережелері, қағидаттары, жалпы саланы дамыту бойынша тұшымды ұсыныстарын берді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру