Шетелдегі ағайын қазақ тілін ұмытпасын деп...

04.02.2022

Соңғы деректерге сүйенсек, шетелде жеті миллиондай этникалық қазақ тұрады. Бұл деректерді 2020 жылы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы көші-қон процестерін реттеу туралы заң жобасын талқылау кезінде айтқан болатын. Одан бері бұл сан өзгерген де болар. Жалпы шетелде тұратын қазақтардың ­санын тап басып айтқан дерек табу қиын. Жә, бұл басқа мәселе... Бүгін айтқымыз келетіні – сол этникалық қазақтардың ана тілін қаншалықты біліп-білмейтіні. Олар тұрғылықты өлкесіндегі ұлтпен ассимиляцияға ұшырап, тілін, тілімен бірге ұлттық менталитетін жоғалтып жатқан жоқ па? Жоғалтпауы үшін не істеліп жатыр? Осы сауал төңірегінде дерек жинауға тырыстық.

Қаққан есігіміз – Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. Әдістеме басқармасының басшысы Айгүл Орманова сауалдарымызды тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Айтуынша, 2020 жылы осы мақсатта «Абай институты» жобасы қолға алынған.

«Бұл жобаның негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ диаспоралары мен ирреденттерге қазақ тілін үйрету, қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеу, ұлттық мәдениетіміз бен құн­ды­лықтарымыздан хабардар ету және Абай Құнанбайұлының өмірі мен шы­ғармашылығын насихаттау», – дейді Айгүл Әділбекқызы.

2020 жылы жоба аясында АҚШ, Бельгия, Иран, Түркия, Ресей сынды бес мемлекетте қазақ тілін үйрететін офлайн сыныптар ашылған. Осы елдерде барлығы 56 адам қазақ тілін үйренген. Айгүл Әділбекқызының айтуынша, курсқа өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытқан.

Ал былтыр, өкінішке қарай, АҚШ-тағы курстар уақытша тоқтап қалған. Есесіне, Франция, Германия, Моңғолияда офлайн сыныптар ашылыпты. Осы жеті мемлекетте 100-ге жуық қандасымыз қазақ тілінің А1 және А2 деңгейлерін үйренген.

Тіл үйренушілердің қатары қарайған сайын оларды оқуты әдістемесін жетілдіру, қажетті оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі ортаға шығатыны сөзсіз. Осы орайда былтыр «Абай институты» жобасы аясында «Шетелдегі қандастарға арналған қазақ тілі» оқулығы (А1 және А2 деңгейі) құрастырылып, түрік, орыс және ағылшын тілдеріне аударылған. Сонымен қатар, сабақ барысында «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығынан шыққан «500 сөз», «900 сөз», «1200 сөз», «1500 сөз» деп аталатын оқулықтар да қолданылады екен.

«Сондай-ақ осы тіл үйрету ор­талық­тарының оқытушылары үшін бірнеше рет біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырдық. Олар Зейнехан Күзекова, Айдар Балабеков, Нұрлыгүл Дәулеткереева, Таңат Аяпова, Ләззат Бейсенбаева сынды үздік әдіскерлерден және өңірлік тіл оқыту орталықтарында қазақ тілін үйретіп жүрген әдіскер-педагогтарымыздан дәріс тыңдап, тәжірибе алмасты», – деп толықтырды Айгүл Орманова.

Ирандағы курс оқытушысы Асқар Исаұлының айтуынша, қандастарға қазақ тілін үйрету жобасы – атажұртынан алыс ағайын үшін үлкен қолдау мен қамқорлықтың белгісі.

«Біз 2021 жылда көп жетістікке жеттік. «Отандастар» қорының техникалық көмегімен және «Тіл-Қазына» орталы­ғының әдістемелік көмегімен Ирандағы елуден астам адамға қазақ тілін үйреттік. Биыл да жаңа жоспар, жаңа әдіс­те­мелермен ана тіліміздің деңгейін әлемдік дең­гейге көтереміз деген ойдамыз», – дейді Асқар Исаұлы.

Биыл тағы үш елде офлайн сынып ашу жоспарланған екен.

«Бұрын Түркияның Ыстанбұл қаласында ғана курсымыз болса, енді Анкарадан да ашайын деп отырмыз. Ресейде тек Омбы қаласын қамтыған едік, енді Орынбор қаласы қатарға қосылады. Сондай-ақ АҚШ-тағы офлайн сыныптың жұмысы қайта жанданады», – деп түйіндеді Айгүл Орманова.

Көкейдегі һәм қойындәптердегі сауалдарға жауап таптық. Шеттегі ағайын ана тілін ұмытпасын деп шырылдайтындар және шара қабылдайтындар бар екен. Енді нәтижесін көріп бір қуансақ...

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру