Н мен Ң-ды ажыратудың ең тиімді 3 жолы

13.08.2017

    Қазіргі күні оқушылардың, жас жеткіншектердің арасында «н» мен «ң-ды» ажырата алмаушылар көбейді. Оның себебі неде деп алаңдайтын адамдар да көрінбейтін сынды. Әсіресе, мектеп оқушылары «ң» дыбысын айта алмадым деп түкте қиналмайды. Керісінше мақтаныш санайтындай көрінеді. Ал мектепті үздік бітіріп, әлгі дыбысты айта алмаймын деп тұрғанда, талап қайда кеткен, ұcтаздар не оқытты дерсің!

     

     Бірақ оны мұғалім оқытсын, ата-ана үйретсін деп қатып қалған дүние жоқ. Талпынған адам өзі-ақ күнделікті тілін жаттықтырып, үйреніп алуына болады. Ол үшін мына тиімді әдістер көмектеседі деген сенімдемін:

 

     Дыбыстарды айтқан кезде, оның қалай жасалғанына, яғни ауаның ауыз қуысынан қалай шыққандығына мән беріңіз. Мәселен, "н" дыбысын айтыңыз да, оны дыбыстаған кезде, ауыз қуысында болған әрекеттерді сипаттаңыз. Яғни тілдің ұшы тіске тиеді.

 

     Ал енді "ң-ды" айтып көріңіз. Тіл кері (артқа қарай) шегінеді.

 

     Дыбыстардың жасалуының өзінде едәуір айырмашылық бар.

 

     Дыбыстарды жеке-жеке тағы да қайталап айтыңыз. Және де мұқият өз дауысыңызды тыңдаңыз. "н" дыбысын айтқанда, "н-дан" кейін "ы" дыбысы қосарлана естіледі. Яғни "ны" түріндегідей, бұл жазылуы емес, естігеніміз.

 

     Ал "ң" дыбысын айтқан кезде, керісінше "ы" дыбысы «ң-ның» алдына шығып кетеді. Яғни «ың» түрінде. "Ы" дыбысының көмегімен дыбыстарды оңай ажыратуға болады деген сөз.

 

     Кейбір әдістерде "ң" дыбысы сөздерде аз кездеседі, сол себепті мұндай сөздерді жаттап алып-ақ үйренуге болады деп жатады. Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен барлық сөзді емес, сол сөздің түбірін ғана жаттап алсаңыз, жетіп жатқаны. Сол түбірден өрбіген сөздердің мағынасы бірдей болмағанымен, дыбысталуы бірдей келіп, бір сөздің қайта қайталануын көріп отырсыздар.

 

     Мысалы, жаңа – жаңалық, жаңаша, жаңашыл;

 

     Жең – жеңіл, жеңілдік, жеңілтек, жеңіс, жеңімпаз, жеңге;

 

     Тың – тыңда, тыңдалым, тыңшы, тыңайт, тыңайтқыш, тыңғылықты және т.б.;

     

     Таң – таңғы, таңертең, таңшолпан, таңба, таңдай, таңғажайып, таңда, таңдау және т.б.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру